Ата-анасы білімсіз отбасылар кедейлік шеңберінен неге шыға алмайды?

Ата-анасы білімсіз отбасылар кедейлік шеңберінен неге шыға алмайды?

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Әлемде миллиондаған бала дұрыс тамақтанбайды, ал 135 миллионнан астамы мектепке бармайды. Жаңа зерттеу бұл екі мәселенің бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Әсіресе ата-анасының білім алмағаны баланың да кедейлік шеңберінен шыға алмауына әсер етуі мүмкін.

Оксфорд университетінің кедейлік және адам дамуы жөніндегі бастамасының зерттеушілері балалар кедейлігінің әлемдегі ауқымы мен құрылымын талдады. Зерттеу нәтижесінде кедейлік тек отбасының табысына емес, баланың тамақтануына, білім алуына және тұрмыс жағдайына тікелей байланысты екені анықталған.

Зерттеушілер балалардың жағдайын жаһандық көпөлшемді кедейлік индексі арқылы бағалаған. Бұл тәсіл табыстан бөлек, денсаулық, білім және өмір сүру жағдайына қатысты бірнеше көрсеткішті қатар қарастырады.

252 миллионнан астам бала қиын жағдайда өмір сүріп жатыр

Зерттеуде бес жасқа дейінгі 518,5 миллион баланың жағдайы қарастырылған. Соның 252,3 миллионы кедейлік пен дұрыс тамақтанбауға байланысты қиындықтарға тап болған.

95,6 миллион баланың бойы жасына сай өспеген немесе салмағы жеткіліксіз. Бұған қоса, олар басқа да материалдық және әлеуметтік қиындықтарды бастан кешіреді.

Зерттеудегі ерекше назар аударатын жайттың бірі – бір отбасында өсіп жатқан балалардың жағдайы да әртүрлі болуы мүмкін. Бес жасқа дейінгі әрбір бесінші бала кейбір балалары дұрыс тамақтанатын, ал кейбірі жеткілікті тамақтанбайтын отбасында тұрады.

Бұл кедейлікті тек отбасының жалпы табысына қарап бағалау жеткіліксіз екенін көрсетеді. Бір шаңырақтың өзінде балалардың тамаққа, білімге және басқа мүмкіндіктерге қолжетімділігі бірдей болмауы ықтимал.

Ата-ананың білімі баланың болашағына қалай әсер етеді?

Зерттеушілер кедейлік пен білім арасындағы байланысты да анықтаған. Дұрыс тамақтанбайтын әрі кедейлікте өмір сүретін балалардың үштен екісі отбасындағы бірде-бір әйел кемінде алты жыл мектепте оқымаған үйлерде тұрады.

Мектеп жасындағы балаларға қатысты көрсеткіш те алаңдатады. Дамушы елдердегі шамамен бір миллиард мектеп жасындағы баланың 135,8 миллионы мектепке бармайды. Олардың 110,2 миллионы, яғни 80 пайыздан астамы кедей отбасылардан шыққан.

Мектепке бармайтын кедей балалардың 82,1 пайызының отбасында алты жылдық мектеп білімін аяқтаған әйел жоқ. Ал 62,3 пайызының отбасында мұндай білім алған ер адам болмаған.

Одан да күрделі көрсеткіш бар: мектепке бармайтын кедей балалардың 46,8 пайызының үйінде кемінде бір жыл мектепте оқыған бірде-бір ересек адам жоқ.

Ғалымдар мұндай жағдай кедейліктің бір ұрпақтан келесі ұрпаққа жалғасуына ықпал ететінін айтады. Ата-анасы білім алу мүмкіндігінен айырылған отбасында баланың да мектептен тыс қалып, кейін экономикалық қиындықтан шыға алмау қаупі артады.

Бір үйдің балаларына мүмкіндік неге бірдей емес?

Зерттеу балалар арасындағы теңсіздік тек мемлекеттер немесе әлеуметтік топтар арасында емес, бір отбасының ішінде де кездесетінін көрсетті.

Кедей отбасылардағы мектеп жасындағы балалардың үштен бірінен астамы бір баласы мектепке барып, екіншісі оқымайтын шаңырақтарда тұрады.

19 елде қыздардың мектептен тыс қалуы ұлдарға қарағанда жиірек кездескен. Ал ұлдар арасында дұрыс тамақтанбау жиірек байқалған. Мектепке бармайтын балалардың 55,6 пайызы осы 19 елге тиесілі. Яғни бір үйде дүниеге келген балалардың өзінде білім алу мен дұрыс тамақтануға мүмкіндік тең болмауы мүмкін.

71 миллион бала отбасындағы білім жолын алғаш ашқан

Зерттеуде үміт сыйлайтын көрсеткіш те бар. 10-17 жас аралығындағы 71,3 миллион бала өз отбасында алғаш рет кемінде алты жылдық мектеп білімін аяқтаған.

Олардың жартысы Оңтүстік Азияда тұрады. Бұл өңірдегі кедей отбасылардан шыққан әрбір тоғызыншы бала – отбасында осындай білім деңгейіне алғаш жеткен буын өкілі.

Зерттеушілер бұл көрсеткішті маңызды деп санайды. Өйткені білімге қол жеткізу кедейліктің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын тізбегін үзуге ықпал ететін факторлардың бірі.

Кедейлік тек ақшаның аздығы емес

ЮНИСЕФ балалар кедейлігін тек отбасы табысының төмендігімен шектемейді. Ұйымның түсіндіруінше, бала өмір сүруге, дамуға және қоғамға толық араласуға қажетті материалдық, рухани және эмоциялық мүмкіндіктерден айырылған жағдайда да кедейліктің зардабын тартады. Сондықтан зерттеушілер балалардың жағдайын бағалағанда олардың не ішіп-жейтінін ғана емес, мектепке бара ма, қандай тұрмыстық жағдайда өмір сүреді, отбасындағы ересектердің білім деңгейі қандай деген мәселелерді де ескерген.

Зерттеу балалар кедейлігінің бір ғана себеппен шектелмейтінін көрсетеді. Отбасындағы білім деңгейінің төмендігі баланың білім алу мүмкіндігіне әсер етіп, әлеуметтік қиындықтардың келесі ұрпаққа жалғасуына ықпал етуі мүмкін. Ал мектепке қолжетімділіктің артуы осы тәуелділікті азайтатын маңызды факторлардың бірі ретінде қарастырылады.

Оқи отырыңыз

{