Спорт

Айбек пен Нұрбек Оралбайлар: боксқа кездейсоқ келіп, әлемді бағындырған егіз

11.06.2026 17:47
Амангүл Тілейқызы
Фото: Коллаж El.kz

Қазақ спортында егіз чемпиондар көп емес. Ал әлемдік рингте ел намысын қатар қорғап, Олимпиада мен әлем чемпионаттарының жүлдесіне таласып жүрген ағайындылар тіпті саусақпен санарлық. Нұрбек пен Айбек Оралбай – сол сирек құбылыстың жарқын көрінісі. Бірі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанса, екіншісі әлем чемпионы болды. Бүгін 26 жасқа толған ағайындылардың табысқа жету тарихына көз жүгіртіп көрдік.

Боксқа кездейсоқ келген чемпиондар

Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбай 2000 жылдың 11 маусымында дүниеге келген. Егіздердің балалық шағы қарапайым қазақ отбасында өтті. Әкелері Рахат Оралбай кезінде еркін күреспен айналысқан. Кейін отбасының жағдайын жасау үшін бірнеше жұмысты қатар атқарып, күн-түн демей еңбек еткен. Анасы мектепте тазалықшы болып жұмыс істеді.

Оралбайлар отбасы Тараз өңірінен елордаға қоныс аударып, жаңа өмір бастауға талпынды. Қаржылық қиындықтар жиі кездескенімен, ата-анасы балаларын спорттан қол үздірмеді. 

Бүгінде Рахат Оралбай ұлдарының чемпиондық жолын еске алғанда бәрі кездейсоқ басталғанын айтады. Өзі еркін күрестен спорт шебері болғандықтан, бастапқыда балаларын күреске бергісі келген.

жеке мұрағат 

Ең алдымен, ұлдарымның бала кезінен спортқа жақын болғанын айту керек. Өзім еркін күрестен спорт шеберімін. Сол себепті балаларымды да күреске баулығым келді. Алғашында еркін күреске бергенмін. Кейін олардың боксқа ерекше қызығушылығы бар екенін түсіндім, – дейді Рахат Оралбай.

Шешуші сәттердің бірі Астанадағы спорт кешенінде болды. Ұлдарын күрес үйірмесіне апарған әкеге жас бапкер Асқар Еркебаев жолығып, балаларды боксқа шақырады.

Күрес жоқ екен. Боксқа тегін қатыса берсін. Егіздерді әлем чемпионы етемін, – деген екен жаттықтырушы.

Сол кезде бұл сөз көпшілікке арман болып көрінген шығар. Бірақ арада бірнеше жыл өткенде ол уәде шындыққа айналды.

Бір-бірінен ажырамаған егіздер

Нұрбек пен Айбектің арасындағы байланыс ерекше. Олар бала кезден бірге өсіп, бірге жаттықты, бірге жеңілді және бірге жеңді.

Туылғаннан бері бөлініп көрген жоқпыз, – деген еді Айбек сұхбаттарының бірінде.

Тіпті бокстағы алғашқы жарыстардың өзінде олар бір-бірінің жетістігіне қуанып, сәтсіздігіне бірге алаңдайтын. Нұрбек алғашында футболшы болуды армандаған. Алайда уақыт өте келе бокс өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Кейін екеуі де Қазақстан құрамасының көшбасшыларына айналды.

жеке мұрағат 

Егіздердің есімдерін әпкелері Мөлдір қойған. Сол кезде небәрі алты жаста болған қыз бала аулада ойнап жүрген балалардың аттарын ұнатып, бауырларына Айбек пен Нұрбек деген есімдерді таңдапты.

Анасының бір ауыз сөзі Нұрбекті әлем чемпионы етті

2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионаты Нұрбек үшін ерекше турнир болды.

Жарыс барысында Айбек жүлдеден ертерек тыс қалып қойған. Сол кезде анасы ренжіп:

ашық дереккөз 

Үйге қайтайық, – деген екен.

Бұл сөз Нұрбекке қатты әсер етеді. Кейін ол осы сәттің өзіне қосымша мотивация бергенін айтқан. Сол чемпионатта Нұрбек барлық қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы атанды. Финалда этникалық қазақ боксшы Тоқтарбек Таңатқанды ұтып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.

Нұрбек Оралбай Олимпиада күмісіне дейінгі жолы

Нұрбектің халықаралық деңгейдегі алғашқы үлкен жетістіктері жастар арасындағы жарыстардан басталды. 2018 жылы ол жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Сол жылы Будапештте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, үлкен спорттағы әлеуетін көрсетті.

Кейін ересектер арасындағы жарыстарда да табысты өнер көрсетті.

Нұрбектің басты жетістіктері:

Ташкенттегі әлем чемпионатының финалында Нұрбек қытайлық қазақ боксшы Тоқтарбек Таңатқанды жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Нұрбектің инстаграм парақшасынан 

Ал Париж Олимпиадасында ол финалға дейін сенімді жетіп, украиналық тәжірибелі боксшы Александр Хижнякпен алтын үшін айқасты. Тартысты кездесуде күміс медаль еншілегенімен, бұл Қазақстан боксы үшін үлкен жетістік болды.

Олимпиададан кейін Нұрбек мемлекеттік наградамен марапатталып, «Парасат» орденінің иегері атанды.

Айбек Оралбай: ауыр салмақтағы жаңа көшбасшы

Егіздердің екіншісі Айбек те халықаралық аренада өзін дәлелдеді. Жастар арасындағы жарыстарда ол бірден көзге түсті. 2018 жылы Буэнос-Айресте өткен Жасөспірімдер Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның болашақ жұлдызы ретінде танылды.

Кейін ересектер арасындағы додада ауыр және аса ауыр салмақта ел намысын қорғады.

Айбектің басты жетістіктері:

Айбектің инстаграм парақшасынан 

2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Айбек алтын медаль жеңіп алып, әлемдік бокстың элитасына қосылды. Париж Олимпиадасында ол ширек финалға дейін жетіп, тәжірибе жинақтады. Сарапшылардың пікірінше, Айбектің негізгі жетістіктері әлі алда.

Бүгінде Нұрбек пен Айбек Оралбай – Қазақстан боксының жаңа буынының символына айналған спортшылар. Кезінде қарапайым егіздер бүгінде әлем чемпиондары атанып, мыңдаған жас спортшыға үлгі болып отыр.

Оқи отырыңыз