Әйелдің мықтылығы – қандай жағдайда да өз болмысын сақтап қалуында – Динара Болат

Әйелдің мықтылығы – қандай жағдайда да өз болмысын сақтап қалуында – Динара Болат

Көктем Қарқын
Фото: Динара Болат парақшасынан

Қазақ әйелдеріне «өз уақыты» мен өзіне көңіл бөлудің маңызын түсіндіріп жүрген жанның бірі – Динара Болат. Ол осы уақытқа дейін қыз-келіншектердің қоғамдағы орны, әйелдің өз болмысын сақтауы, ана болу, бала тәрбиесі, ішкі еркіндік пен өзін дамыту мәселелерін көтеріп келеді. «Өмірге шексіз ғашық», «Соңына дейін әйел» кітаптарының авторы, блогер Динара Болат El.kz YouTube арнасына сұхбат берді.

– Малайзиядағы өмірден бастасақ. Жақында отбасыңызбен Малайзияда бір жарым жыл тұрып, елге оралдыңыз. Шетелге көшкісі келетін қазақ көп. Басқа елде тұрып, елге оралған адам ретінде айтарыңыз, осы тәжірибеден түйгеніңіз қандай?

– Иә, Малайзияда бір жарым жыл тұрып келдік. Ол жаққа барғандағы бірінші мақсатымыз балаларды оқыту болды. Ұзаққа қаламыз ба деген ой да болған. Бірақ елге оралуды жөн санадық. Оған бірнеше себеп бар.

Сол жаққа барғанда ыстықта ұзақ тұра алмайтынымды түсіндім. Қазақ даласының ДНҚ-сы бойыма сіңіп кеткен бе, мен үшін жылдың төрт мезгілі, саф таза ауасы мен желі өте қажет екен.

Шетелге көшкісі келетін оқырмандарымнан әлі де хаттар келіп жатыр. Ол жақта өмір сүру бізге қарағанда сәл арзан. Халықаралық мектептердің беретін мүмкіндіктері зор. Бірақ көшкісі келетін әр адам алдын ала барып, 2-3 ай тұрып көруі керек. Шешімді содан кейін қабылдағаны жөн.

Мен үйін, көлігін сатып, сол жаққа түбегейлі көшкен талай қазақты көрдім. Бірақ Малайзия жақпай, елге қайта көшуге мәжбүр болғандар да бар.

Әр елдің өз ерекшелігі бар. Малайзия – исламға бет бұрған, дінді қатаң ұстанатын қазақтарға ыңғайлы ел. Ал зайырлы, еркін адамдар тұрмыс-тіршілік үшін еркін ауданды таңдағаны жөн. Ол жақ көпұлтты. Әр ұлттың өз тұратын ауданы бар.

– Ал күні кеше қызыңыз Саиданы шетелге оқуға шығарып салдыңыз. Ана ретінде баланыңызды алысқа жіберуге, есейіп сізден алыстауына дайын бе едіңіз? Балаларын алысқа жіберетін аналарға кеңесіңіз болса?

– Қызымды оқуға шығарып салдым. Қимастық сезімі болды. Кезінде «балаға бауыр баспаңдар, түбі бала кетеді, бала сепарациядан өтуі керек» деген тақырыптарды жиі қозғайтын мен едім. «Әдемі қарттыққа дайындалыңыздар» деп те айтып жүретінмін.

Қанша өзім іштей дайын болғанмен, баланы жіберу оңай емес. Оның ішінде тұңғыш баланы жіберу тіпті қиын екен.

– Жақында трэдстен студенттің: «Ата-анам ақылы оқытамыз дейді. Бірақ кейін «сені оқытқанбыз» деп міндетсінгендерін қаламаймын» деген сөзін оқыдым. Біздің қоғам баланың ата-ана алдындағы міндетін көп айтады. Ал ата-ананың бала алдындағы міндеті туралы неге аз айтылады?

– Бұл жағдай әр екінші қазақ қызының басында бар. Менің басымнан да өткен.

Кезінде грантқа түсіп, ішімде Алматыға кету арманы болса да, Оралда қалып қойғанмын. Ол арманымды ата-анам да білмеді. Тіс жарып айтпағанмын. Өзім іштей шешім қабылдадым. Себебі ата-анама жүк боламын деген қорқыныш болды.

Кейін ана болғаннан кейін салыстырып қарасам, баланы оқыту, жағдайын жасау, аяққа нық тұрғанға дейін қолдау – ата-ананың тікелей міндеті.

Сондықтан жастарға қорықпай, үлкен қадам жасау керек дер едім. Ал ата-анадан көмек сұрауға ұялмау керек.

– Бірнеше жыл бұрын оқырман жинау үшін таргет жасатпайтыныңызды айтқан едіңіз.Содан бері оқырмандарыңыздың саны он есе өсіп, 100 мыңға жетті. Блог бастауыңызға не түрткі болды? Осы аудиторияны органикалық жолмен өсірудің сыры неде?

– Instagram парақшасын ашқаныма шамамен 13-14 жыл болды. Бұл ішкі қажеттіліктен туындаған еді. Бұрын журналист болдым. Одан кейін Facebook-те отырдым. Ол жақ сыншыл, міншіл болып кеткен кезде позитив іздедім.

Себебі баламен үйде отырған соң, декреттік депрессиядан шығудың амалын іздеп, ішімдегі ойларыммен бөлісуім керек болды. Жазбаларымның астына пікір қалдыратын қыз-келіншектердің ойы менікімен ұштасты. Мұндай мәселелердің айтылуы керек екенін түсіндім.

Әйел адамның бақыты, одан кейін саяхат жайлы жазып жүрдім. Қамтып жүрген тақырыптарым табиғи түрде өздігінен өсіп кетті. Содан кейін блогер ретінде таныла бастадым.

Бірақ блогерлер нарығында қазақтілді блогерлерді аса менсінбейтін. «Сіздердің арттарыңызда қара, сауатсыз халық, ақша төлеуге жарамсыз халық. Сіздерге жарнама да жоқ» деп қарайтын.

Іс-шарада 10 орыстілді блогер жүрсе, 2-3 қазақтілді блогер жүретін. Содан мен намысқа тырыстым. Әрине, қазақтілді жазбалар өтпейтін, көп лайк жинамайтын. Ал орыстілді жазбалар мен жеңіл ойлы жазбалар оңай өтетін.

Соған қарамастан, сапа үшін жұмыс істедім. Бізді менсінбей жүрген нарық үшін тырыстым.

– Сіздің оқырмандарыңыз да өзіңіз сияқты өмірдің жарқын жақтарын көретін, позитивті әйелдер. Бірде ауылдағы бір келіншек сізге: «Мен де қалада тұрсам, өзіме қарап, әдемі болып жүрер едім» дегенге ұқсас пікір жазған екен. Сіз сол кезде адамдардың ауыл, қала деп бөлінбейтінін айттыңыз. Жалпы әйел адамның өзін өзгелермен салыстыруы қашан тоқтайды?

– «Мен сіз сияқты қалада авокадо жеп, сурет салғым келеді» деген пікір ертеде жазылған. Сол кезде мен: «Ауылда тұрсам, сүт тартатын машинадан ағып жатқан қаймақтың өзін әдемі түсіріп, Instagram-ға салар едім» деп айтқанмын. Соның өзінде эстетика бар. Ауылда күннің батысы мен таңның атуында да эстетика бар дегенмін.

Бірақ кейін ауылдағы тұрмыс-тіршілікті көрсететін керемет блогерлер, мобилографтар пайда болды.

Қала мен ауылдың арасы жақындады. Әр жерден сұлулық табуға болады. Әрине, қаладағы келіншектерде қонақ, тума-туыс күту жоқ шығар. Ал ауылдағы қыз-келіншектердің сол жағдайларға байланысты қолы тимейтін шығар.

Бірақ қазір салыстыру әлеуметтік желі арқылы жүріп жатыр. Сол салыстырудың да артықшылығы бар. «Мен неге өзіме уақыт арнамасқа, кәсіп ашып көрмеске?» деп позитивті тұрғыда салыстырып, өзіне қажетін алса деймін.

Себебі мен де ауылдың қызымын. Оралдан Астанаға келдім. Астанада да бірден жарқырап кеткенім жоқ. Саяхаттың өзіндегі талғамды шетелдік тревел-блогерлерді көріп жүріп қалыптастырдым. Олар көрсеткен жерлерді, фотоға түскен орындарды түртіп алып жүрдім.

– Енді әйелдің өзіне деген көзқарасына келсек. Адамның талғамы туа қалыптаса ма, әлде жүре келе пайда бола ма?

– «Талғам туа бітеді» дегенге келіспеймін. Мүмкін, кейбір адамдар тумысынан сондай шығар. Бірақ заман өзгерген сайын талғам да өзгереді.

Адамның ішінде сұлулыққа ұмтылыс, кірпияздық, кербездік қасиеттері туа бітуі мүмкін. Бірақ ол қасиеттерді ашатын көрініске кездеспей, сәйкес білім алмай, дәл сол қасиеттер лайық деңгейде ашылмайды. Сондықтан талғам жүре бара қалыптасады.

Оны қалыптастыратын тегін құрал да бар. Ол – табиғат. Табиғаттың өзінде бәрі үйлесімді, өте әсем: түстердің үйлесімі, формалардың үйлесімі.

«Ұмтыламын, жасаймын» деген адамға мүмкіндік тегін. Талғамды қалыптастыру үшін ішкі тазалық, ішкі ұмтылыс болуы керек.

– Өзін күтіп, баптап әдемі киініп жүретін қыз-келіншектер қоғамда әртүрлі қабылданады. Сіздің әйелдің жарқырап жүруіне тілекші екеніңізді «Соңына дейін әйел» кітабыңыздан білеміз. Осы жайлы ойды тарқатып берсеңіз.

– «Соңына дейін әйел» кітабын жазудың екі мақсаты болды.

Біріншіден, әйел адамның тағдыры әртүрлі. Әркімнің өз мұңы бар. Біз көрген бұрынғы аналарымыз бен апаларымыз ерте қартайып, өздеріне қарамайтын. Ылғи шаршап жүретіндерін көргенбіз. Бұл жерде түр емес, мінездің, тілдің бұзылуы туралы айтып отырмын. Соны азайтуға өз үлесімді қоссам деген мақсат болды.

Себебі өмірде түрлі жағдай болады. Бірақ әйелдің мықтылығы жағдайларға мойынсұнып өту емес. Әйелдің мықтылығы – қандай жағдайда да өз болмысын сақтап, өмірден әдемі өту.

Мен балаларымның есінде шаршамаған, жарқырап жүрген, тілі, мінезі, сөзі бұзылмаған, көркем, халық сүйсінген әдемі әйел, ана болып есте сақталсам деген арман-мақсатым бар.

«Менің анам өзіне мүлдем қарамайды, көйлек алып берейін десем, бас тартады» деген мазмұнда талай хат алдым. Ол буынды қатты өзгерте алмаймыз. Бірақ өзіміз сол шаршаған әйелдерге айналып кетпеуіміз үшін әйел өзін күтіп, баптап жүруі міндетті.

Ал өзін күтіп, қызыл далаппен ернін бояп, саяхаттап жүрген, тірліктің арасында жұтылып кетпеген, өзін сақтауға тырысып жүрген әйелдерге «жеңілтек», «басқа біреудің көңілін аударғысы келіп жүр» деген ұсақ әңгіме айтпай, қолдап, жағдай жасап, қолпаштасақ екен.

Мен жарқырап жүрген қыз-келіншек көрсем, міндетті түрде комплимент айтамын. Шаршаған таныстарым мен сіңілілеріме қолдау көрсетемін. Бұл – жанашырлықтан.

– Әңгімеңізге рақмет!

Оқи отырыңыз

{