Астанада жерүсті метросы пайда болуы мүмкін: төрт станция қайда салынады?

Астанада жерүсті метросы пайда болуы мүмкін: төрт станция қайда салынады?

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Астанада алдағы жылдары теміржол желісін қоғамдық көлік жүйесінің бір бөлігі ретінде пайдалану жоспарланып отыр. Елорданың жаңартылған Бас жоспарына сәйкес, шамамен 2050 жылға қарай қала ішінде қатынайтын электр пойыздарын іске қосу көзделген.

Жоба жүзеге асса, қолданыстағы теміржол желісі тек қалааралық және алыс бағыттағы пойыздарға ғана емес, Астана тұрғындарының күнделікті қатынауына да пайдаланылмақ. Қалалық электричкалар елорданың әртүрлі аудандарын байланыстыратын жерүсті рельсті көлік жүйесінің бір бөлігіне айналады.

Төрт жаңа станция салу жоспарланған

Бас жоспарда қалалық электричкаларға арналған төрт жаңа станция орналастыру қарастырылған. Олардың бірі Қарағанды бағытына шығатын аумақтағы «Қарағанды» көлік хабының құрамында салынады. Қалған станциялар Мұстафин және Пушкин көшелерімен, сондай-ақ Бөгенбай батыр даңғылымен қиылысатын аумақтарда орналасуы мүмкін.

Жолаушылардың станцияларға қатынауын жеңілдету үшін оларға автобус бағыттарын жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар пойыздардың жүру аралығын қысқарту және станциялардан шамамен екі шақырым радиуста тұрғын үй мен коммерциялық нысандарды дамыту қарастырылған.

Осылайша, болашақ станциялар тек пойызға отыратын орын емес, автобус және басқа да қоғамдық көлік түрлерімен байланысқан көлік тораптарына айналуы ықтимал.

2050 жылға қарай бес пойыз қатынауы мүмкін

Астана әкімдігінің Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабына сәйкес, шамамен 2050 жылға қарай аталған бағытта беске жуық пойызды іске қосу жоспарланып отыр. Әр құрам бір мезетте 500-ге дейін жолаушы тасымалдай алады.

Бұл ретте арнайы жаңа теміржол желілерін салу қажет болмауы мүмкін. Жоба үшін қазіргі Астана-1 – Нұрлы жол теміржол бағытын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Болашақ станцияларды теміржолдың қаланың негізгі магистральдарымен қиылысатын тұстарына орналастыру ұсынылған. Олардың қатарында Пушкин көшесі мен Қошқарбаев даңғылы маңындағы аумақтар да бар.

Әкімдік мәліметінше, әзірге бұл жоба елорданың көлік жүйесін ұзақ мерзімді дамыту аясында қарастырылып отыр. Оны жүзеге асыру мерзімі мен қаржыландыру мәселелері кейінгі жоспарлау кезеңдерінде нақтыланады.

Қалалық электричкаларды іске қосу Астананың қарқынды өсуіне байланысты қоғамдық көлікке түсетін жүктемені бөлуге бағытталған жобалардың бірі болмақ. Егер жоспар жүзеге асса, тұрғындар қаланың бір бөлігінен екіншісіне қолданыстағы теміржол инфрақұрылымы арқылы қатынай алады.

Оқи отырыңыз

{