Ата-аналар мен оқушылар назарына: жаңа оқу жылында қандай сабақтар мен өзгерістер күтіп тұр

Ата-аналар мен оқушылар назарына: жаңа оқу жылында қандай сабақтар мен өзгерістер күтіп тұр

Көктем Қарқын
Фото: El.kz архиві

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде бірнеше өзгеріс енгізіледі. Оқушылар жаңа міндетті пәндерді оқып, жасанды интеллект бойынша жаңартылған бағдарламамен білім алады. Ал бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың (ТЖБ) орнына бағалаудың жаңа тәсілі енгізіледі.

Бұл өзгерістерді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 1 шілдеде Үкімет отырысында таныстырған. Ресми мәлімет бойынша, жаңартылған білім беру мазмұны оқушылардың іргелі білімін нығайтуға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және заманауи құзыреттерін дамытуға бағытталады.

Қандай жаңа сабақтар енгізіледі?

Қыркүйектен бастап мектеп бағдарламасына үш жаңа міндетті курс қосылады.

Фото: El.kz архив

5-7 сынып оқушылары «Конституция негіздерін» оқиды. Бұл пәнде оқушылар мемлекеттің құрылымы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы білім алады.

8-11 сыныптарға «Заң және тәртіп» курсы енгізіледі. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауатын арттыру және заң талаптарын түсіндіру.

Ал 5-11 сынып оқушылары «Жеке қауіпсіздік» курсын міндетті түрде оқиды. Ресми түсіндірулерде бұл бағыт аясында қауіпсіз мінез-құлық, төтенше жағдай кезіндегі әрекет, кибергигиена және интернеттегі қауіптерге қатысты білім берілетіні айтылған.

5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11 сыныптарда міндетті «Заң және тәртіп» курсы оқытылады. Сонымен қатар 5-11 сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» де барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады. Министрдің айтуынша, оның мазмұны жаңа Конституцияның қағидаттарына сәйкес жаңартылады.

Оқу жүктемесі көбейе ме?

Жаңа пәндердің енгізілуі ата-аналар мен оқушылар арасында сабақ саны мен оқу жүктемесіне қатысты сұрақ туғызатыны анық. Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылының басында типтік оқу жоспарларының құрылымы жаңартылған.

Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қысқартылған типтік оқу жоспарлары алынып тасталды, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ал жаңа пәндердің қолданыстағы сабақ кестесіне нақты қалай енгізілетіні әзірге толық хабарланған жоқ.

Фото: El.kz архив

Ескі пәндерге жаңа атау беріледі

Өзгеріс тек жаңа сабақтармен шектелмейді. Кейбір қолданыстағы пәндердің атауы да жаңарады.

Мысалы:

Министрдің айтуынша, пәндердің мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізілген. Барлығы 43 оқу мақсаты жаңартылған.

Жасанды интеллект туралы заңға сәйкес әдістемелік нұсқаулықтар әзірленді. Оқу пәндерінің атауларына өзгерістер енгізілді: «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп, ал «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп өзгертілді. Сондай-ақ оқу бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізілді – барлығы 43 оқу мақсаты, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында сынақтан өткізіліп, сарапшылардың оң бағасын алған.

Фото: El.kz архив

Бастауыш сыныптарда ТЖБ мен БЖБ болмайды

Мектептегі ең көп талқыланатын өзгерістердің бірі – бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесі.

Қазіргі жүйеде БЖБ – бөлім бойынша жиынтық бағалау, ал ТЖБ – тоқсан бойынша жиынтық бағалау дегенді білдіреді. Бұл бағалау түрлері оқушының белгілі бір бөлімді немесе оқу кезеңін қаншалықты меңгергенін анықтау үшін қолданылады.

Енді бастауыш сыныптарда бұл тәсілдерден бас тарту қарастырылып отыр.

Бастауыш сыныптарда бағалауға деген тәсілдер жаңартылды. Атап айтқанда, бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсан бойынша жиынтық бағалау алынып тасталды, – дейді министр.

Оның орнына мұғалім оқушының білімін күнделікті және аралық жұмыстар арқылы бағалайды.

Фото: El.kz архив

Диктанттар, мазмұндамалар, шығармалар, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар сияқты тапсырмаларды мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде өткізеді, – деп түсіндірді министр.

Яғни бастауыш сынып оқушысы үшін бағалау тек бір күндегі БЖБ немесе ТЖБ нәтижесіне емес, оқу барысында орындаған әртүрлі жұмыстарына көбірек сүйенетін болады.

Бұл мәселе бұған дейін де ата-аналар тарапынан көтерілген. 2026 жылдың маусымында министрлік бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған еді.

Біз бұған дейін бастауыш сыныптарда баға қою тәртібі өзгеретіні туралы жазған едік.

Оқи отырыңыз

{