Астанада үстел теннисінен Президент кубогы басталды

Астанада үстел теннисінен Президент кубогы басталды

Диана Орынбасар
Фото: Фото: El.kz

Астанада әлемнің 29 елінен келген үстел теннисшілері бас қосты.

Фото: El.kz

Елордада екінші рет ұйымдастырылып отырған додаға әлемнің 29 елінен 160-қа жуық спортшы қатысып жатыр. Жарыстың ашылу салтанатында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстандағы үстел теннисінің дамуы мен халықаралық жарыстардың маңызына тоқталды.

Фото: El.kz

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда үстел теннисі бұқаралық және кәсіби деңгейде қарқынды дамып келеді. Ел бойынша бұл спорт түрімен 260 мыңнан астам адам шұғылданады, оның 10 мыңнан астамы – кәсіби спортшылар.

Бүгін елімізде 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен айналысады. Оның 10 мыңнан астамы – кәсіби спортшылар, – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғап жүрген спортшыларға да тоқталды.

Фото: El.kz

Ол Кирилл Герасименко, жастар арасындағы әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, Зауреш Акашева мен Сарвиноз Миркадированың жетістіктерін атап өтті.

Халықаралық аренада Кирилл Герасименко, жастар арасындағы әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, Зауреш Акашева мен Сарвиноз Миркадирова ел намысын лайықты қорғап жүр. Олардың жетістіктері – еліміздің мақтанышы, – деді министр.

Ербол Мырзабосынов Қазақстанның ірі халықаралық спорттық жарыстарды өткізу тәжірибесі артып келе жатқанын да айтты.

Фото: El.kz

Соның бірі – 2027 жылы елімізде өтетін үстел теннисінен әлем чемпионаты.

Қазақстан ірі халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесін де арттырып келеді. 2027 жылы елімізде үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл – халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанға деген сенімінің белгісі, – деді ол.

Фото: El.kz

Сондай-ақ министр World Table Tennis ұйымына және Халықаралық үстел теннисі федерациясының президенті Петра Сёрлингке Қазақстанға білдірген сенімі үшін алғыс айтты.

«Азияда жүлделі орын алып, көк туымызды желбіреткім келеді»

Халықаралық додада Қазақстан атынан Түркістан облысының өкілі Шахзода Ахмадалиева да бақ сынап жатыр. Спорт шебері үстел теннисімен 10 жасынан бері айналысады.

Фото: El.kz

Шахзоданың айтуынша, спортшылар бұл жарысқа ұзақ уақыт бойы тыңғылықты дайындалған. Ендігі мақсат – іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, келесі айналымдарға жолдама алу.

Жарыс өте жақсы өтіп жатыр. Біз бұл додаға үлкен дайындықпен келдік. Құдай қаласа, іріктеу кезеңінен өтіп, келесі айналымдарға шығуға бар күшімізді саламыз. Осы жарыс туралы белгілі болғаннан бері қызу дайындалып келеміз, – деді Шахзода Ахмадалиева.

Фото: El.kz

Оның айтуынша, халықаралық турнир қазақстандық спортшыларға рейтингтік ұпай жинаумен қатар, шетелдік қарсыластармен ойнап, тәжірибе арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл – халықаралық жарыс. Сондықтан біз үшін ұпай жинап қана қоймай, тәжірибе арттыруға да жақсы мүмкіндік. Құраманың негізгі ойыншылары қазір Азиядағы жарысқа кетті. Біз осы турнирде ел намысын қорғап жатырмыз, – деді спортшы.

Үстел теннисіне қызығушылығы қалай басталды?

Шахзода Ахмадалиева үстел теннисіне 10 жасында келген.

Фото: El.kz

Алғашында бұл спортпен әуесқой ретінде айналысқанымен, жарыстарға қатыса бастағаннан кейін қызығушылығы арта түскен.

Бастапқыда жай ғана ойнап жүрдік. Кейін жарыстарға қатыса бастаған сайын қызығушылығым арта берді. Неғұрлым көп жарысқа, соның ішінде шетелдегі додаларға қатысқан сайын, көбірек дайындалғың келеді. Спортқа деген қызығушылығың да арта түседі, – дейді Шахзода.

Фото: El.kz

Спортшы Қазақстанда үстел теннисіне қызығатындардың қатары көбейіп келе жатқанын да байқаған.

Қазір үстел теннисіне қызығатындар өте көп. Меніңше, Қазақстанда бұл спортқа қызығушылық айтарлықтай артты, – деді ол.

Фото: El.kz

Ал Шахзоданың спорттағы ең үлкен мақсаты – құрлықтық додада Қазақстанға жүлде сыйлау.

Менің үлкен арманым – Азияда жүлделі орын алып, көк туымызды желбірету, – деді Шахзода Ахмадалиева.

Фото: El.kz

Astana 2026 President’s Cup халықаралық турнирі 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Әлемнің 29 елінен келген спортшылар жекелей, жұптық және аралас жұптық сайыстарда жүлдеге таласады.

Фото: El.kz

Оқи отырыңыз

{