19.05.2026
17:15
674

Ата-аналар неге монтессори әдісінен ақшасын аямайды?

Қазір білім беру жүйесіне қойылатын талаптар өзгерді.  Баланы оқытып қана қоймай, оны өмірге жан-жақты бейімдеп, саналы тұлға ретінде тәрбиелеу маңызды. Осы тұрғыда әлемде кеңінен танылған Монтессори әдісі ерекше назар аудартады.

Мұндай әдіс қайдан шықты?

Монтессори әдісі ХХ ғасырдың басында Италияда пайда болды. Оның негізін қалаған – дәрігер әрі педагог Мария Монтессори. Ол балаларды ұзақ уақыт бақылап, бала мәжбүрлеу арқылы емес, еркін ортада өздігінен әрекет еткен кезде ғана толыққанды дамитынын білген. 1907 жылы Рим қаласында осы әдіспен жұмыс істейтін «Casa dei Bambini» атты алғашқы мектеп ашылды. Қазіргі таңда Монтессори жүйесі әлемнің 150-ден астам елінде қолданылады.  

Мария Монтессоридің ісін оның ұлы Марио Монтессори жалғастырып, әдісті әлем бойынша таратуға үлкен үлес қосты. Кейін бұл бағытты оның қызы Ренильде Монтессори жалғастырып, әсіресе Ресей мен ТМД елдерінде Монтессори курстарының дамуына ықпал етті. Осылайша, бұл әдіс Қазақстанға да жетіп, білім беру жүйесінде өз орнын ала бастады.

Оның маңызы қандай?

Монтессори әдісінің басты ерекшелігі – баланың оқу процесіндегі рөлін өзгерту. Мемлекеттік балабақшаларда бала көбіне мұғалімнің нұсқауын орындаса, Монтессори жүйесінде ол белсенді зерттеушіге айналады.

фото: ЖИ көмегімен жасалды

Бұл жүйеде «дайындалған орта» ұғымы ерекше маңызды. Балалар арнайы ұйымдастырылған кеңістікте еркін қозғалып, өзіне қызықты материалдармен жұмыс істейді. Сонымен қатар, практикалық өмір дағдыларына үлкен мән беріледі. Балалар өзіне қызмет көрсетуді, тазалық сақтауды, заттарды жинауды ерте жастан үйренеді. Бұл олардың өмірге бейімделуіне тікелей әсер етеді.

Осы әдіс АҚШ, Германия, Қытай, Үндістан сияқты көптеген елдерде кеңінен таралған. Кейбір елдерде ол мемлекеттік білім беру жүйесінің бір бөлігі ретінде қолдау тапқан.

Алғашқы балабақша Астанада ашылды

Қазақстанда Монтессори әдісі негізінен жекеменшік секторда дамып келеді. 2006 жылы Астанада алғаш рет осы әдіспен жұмыс істейтін «Жұлдыз» орталығы ашылды. Бұл орталық елімізде Монтессоридің танымал болуына ықпал етті. Сонымен қатар, Айгүл Дәрімбет сияқты мамандардың еңбегі арқылы Монтессори педагогикасы кәсіби деңгейде дамып, арнайы курстар арқылы мамандар даярлана бастады.

Шымкент қаласында да Монтессори әдісі белсенді дамып келеді. Қаладағы алғашқы орталықтардың бірі – «Balabi» балабақшасы. Осыдан кейін «Bambini» сияқты басқа да балабақшалар ашылып, бұл жүйе кеңінен тарала бастады.

Мысалы, тамақтану процесі фуршет форматында ұйымдастырылады. Яғни бала өзіне ұнайтын тағамды таңдап алады. Сонымен қатар, тамақтанып болған соң ыдысын өзі жинап, тазалауды үйренеді. Осындай қарапайым әрекеттер арқылы бала жауапкершілікке үйренеді. Бұл тәсіл дәстүрлі балабақшалармен салыстырғанда айтарлықтай ерекшеленеді.

Практик-педагог Адия Аралбайдың айтуынша, Монтессори балабақшаларында балалар логикалық ойындар арқылы дамып, өзіне қызықты бағытта білім алады. Сонымен қатар, музыка сабақтарына ерекше көңіл бөлінеді. Себебі музыка баланың миының дамуына оң әсер етеді.

Алматы қаласындағы сарапшы Ирина Чимбай да Монтессори әдісінің тиімділігін атап өтеді. Оның пікірінше, бұл жүйе баланың психологиялық жағдайын тұрақтандырып, ата-анамен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Маркетингтің құрығына түсіп қалмаңыз 

Алайда бұл жерде маңызды мәселе туындайды. Монтессори әдісі Қазақстанда қаншалықты дұрыс және толық енгізіліп жатқаны турасында сұрақ көп. Өйткені кейбір балабақшалар бұл жүйені толық сақтаса, ендігісі оны тек атау ретінде пайдаланып, маркетингтік құралға айналдыруы мүмкін. Бұл ата-аналар үшін дұрыс таңдау жасауды қиындатады.

Қазақстандағы Монтессори балабақшаларының құны да әртүрлі деңгейде тұр. Мысалы, Шымкент қаласындағы «Bambini» балабақшасында бір балаға арналған айлық төлем шамамен 160 мың теңгені құрайды. Егер балаға сөйлеу тілін дамыту бойынша жеке жұмыс жүргізілсе, қызмет құны 200 мың теңгеден басталады.

Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша Монтессори балабақшаларының бағасы толық күндік бағдарлама үшін айына 100 мыңнан 250 мың теңгеге дейін және одан да жоғары болуы мүмкін. Баға балабақшаның деңгейіне, материалдық базасына, педагогтардың біліктілігіне және ұсынылатын қызметтерге байланысты қалыптасады. Сонымен қатар, көптеген орталықтарда шамамен 185 мың теңге көлемінде бастапқы жарна қарастырылған. Бұдан бөлек, «Ана мен бала бірге» форматындағы сабақтар ұсынылады. Олардың айлық құны шамамен 35 мың теңгеден басталады.

Аталған әдіске байланысты ата-аналардың пікірлері де әртүрлі. Кейбір ата-аналар балаларындағы оң өзгерістерді атап өтсе, кейбіреулері бұл әдіс барлық балаға бірдей сәйкес келе бермейтінін айтады. Дегенмен, пікірлердің басым бөлігі Монтессори жүйесінің тиімді екенін көрсетеді.

авторы: Нұрдана Рамазан