19.04.2026
13:14
855
Жаңалықтар

Айналаң толы адам, бірақ жаның жабырқаулы: үлкен қаладағы жалғыздықты қалай жеңеміз?

Автобус лық толған адам, жұмыста да әріптестердің ортасында отырасың, көшеде де серуендеп жүрген жан көп, бірақ сол көптің арасында да адам өзін жалғыз сезінетін кездер болады.

Қазақта «Жалғыздық тек Құдайға жарасады» деген сөз бар. Расында да, бұрынғы қазақ қоғамында жалғыз қалу сирек құбылыс еді: ауыл-аймақ, ағайын-туыс, көрші-қолаң – бәрінің тіршілігі бір-бірімен біте қайнасып, бір-біріне сүйеніш боп өмір сүретін. Ал бүгінгі қала тіршілігінде адам саны көбейгенімен, арадағы шынайы байланыс әлсіреп бара жатқандай.

Бірақ жалғыздық дегеніміз – өз-өзіңмен ғана қалып қою емес, керісінше, топтың арасында отырып та жаныңның жабырқауы. Жаныңда біреу бар ма, жоқ па, мәселе онда да емес, мәселе – сол адамдармен шынайы байланыс орната алуыңда.

Жалғыздық: урбанизацияның әсері қандай?

Мамандар жалғыздықты жай ғана «жалғыз қалу» деп қарамайды. Алматы қаласындағы перинаталдық орталықтың психологы Гүлнара Досжанова бұл ұғымды былай деп түсіндіреді:

Жалғыздық – жаныңда адамдардың болмауы емес, сенімге негізделген қарым-қатынастың жоқтығы.  

Яғни адам көптің ортасында жүрсе де, өзін ешкімге керексіз сезінуі мүмкін.

Психологтың айтуынша, жалғыздықты бекерден-бекер «XXI ғасырдың індеті» деп атамайды. Өйткені қазіргі қоғам адамның психикасына үздіксіз қысым түсіреді.

Жұмыс ауырлап, өмір тек күнкөріске айналғанда, көп адамның шынайы сөйлесуге де, араласуға да күші мен уақыты қалмайды. Сол себепті адамдар бір-бірінен алыстап, қарым-қатынас формалды сипатқа ғана көшіп барады. Ал мұның соңы жалғыздық сезімін ушықтырады, – дейді маман.

Бұл құбылысты әлеуметтанушылар да растайды. Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Салықжанов қала өмірінің адамдарды бір-бірінен алыстатып жатқанын айтады:

Бұрын адамдар көршімен, туыспен, таныспен табиғи түрде араласатын.  Ал қазір жағдай мүлде басқаша. Қала тұрғындарының басым бөлігі күннің көп бөлігін жұмыста өткізеді. Кейбірі тіпті бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Мұндай өмір салты адамға тек физикалық емес, эмоционалдық тұрғыдан да ауырлық түсіреді. Мұндай қарбаласта адамның өзін де, өзгені де тыңдауға уақыты жетпейді, – дейді Рамазан Салықжанов.

Нәтижесінде терең қарым-қатынас сирейді, адамдар бір-біріне суып кетеді. Байланыстың көбіне жұмыс, хобби немесе белгілі бір қажеттілік аясында ғана қалып қою да сондықтан.

Жастар неге жиі жалғызсырайды?

Эксетер университетінің зерттеулер көрсеткендей, жалғыздықты көбіне жастар тереңірек сезінеді екен. Адам неғұрлым ересек болса, соғұрлым оның өзін жалғыз сезінуі де сирейді. Ал жастардың адамдармен қарым-қатынасқа деген көзқарасы бөлек. Бұған технологияның қарыштап дамуы да әсер етіп жатқаны анық.

Жастарға әлеуметтік қарым-қатынас үшін технологияларды пайдаланған әлдеқайда ыңғайлы. Бірақ технология қарым-қатынас ауқымын кеңейту үшін емес, оны алмастырушы құрал ретінде ғана пайдаланылса, ол жалғыздық мәселесін шешпейді, қайта ушықтырады, – дейді психолог Досжанова.

Онлайн байланыс:

  • эмоцияны толық жеткізбейді
  • шынайы әсер қалдырмайды
  • терең әңгімеге мүмкіндік бермейді

Сондықтан экран арқылы сөйлесу адамның ішкі қажеттілігін толық қанағаттандырмайды.

Жалғыздықтың тамыры қайда?

Қала өмірінде жиі кездесетін тағы бір жағдай – адамдардың бірге бола тұра, шын мәнінде әртүрлі әлемде өмір сүруі. Айналаңда адам көп, бірақ сөйлесетін адам жоқ сияқты. Себебі әңгімелесудің басты міндеті – жай сөз алмасу емес, ол – ең алдымен тыңдау, ой алмасу, түсіну және сезіну. Ал қазіргі қарбаласта бір-біріне құлақ асып, шынайы сыр тарқатысуға адамдардың уақыты да, ниеті де жоқ. Қарым-қатынастың өзі тым үстірт болып кеткені рас.

Жалғыздық көбіне адамның ішкі дүниесінен басталады. Оның негізгі себептері:

  • қабылданбаудан қорқу
  • өзін жеткіліксіз сезіну
  • өзгелерге ашыла алмау

Бұл сезімдер көп жағдайда балалық шақта қалыптасады. Егер адам өзін қауіпсіз сезінбесе, кейін ол да адамдардан алыстауы мүмкін.

Ал ғылыми зерттеулер жалғыздықтың тек эмоция емес екенін көрсетеді. Ол мида физикалық ауырсынумен бірдей реакция тудырады, яғни жалғыздық – нақты психофизиологиялық құбылыс.

Жалғыздық пен оңаша қалу: айырмашылығы қандай?

Көп жағдайда адамдар жалғыздықты оңаша қалумен шатастырады. Бірақ айырмашылық бар:

  • Оңаша қалу – саналы таңдау, демалу
  • Жалғыздық – адамның бойында мазасыздық тудыратын ауыр күй
  • Оңаша қалу адамға тыныштық сыйласа, жалғыздық, керісінше, іштей өзіңді қуыс кеуде сезіндіреді.

Мамандар жалғыздықтың пайдалы тұсы бар екенін де айтады. Белгілі бір кезеңде адам жалғыз қалып, өзін жақсырақ тануға, не қалайтынын түсінуге мүмкіндік алып, өмірлік бағытын анықтауы мүмкін.

Кейде адамдар мұндай кезеңді өміріндегі маңызды бұрылыс деп бағалап жатады. Бірақ бұл ұзаққа созылмауы тиіс. Себебі толық оқшаулану түпкі мәселені шешпейді.

Клиникалық психолог Анна Тихонова жалғыздықтың түбінде жаныңа жақын адамыңмен байланысқа деген мұқтаждық жатады деп түсіндіреді.

Жалғыздықтың ішінде шын мәнінде біреумен шынайы болуға деген үлкен мұқтаждық жасырынып жатады, яғни бұл – байланысқа деген ішкі сұраныс. Кейде бәрі тыныштықты бос әуремен толтырмауды үйренуден басталады, – дейді психолог.  

Рас, іштегі жалғыздықтан қашу үшін оны телефон, әлеуметтік желі, видео қарау секілді бос әрекеттермен толтыруға тырысамыз. Бірақ  бұл уақытша ғана әсер.

Мамандар жалғыздықты жеңудің нақты жолдарын ұсынады:

  • қарым-қатынастың сапасына мән беру
  • адамдарды тыңдай білу
  • экраннан тыс араласу
  • эмоцияны жасырмай, ашық айту
  • ортақ қызығушылық арқылы адамдар табу

Кейде жалғыздықты жеңу үшін көршіңізбен амандасып, әріптестеріңіздің жай ғана хал-жағдайын сұрау да жеткілікті болуы мүмкін. Кейде жұмысбастылық, технология, өмір ырғағын сылтауратып жүріп, іштей қоғамнан оқшауланғанымызды түсінбей қалып жатамыз. Дегенмен бұл өзгертуге болмайтын процесс емес, өйткені адамның табиғаты қарым-қатынас арқылы өмір сүруге үндейді, адам қоғам мүшесі болу арқылы ғана дамыды. Ендеше сол қоғамнан жырақ қалмауды қайта үйрену керек.