Бүгiн, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыАстанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қазан айының соңына қарай қымбаттайды. Жаңа тарифке сәйкес, қалалық автобустарда қолма-қол ақшасыз төлем жасаған жолаушылар бір сапар үшін 150 теңге төлейді.
Бұл туралы елорда әкімдігінің тиісті қаулысында айтылған.
Жол жүру ақысы қанша болады?
Жаңа тариф бойынша қалалық автобустарда жол жүру құны төлем тәсіліне қарай өзгереді. Атап айтқанда:
Қалалық автобустарда қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда – 150 теңге;
Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда – 150 теңге;
Экспресс автобустарда қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда немесе жол жүру құжатымен – 300 теңге;
Қалалық автобустарда қолма-қол ақшамен төлегенде – 300 теңге;
Экспресс автобустарда қолма-қол ақшамен төлегенде – 400 теңге.
Ал қала маңындағы бағыттарда жол жүру ақысы жүріп өткен қашықтыққа байланысты есептеледі. Қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда әр шақырым үшін 13 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлегенде 19 теңге белгіленеді.
Айта кетейік, бұған дейін Астананың қоғамдық көліктерінде жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеу мүмкіндігі алынып тасталған болатын. Жолаушылар төлемді көлік картасы, QR-код немесе басқа да қолма-қол ақшасыз тәсілдер арқылы жүргізіп келді. Енді жаңа тарифте қолма-қол ақшамен төлеу мүмкіндігі қайта қарастырылған. Алайда мұндай төлем түрі қымбатырақ болады.
Яғни, қолма-қол ақшамен төлейтін жолаушылар қалалық автобустарда электронды төлем жасайтындарға қарағанда екі есе көп төлейді.
Кімдер тегін жүреді?
Жаңа өзгерістерге қарамастан, жеңілдік берілген көлік картасын пайдаланатын азаматтар әлеуметтік маңызы бар бағыттарда бұрынғыдай тегін қатынай алады.
Сонымен қатар қаулыда электронды төлем жүйесінің жұмысына қатысты маңызды талап қарастырылған. Егер автобуста жол ақысын электронды түрде төлеу жүйесі істен шықса, электронды жол жүру билетін немесе қолма-қол ақшасыз төлем сервистерін пайдаланатын жолаушылардан ақы алынбайды.
Жол жүру ақысы неге қымбаттайды?
Елорда әкімдігі тарифтің өсуін қоғамдық көлік саласындағы шығындардың артуымен байланыстырады. Қала билігінің түсіндіруінше, қазіргі жол жүру ақысы тасымалдаушылардың нақты шығындарын толық өтемейді.
Атап айтқанда, автобус паркін жаңарту, көліктердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және маршруттық желіні дамыту қосымша қаржыландыруды қажет етеді.
Әкімдіктің есептеуінше, 2026 жылы бір жолаушыны тасымалдаудың орташа өзіндік құны қолданыстағы тарифтен едәуір жоғары.
Бұған дейін жол жүру ақысын 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылған болатын. Алайда жаңа қаулыға сәйкес, өзгерістер қазан айының соңында күшіне енеді.
Құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Осылайша, елорда тұрғындары қоғамдық көлікте жол жүру үшін бұрынғыдан көбірек төлейді. Дегенмен жеңілдік санатындағы азаматтардың тегін жүру құқығы сақталады.
Бүгiн, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыБүгiн, 11:03
Дәрігерлерді қорғаудың жаңа жолы: Қазақстанда кімдерге 13 млн теңге төленедіКеше, 18:14
АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады13 Қазан, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады