Аян Өтепберген Испаниядағы халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды

Аян Өтепберген Испаниядағы халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды

Ажар Лаубаева
Фото: instagram.com/otepbergen_ayan

Қазақстандық актер Аян Өтепберген Испанияның Тенерифе аралында өткен Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалінде «Үздік актер» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Өнер иесі Джек Тейлор атындағы жүлдені «Sicko» фильміндегі рөлі үшін иеленді. Қазылар алқасы қазақстандық актердің кейіпкер образын ашудағы шеберлігін, драма мен юморды үйлестіре білгенін жоғары бағалады.

Сонымен қатар фестивальде «Sicko» фильмі үш бірдей марапатқа ие болды. Кинотуынды «Үздік толықметражды фильм», «Үздік актер» және «Үздік костюмдер» аталымдары бойынша жеңіске жетті.

Канар аралдарында жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық кинофестиваль биыл оныншы рет өтті. Кино өнерінің өкілдері бас қосқан шара 6-15 қараша аралығында ұйымдастырылды.

Аян Өтепберген туралы не білеміз?

Аян Өтепберген 1992 жылы 26 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған.

Актер көпшілікке «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Таймас рөлі арқылы танылды. Кейін «Рэкетир 2», «Томирис», «Қазақ хандығы», «Бесбармақ», «Туысқан», «Ауру», «Соңғы махаббат» сынды кинотуындылар мен телесериалдарда бой көрсетті.

Ол кино саласынан бөлек, театр сахнасында да өнер көрсетіп келеді. 2016 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актерлік құрамына қосылған. Қазіргі таңда Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрында өнер көрсетеді.

Аян Өтепберген 2012 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының сыйлығын иеленсе, 2013 жылы «Жаужүрек мың бала» фильміндегі рөлі үшін Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды.

Сондай-ақ актер музыкамен де айналысады. Оның «Kúl», «Lauralar Klara Quralaylar», «Теңіз бар арада» сынды әндері жарық көрген.

Оқи отырыңыз

{