Кейінгі жылдары Астана тек заманауи ғимараттарымен ғана емес, велосипед тебуге қолайлы инфрақұрылымымен де ерекшеленіп келеді. Қалада жаңа веложолдар салынып, саябақтар мен жағалаулар абаттандырылуда. Жаз мезгілінде тұрғындар мен туристер таза ауада серуендеп, велосипедпен қаланы аралауды әдетке айналдырған.
Егер сіз демалыс күнін белсенді өткізгіңіз келсе немесе кешкі серуенге жақсы орын іздеп жүрсеңіз, мына локациялар Астанадағы ең танымал әрі ыңғайлы бағыттардың қатарына кіреді.
Есіл өзенінің жағалауы – Астанадағы ең танымал велобағыттардың бірі.
Ұзын жағалау бойымен созылған веложолдар қала орталығын бірнеше саябақпен байланыстырады.
Жағалау бойында әдемі көпірлер, субұрқақтар, заманауи ғимараттар мен демалыс орындары орналасқан.
Кешкі уақытта жарық шамдары жанып, ерекше романтикалық атмосфера пайда болады.
Бұл жер ұзақ қашықтыққа велосипед тебуді ұнататындар үшін өте ыңғайлы.
Маршрутты Орталық саябақтан бастап, Ататүрік саябағына дейін жалғастыруға болады.
Қаладағы ең кең саябақтардың бірі саналатын Президенттік парк Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан.
Мұнда кең веложолдар, жүгіру жолдары және демалыс аймақтары жақсы дамыған.
Президенттік саябақтың тағы бір артықшылығы – оның Триатлон паркке жақын орналасуы.
Триатлон парк Президенттік саябақпен және Бауыржан Момышұлы саябағымен жалғасады. Сондықтан ұзақ әрі ыңғайлы маршрут жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мұнда велосипед пен электросамокатты жалға беру қызметі жұмыс істейді.
Егер спорт атмосферасы ұнаса, онда таңертең келу ыңғайлы болады.
Жетісу саябағы – Астанадағы заманауи әрі ерекше демалыс орындарының бірі. Бұрын «Арай» саябағы аталған бұл аумақ 2018 жылы толық жаңартылып, тұрғындардың сүйікті серуен аймағына айналды.
Саябақтың басты ерекшелігі – арнайы pump track велоалаңы. Толқынды жолдар мен кедергілерден тұратын бұл трек велосипед тебуді ұнататын жастар мен балалар арасында өте танымал.
Мұнда кәсіби спортшыларды да, жай әуесқойларды да жиі кездестіруге болады.
Жетісу саябағында велосипед тебуге ғана емес, тынығып серуендеуге де барлық жағдай жасалған.
Аумағында әсем субұрқақтар, балалар ойын алаңдары, спорттық аймақтар және демалыс орындары орналасқан.
Орталық саябақ – Астанадағы ең көне әрі ең танымал демалыс орындарының бірі. Тарихы XIX ғасырдан басталатын бұл саябақ бүгінде қала тұрғындарының күнделікті серуен құратын сүйікті мекеніне айналған.
Саябақ Есіл өзенінің жағалауында орналасқандықтан, мұнда велосипедпен жүріп келе жатып табиғат пен қаланың әдемі көрінісін қатар тамашалауға болады.
Ұзындығы шамамен 3,5 шақырым болатын веложолдар кешкі серуен мен белсенді демалысқа өте ыңғайлы.
Орталық саябақтың атмосферасы ерекше – бір жағында тыныш өзен жағалауы болса, екінші жағында аттракциондар, балалар алаңдары мен кафелер орналасқан.
Сондықтан бұл жер жастарға да, отбасымен демалушыларға да қолайлы.
Жаз мезгілінде саябақ велосипед тебуге таптырмас орынға айналса, қыс келгенде шаңғы тебетін аймақ ретінде де танымал.
Қаланың қақ ортасындағы Ботаникалық саябақ – велосипед сүйер қауымның ең жиі таңдайтын орындарының бірі.
Аумағы 89 гектардан асады, мұнда 95 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылған.
Қаланың қақ ортасында орналасқан бұл жер мегаполистің қарбаласынан аз уақытқа болса да алыстап, табиғат аясында демалуға мүмкіндік береді.
Саябақтың кең әрі тегіс асфальт жолдары велосипед тебуге өте ыңғайлы.
Ұзақ қашықтыққа асықпай серуендеп, жасыл желек арасында тынығуға болады.
Мұнда тоғандар мен субұрқақтар, соның ішінде танымал «Тайқазан» субұрқағы орналасқан.
Бұл орын әсіресе отбасымен серуендеуге немесе жалғыз тыныш велосипед тебуді қалайтындар үшін қолайлы.
Астанада велосипед тебу – жай спорт емес, қаланы басқа қырынан сезінудің ерекше тәсілі. Елордадағы саябақтар мен жағалаулар белсенді демалыс пен әдемі көріністі қатар ұсынады.