Ауқатты азаматтарға салық көбейе ме? Үкімет жаңа тәсілдерді қарастырып жатыр

Ауқатты азаматтарға салық көбейе ме? Үкімет жаңа тәсілдерді қарастырып жатыр

Мадина Асылбекова
Фото: t.me/KZgovernment

Олжас Бектенов бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерделелеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізуді тапсырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов инвестиция тарту жүйесін жетілдіру және олардың экономиканы дамытуға қосқан нақты үлесін арттыру қажеттігін атап өтті.

Капитал үшін жаһандық бәсеке күшейе түскен қазіргі жағдайда инвестиция тартудың қалыптасқан тетіктерін түбегейлі қайта қарап, өкілеттіктердің қайталануына жол бермей, шешімдердің жедел қабылдануын қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктеріне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, он күн мерзімде инвестициялық процестерді басқарудың біртұтас жүйесін қалыптастыру жөнінде келісілген ұсыныстар енгізу тапсырылды. Шешім қабылдауға жауапты орталықты айқындап, инвестициялық процеске қатысушылардың бәрінің функцияларын нақты ажыратуды және инвесторлармен жұмысты орталықтан үйлестіруді қамтамасыз ету керек.

Инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Президент инвестициялардың тиімділігі іске қосылған өндірістердің санымен және сапасымен, олардың экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануы тиіс екенін атап өтті. Терең өңдеу және еңбек өнімділігін арттыру жобаларына басымдық берілуі керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» холдингтерімен бірлесіп, бір ай мерзімде терең өңдеу жобаларының нақты тізбесін жасау тапсырылды. Әрбір жоба бойынша әлеуетті инвесторларды, жүзеге асыру мерзімдерін, локализациялау деңгейін және экономикалық тиімділігін айқындау қажет.

Шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысуын кеңейтуге және салық саясатын жетілдіруге баса назар аударылды. Осыған байланысты Қаржы, Ұлттық экономика, Өнеркәсіп, Сауда, Әділет министрліктері «Атамекен» палатасымен, «Самұрық-Қазына» қорымен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бір апта мерзімде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алу рәсімдеріне шағын және орта бизнестің қатысуын кеңейту мәселесі бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Жиында Салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар бөлек мәселе ретінде қаралды. Ұлттық экономика министрлігіне жаңа Салық кодексіне енгізілетін нақты түзетулер легін пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу тапсырылды.

Бөлек мәселе – ауқатты азаматтарға арналған салық мөлшерлемесі. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері бір ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізсін, – деп тапсырды Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Қаржы министрлігі жергілікті жерлерде салықтардың жиналуын арттыру шараларын қабылдап, көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуді қамтамасыз етіп, салық және кедендік әкімшілендіруді, оның ішінде жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, толық цифрландыруды аяқтауы қажет.

Үкімет цифрлық трансформация дәуірінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру жоспарын әзірлейді.

Бектенов цифрлық трансформация дәуіріндегі мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру қажеттігіне де назар аударды.

Президент цифрлық трансформация дәуірінде мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті, – деді Олжас Бектенов.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жөніндегі кешенді жоспар жобасын әзірлеп, енгізу тапсырылды.

Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, 10 күн ішінде экономиканы цифрландыру ауқымын кеңейту енгізу тапсырылды.

Президенттің халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру жөніндегі алға қойған міндеті шеңберінде цифрлық жұмыспен қамтудың құқықтық режимінің нақты жұмыс істеу тетігін әзірлеу қажет.

Премьер-министр агроөнеркәсіп кешеніне жасанды интеллект пен заманауи технологияларды белсенді енгізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні енгізу үшін айтарлықтай әлеует бар. Өнімділікті болжау, егіс алқаптарына мониторинг жүргізу, шығындарды оңтайландыру және ресурстарды ұтымды пайдалану үшін жаңа технологияларды барынша белсенді қолдану қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне Жасанды интеллект министрлігімен бірге жасанды интеллектіні енгізу бойынша басым жобаларды айқындап, кейін оларды кең ауқымда қолдану тапсырылды. Сондай-ақ көлік-логистика саласын цифрландыруды жеделдету қажеттігі атап өтілді.

Еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту көлік-логистикалық процестердің тиімділігіне тікелей байланысты. Дегенмен қағазбастылықтың сақталуы мен ақпараттық жүйелердің шашыраңқылығы осы саланың дамуын тежеп отыр, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Көлік министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін көлік дәліздерін жедел цифрландыру жоспарын бекіту тапсырылды.

Премьер-министр мемлекеттік қаржылық бақылауды цифрландыруға назар аударды. Жауапты ведомстволарға тәуекелдерді анықтау және бұзушылықтардың алдын алу үшін осы салада ЖИ қолдануды күшейту тапсырылды.

Мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігін арттыру дәстүрлі бақылау тетіктерінен цифрлық мониторинг пен бұзушылықтардың алдын алуға көшуді талап етеді. Бұл мәселе бизнес субъектілерін тексеруге мораторий енгізудің ықтимал жағдайында ерекше маңызға ие болуда. Кәсіпкерлерге шамадан тыс әкімшілік қысым түсірмей, тәуекелдер мен бұзушылықтарды анықтау үшін жасанды интеллектіні қолдануды қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті премьер-министр.

Цифрлық құралдар қашықтан талдау жүргізуге, күмәнді операцияларды анықтауға және салықтық әкімшілендірудің ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс.

Қаржы министрлігіне Ұлттық экономика және Жасанды интеллект министрліктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде тәуекелге бағдарланған бақылаудың интеллектуалды жүйесін енгізу тетігін ұсыну тапсырылды.

Оқи отырыңыз

{