Астанада жаңа әуежайдың құрылысы жақын арада басталады

Астанада жаңа әуежайдың құрылысы жақын арада басталады

30.06.2026 13:03
Диана Орынбасар
Фото: El.kz/Арман Мухатов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында елордада жаңа әуежай салынатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан көлік-логистика әлеуетін күшейтуге басымдық беріп отыр. Осы бағытта теміржол, автожол және авиация инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.

Президент соңғы жылдары жаңа теміржол желілері іске қосылып, бірқатар магистральдардың құрылысы жалғасып жатқанын айтты. Сондай-ақ автожолдарды жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Авиация саласындағы табысымыз да көбейіп келеді, елімізде жаңа халықаралық әуе бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда Астана қаласына жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әуе жүк тасымалына арналған арнайы компания құруды да маңызды қадам деп бағалады. Оның сөзінше, бұл Қазақстанның халықаралық логистикадағы әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жуырда Брюссельде өткен келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылғанын айтты.

Оқи отырыңыз