Ауыр жарақат, күмән және үміт: Шавкат Рахмонов октагонға орала ма?

Ауыр жарақат, күмән және үміт: Шавкат Рахмонов октагонға орала ма?

Мадина Асылбекова
Фото: Getty Images

UFC-дегі қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың октагонға оралу мерзіміне қатысты дақпырт көп. Соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізген отандасымыз жарақатына байланысты ұзақ уақыт үзіліс алуға мәжбүр болды. Биыл оның тізесін қайта жарақаттап алғаны туралы ақпарат тараған соң, спортшының UFC-дегі болашағына күмән келтіргендер де табылды. Тіпті мансабын аяқтауы мүмкін деген пікірлер айтылды.

Алайда Шавкаттың өзі де, командасы да жаттығу процесін тоқтатпағанын және октагонға оралуға дайындалып жатқанын жеткізді. Қазіргі болжам бойынша, қазақстандық файтерді жанкүйерлер 2027 жылы қайта көруі мүмкін. Дегенмен нақты жекпе-жектің күні мен қарсыласы әзірге жарияланған жоқ.

Жарақатқа қатысты күмән қалай пайда болды?

Шавкат Рахмоновтың ұзақ уақыт октагонға шықпауына тізесіндегі жарақаты себеп. Қазақстандық спортшы 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде ирландиялық Иэн Мачадо Гэрримен жұдырықтасқан болатын. Кейін Рахмонов сол кездесуге де жарақатпен шыққанын айтқан еді.

Бұдан соң спортшының қалпына келу кезеңі ұзаққа созылды. Ал 2026 жылдың басында оның қайта жарақат алғаны және тағы бір операция жасатуға мәжбүр болғаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты октагонға оралу мерзімі кейінге шегерілді.

Жарақаттың қайталануы мүмкін деген хабарлар шетелдік ММА ортасында да қызу талқыланды. Мәселен, америкалық ММА комментаторы Бен Дэвис 7 қарашада әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық файтердің кәсіби мансабын жалғастыра алатынына күмән келтірді.

Бір күні оның мансабы аяқталғанын мойындайтын сияқтымыз, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Бұған дейін спорттық медицина дәрігері Ролан Чанышев те Шавкатпен кездескенін хабарлаған. Ол Instagram парақшасында қазақстандық файтермен түскен суретін жариялап, спортшыға көмек көрсеткенін жазды.

АТР 250 Almaty Open турнирінде жұмыс істеп жүрген кезде әріптесім Сергей Егоровпен бірге аралас жекпе-жек шебері, UFC-де өнер көрсететін, жартылай орта салмақтағы M-1 әлем чемпионы Шавкат Рахмоновты емдедік, – деді дәрігер.

Сондай-ақ Чанышев спортшының қалпына келуіне кедергі келтіріп жүрген бірнеше мәселе анықталғанын айтқан.

Қалпына келуін баяулатып тұрған бірнеше себепті анықтадық, – деп жазды ол пікірлер бөлімінде.

Бұл пікір жанкүйерлер арасында да алаңдаушылық туғызды. Алайда спортшының командасы да, оның айналасында жүргендер де бұл мәліметтің еш негізі жоқ екенін алға тартуда.  

«Шавкат Рахмонов жоспар бойынша жаттығып жатыр»

Жарақатқа қатысты түрлі ақпарат тараған тұста Dar Pro Team командасы арнайы мәлімдеме жасап, жанкүйерлерді жалған хабарларға сенбеуге шақырды.

Шавкат Рахмоновтың жағдайы жақсы, барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр! Интернеттегі жалған ақпаратқа сенбеңіздер, – деп жазды команда өкілдері.

Сонымен қатар олар Шавкаттың әлеуметтік желідегі жазбасын бөлісті. Онда спортшы ауыр күн сайын күшейіп келе жатқанын айтқан.

Тағы бір ауыр жаттығу аптасы аяқталды. Күн сайын күшейіп келемін, – деп жазды Рахмонов.

Осылайша, спортшының өзі де дайындықты жалғастырып жатқанын көрсетті.

Шавкат 2027 жылы оралуы мүмкін

Шавкат Рахмоновтың өзі де келесі жылы октагонға қайта оралуға ниетті екенін аңғартты. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында:

Жақында, 2027 жыл, – деп жазды.

Ал осыдан бірер күн бұрын ресейлік журналист Игорь Лазорин де қазақстандық спортшының жағдайына қатысты пікір білдіріп, Шавкат жарақатын емдегенін және 2027 жылы октагонға оралуға дайындалып жатқанын алға тартты.

Шавкат Рахмоновтың тізесінде ешқандай проблема жоқ, жарақаты қайталанған жоқ. Ол 2027 жылы октагонға оралу үшін алаңсыз дайындалып жатыр. Тағы бір инсайд – 2027 жылы Қазақстанда UFC турнирі өтуі мүмкін, – деді Лазорин Instagram парақшасында.

Рахмонов журналистің осы жазбасын өз парақшасында бөлісті. Бұл оның келесі жылы оралу жоспарын шынымен де растағандай әсер қалдырғанымен, спортшы алдағы жекпе-жегінің нақты уақытын атаған жоқ.

Ал ресейлік «Вестник MMA» Telegram-арнасы жарақат туралы ақпараттардың таралуына назар аударды. Арна авторының пікірінше, кейбір шетелдік ММА басылымдары қазақстандық спортшының тізесі қайта жарақаттанғаны туралы жаңалықты ресейлік ақпарат көздеріне сүйеніп жариялаған. Ал ресейлік ресурстар өз кезегінде шетелдік басылымдардың хабарламаларын аударып, соларға сілтеме жасаған.

Арна авторы Шавкаттың жаттығуын жалғастырып жатқанын айтып:

Шавкаттың тізесінде ешқандай жарақат жоқ. Ол залда жаттығып жүр. Мұны оның спарринг-серіктері мен жаттықтырушысынан естідім, – деп жазды.

Сондай-ақ арна авторы спортшының жаттығу залына барып, қараша айында онымен жеке сөйлесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Дегенмен қазақстандық файтердің нақты қай айда жекпе-жек өткізетіні әзірге белгісіз. West Till Death басылымы Шавкаттың 2027 жылдың маусымында октагонға оралуы мүмкін екенін жазды. Ал оның жаттықтырушысы Эдуард Базров бұған дейін ақпан немесе наурыз айларының бірінде дегендей болған. Сөйте тұра мұның бәрі әзірге болжам ғана. Спортшының толық қалпына келуі мен жоғары жүктемеге дайындығы шешуші рөл атқарады.

Шавкат Қазақстандағы UFC турнирінде өнер көрсетуі мүмкін

Шавкат 2027 жылы октагонға өз елінде оралуы мүмкін деген де пікір бар. ММА сарапшысы Асланбек Бадаев қазақстандық файтердің Қазақстанда өтуі мүмкін турнирге дайындалып жатыр деген ойын ортаға салды. Оның пікірінше, Шавкат ұзақ үзіліске қарамастан жаттығуын жалғастырып, бабын сақтауға тырысып жүр.

2027 жылы Қазақстанда UFC турнирі өтуі мүмкін. Дана Уайт олардың біз ойлағаннан да ертерек оралатынын айтқан еді. Бәлкім, Шавкат осы оқиғаны көздеп дайындалып жатқан шығар. Елдің басты жұлдызы сол турнирде өнер көрсетуі мүмкін, – деді Бадаев Telegram-арнасында.

ММА сарапшысы Асланбек Бадаевтың пікірінше, Шавкат Рахмонов октагонға қайта оралған соң бір жеңіске қол жеткізсе, жартылай орта салмақтағы үздіктер қатарына қайта қосылуға толық мүмкіндігі бар. Сарапшы қазақстандық спортшы ең алдымен америкалық Джек Делла Маддаленамен жекпе-жек өткізгені жөн деп санайды.

Меніңше, Джек Делла Маддалена – Шавкат үшін қолайлы қарсылас. Қазір оның жағдайы бұрынғыдай емес. Шавкат оны жеңеді деп ойлаймын, – деді Бадаев.

Шавкаттың көздегені Майкл Моралес пе?

Ал Шавкат Рахмоновтың өзі әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы эквадорлық Майкл Моралеспен кездесуге ниетті екенін аңғартты. Ол екі спортшының да кәсіби мансабында жеңіліс жоқ екенін меңзеп, жариялаған видеосына «19-0 vs 19-0» деп жазды.

Майкл Моралес те қарап отырған жоқ. Эквадорлық файтер жартылай орта салмақтағы мықтылармен күш сынасуға дайын екенін ашық айтып, бірнеше қарсыласын жекпе-жекке шақырды. Оның 2027 жылға да үлкен жоспары бар.

Пратес, екеуміз кездесетін уақыт келді. Сен UFC маған қарсы жекпе-жек ұсынбады деп жүрсің. Мені бірінші раундта-ақ жеңемін дейсің бе? Онда кел, байқап көрейік. Сен және мен. Дэдпул мен Өрмекші адам. Келесі кім? Маған дивизионның мықтыларымен айқасу керек. Танымал қарсыластармен кездескім келеді. Жанкүйерлерге тартысты жекпе-жек сыйлап, өзімді дәлелдегім келеді. Егер Исламға қатысты басқа жоспарларың болса, ол Пратеспен кездесуді таңдаса, менің де 2027 жылға өз мақсатым бар. Бұл дивизионда үстемдік құрғым келеді. Ал сен, Шавкат Рахмонов, дивизионның ең қауіпті қарсыластарының бірісің. Мені қайдан табатыныңды білесің. Айтпақшы, Иэн Гэрри, саған да айтарым бар… Жоғал! – деді Моралес.

Жеңіліс дегенді білмейтін екі спортшының кездесуі жанкүйерлер үшін нағыз тартыс болары сөзсіз. Алайда Моралестің оңай шағылатын жаңғақ емес екені анық. Ол кәсіби мансабындағы 19 жеңісінің 14-ін нокаутпен немесе техникалық нокаутпен аяқтаған. UFC-дегі соңғы үш жекпе-жегінде Нил Магни, Гилберт Бёрнс және Шон Брэдиді мерзімінен бұрын жеңді.

Сондықтан ұзақ үзілістен кейін бірден осындай қауіпті қарсыласпен жұдырықтасу Шавкатқа оңайға соқпасы анық, дегенмен ол Моралесті жеңсе, чемпиондық белбеу үшін таласқа қайта араласуына жол ашылуы мүмкін.

Ислам Махачев Шавкаттың оралуын күтіп отырмайды

UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев те Шавкат Рахмоновтың жағдайына қатысты пікір білдірді. Ресейлік спортшы қазақстандық файтерді әзірге чемпиондық белбеуге таласатын үміткерлер қатарынан көрмейтінін жеткізді.

Журналистер Махачевтен «Шавкат 2027 жылдың соңында октагонға оралса, онымен кездесуге дайынсыз ба?» деп сұраған. Чемпион әзірге мұндай жоспары жоқ екенін нақтылады.

Шавкаттың оралуын күтіп отыру дұрыс емес деп ойлаймын. Оның қашан оралатынын білмеймін. UFC оны рейтингтен шығарды, қазір ол үздік он бес спортшының қатарында да, титулға үміткерлер қатарында да жоқ. Қазір екі үміткер бар, олар уақытша чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады. Сол жекпе-жектен кейін келесі үміткер кім болатыны белгілі болады. Шавкат жарақатынан тезірек айығып, рейтингке қайта оралады деп үміттенемін, – деді Махачев.

Шавкаттың соңғы жекпе-жегі қалай аяқталды?

Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде октагонға шықты. Ол кезде қазақстандық файтердің қарсыласы да жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген ирландиялық Иэн Мачадо Гэрри еді.

Бастапқыда Шавкат сол кездегі UFC чемпионы Белал Мухаммадпен кездесуі керек болатын. Алайда америкалық спортшы жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Оның орнына октагонға Иэн Гэрри шықты.

Бес раунд бойы жалғасқан тартысты айқаста төрешілер жеңісті бірауыздан Шавкатқа берді. Үшеуі де есепті 48:47 деп белгілеп, қазақстандық спортшының басымдығын мойындады.

Осы жеңістен кейін Рахмонов кәсіби мансабындағы мінсіз көрсеткішін сақтап қалды. Оның еншісінде 19 жеңіс бар, соның жетеуіне UFC-де қол жеткізді. Бір қызығы, Шавкат бұған дейінгі 18 жекпе-жегінің бәрін мерзімінен бұрын аяқтаған. Оның сегіз кездесуі нокаутпен немесе техникалық нокаутпен аяқталса, қалған онында қарсыластарын ауырту және тұншықтыру әдістерімен жеңген. Ал Гэрримен өткен кездесуінде жеңімпаз төрешілер шешімімен анықталды.

Қазір Шавкаттың алдында жарақатынан толық айығып, бұрынғы бабына қайта келу деген мақсат тұр. Оның жаттығу залындағы дайындығы жалғасып жатыр. Жанкүйерлер де әрбір жаңалығын қалт жібермей бақылауда. Октагонға оралатын нақты күні әзірге белгісіз. 2027 жыл межеленгенімен, бәрі спортшының денсаулығы мен дайындығына байланысты болмақ. UFC әзірге оның келесі жекпе-жегіне қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Оқи отырыңыз

{