Ат үстінде жүріп емдеген: Си Цзиньпиннің қолынан орден алған Оқас Сүлеймен кім?

Ат үстінде жүріп емдеген: Си Цзиньпиннің қолынан орден алған Оқас Сүлеймен кім?

02.07.2026 15:45
Көктем Қарқын
Фото: gov.cn

Этникалық қазақ дәрігер Оқас Сүлеймен Қытайдың ең жоғары партиялық марапаты – «1 шілде» орденімен марапатталды. Осылайша ол бұл жоғары наградаға ие болған тұңғыш қазақ атанды, деп хабарлайды  El.kz интернет порталы.

Марапат Қытай Коммунистік партиясының 105 жылдығына арналған салтанатты рәсімде табысталды. Іс-шараға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин қатысты.

Жарты ғасырға жуық ғұмырын медицинаға арнаған

Оқас Сүлеймен еңбек жолын 1975 жылы медицина училищесін тәмамдағаннан кейін бастаған. Ол ұзақ жылдар бойы Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Тарбағатай аймағына қарасты Шәуешек өңірінің ауруханасында ішкі аурулар бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарды.

Жас дәрігердің қалада жұмыс істеуге мүмкіндігі болғанымен, ол саналы түрде шалғайдағы жайлаулар мен мал шаруашылығымен айналысатын ауылдарға баруды таңдаған. Ондаған жыл бойы ол атпен жүріп, тұрғындарға медициналық көмек көрсеткен.

Қарлы боран, асу бермес тау соқпақтары мен тасқын өзендер де оның жолына бөгет болмаған. Бірде қатты боран кезінде жүкті әйелдің өмірін аман алып қалу үшін бірнеше шақырымды қалың қарды жаяу кешіп өтіп, босандыруға үлгерген.

Фото: CCTV

100 мыңнан астам адамға көмек көрсетті

Еңбек жолында дәрігер 200 мың шақырымнан астам жол жүріп өткен. Осы уақыт ішінде 100 мыңнан астам науқасты емдеп, 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектескен.

Жергілікті малшылар оның адамгершілігі мен жанкешті еңбегін жоғары бағалап, «ат үстіндегі ақ халатты батыр» деп атап кеткен.

Оқас Сүлеймен 2015 жылы зейнетке шыққанымен, дәрігерлік қызметін тоқтатпады. Ол жеке денсаулық кабинетін ашып, жергілікті тұрғындарды қабылдауды жалғастырды. Сонымен қатар шалғай ауылдарға тегін медициналық көмек көрсететін еріктілер жобасын іске қосты.

«1 шілде» ордені қандай марапат?

«1 шілде» ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты. Ол елдің дамуына, қоғамның өркендеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға айрықша үлес қосқан партия мүшелеріне беріледі.

Оқас Сүлеймен бұған дейін де адал еңбегі мен медицина саласындағы қызметі үшін бірнеше мемлекеттік марапатқа ие болған.

Дәрігердің өмір жолы Қытайдың әлеуметтік желілерінде кеңінен талқыланып жатыр. Көпшілік оны жанқиярлықтың, кәсібіне адалдықтың және адам өмірін бәрінен биік қоятын дәрігердің жарқын үлгісі ретінде бағалап, жоғары марапатымен құттықтауда.

Оқи отырыңыз