Астанада шала туған балаларға қолдау көрсетілді

Астанада шала туған балаларға қолдау көрсетілді

Амангүл Тілейқызы
Фото: © El.kz

Бірі 650, енді бірі 901 грамм болып дүниеге келген. Өмірінің алғашқы айларын ауруханада өткізген бұл балалар бүгінде мектепке барып, спортпен айналысып, жетістіктерімен ата-анасын қуантып жүр. Астанада бас қосқан отбасылар бастан өткерген қиындықтары мен бүгінгі қуаныштарын бөлісіп, балаларының өмірі үшін күрескен дәрігерлерге алғыс айтты, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Бүгін «Алатау» спорт сарайында мерзімінен бұрын туған балалар мен олардың отбасыларына арналған «Күш пен махаббат жолы» қайырымдылық эстафетасы жоғары деңгейде өтті. UMC Ана мен бала орталығының дәрігерлері бастамашы болған шараға Ішкі істер министрлігі қолдау көрсетіп, спорт сарайын ұсынған. Кездесу 17 қарашада аталып өтетін мерзімінен бұрын туған балалар күніне орай ұйымдастырылды.

650 грамм болып туған Айристің жетістігі

Әлия Ушакпаеваның қызы Айрис дүниеге келгенде салмағы небәрі 650 грамм, бойы 33 сантиметр болған. Анасы сол кезеңде дәрігерлердің көмегі мен қолдауы отбасы үшін қаншалықты маңызды болғанын айтады.

Бұл өте қиын кезең еді. Дәрігерлер қызыма мұқият күтім жасап, бізге үнемі қолдау көрсетті. Түнде баланың жағдайын уайымдап, WhatsApp арқылы жазсақ та, жауап беретін. Сол кездегі көмегі мен көңіл бөлгені үшін алғысым шексіз, – деді Әлия.

Қызы сегіз айға толғанда отбасы жұмыс бабымен АҚШ-қа барған. Сол жақта Айристі қараған неонатолог оның алғашқы күндерінде көрсетілген медициналық көмекті жоғары бағалаған.

© El.kz

Дәрігер қызымның жақсы күтім көргенін айтты. Әсіресе өмірінің алғашқы минуттары мен секундтарында дұрыс көмек көрсеткен мамандарға алғыс айтуымыз керектігін жеткізді, – дейді ол.

Қазір Айрис 11 жаста. Көркем гимнастикамен айналысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

«Қызымның жағдайы жақсы, бірінші сыныпта оқиды»

Айгерім Мырзагелдиованың қызы да өмірге ерте келген. Ол 2019 жылы Ана мен бала орталығында жүктіліктің 27-аптасында, салмағы 901 грамм болып туған.

Нәрестенің жағдайы дәрігерлердің ұзақ уақыт бақылауы мен күтімін қажет еткен. Анасы мен қызы орталықта үш жарым ай болғаннан кейін ғана үйіне оралған.

Қазір қызымның жағдайы жақсы. 1-сыныптаоқиды. Оның осындай күнге жетуіне көмектескен Ана мен бала орталығының дәрігерлеріне алғысым шексіз, – деді Айгерім.

Оның айтуынша, сол қиын кезеңде үмітін үзбей, дәрігерлерге сенім арту үлкен демеу болған. Енді қызының әр жетістігі отбасына ерекше қуаныш сыйлайды.

Жоғары санатты дәрігер-неонатолог Айнұр Сапарбаеваның айтуынша, мұндай шаралар отбасыларға қолдау көрсетіп қана қоймай, медицина қызметкерлеріне де еңбегінің нәтижесін көруге мүмкіндік береді.

Мерзімінен бұрын туған сәбилердің арасында ұзақ ем мен оңалтуды қажет ететін балалар бар. Сондықтан олардың өсіп, түрлі салада жетістікке жеткенін көру басқа ата-аналарға да үміт сыйлайды.

Біздің балаларымыздың арасында республикалық жарыстарға қатысып, шетелге шығып жүрген спортшылар бар. Білім мен өнер саласында жетістікке жеткендері де көп. Олар осындай кездесулерге келіп, өнерін көрсетеді. Бұл ата-аналарға қолдау болса, дәрігерлерге шабыт береді, – деді Айнұр Сапарбаева.

Дәрігер бір баланың денсаулығын нығайтуға көптеген маманның еңбегі жұмсалатынын атап өтті. Стационардағы емнен кейін де бақылау мен күтім жалғасады. Осындай кездесулер дәрігерлерге өздері емдеген балалардың кейінгі өмірін көруге, ал отбасыларға тәжірибе бөлісуге мүмкіндік береді.

© El.kz

Бүгінгі шараға 30-ға жуық ата-ана келген. Отбасылар эстафетаға қатысып, балаларға сыйлықтар табысталды. Аниматорлар мен еріктілер бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Игі іске «28 петель» еріктілер ұйымы да атсалысқан. Ұйым мүшелері мерзімінен бұрын туған нәрестелерге жылы киімдер тоқып береді.

Кездесуде ата-аналар бір-бірімен танысып, балаларының жетістіктерін бөлісті. Ал дәрігерлер бір кездері алақанға сыйып кеткен сәбилердің өсіп, мектепке барып, спорт пен өнерге талпынып жүргеніне куә болды.

Оқи отырыңыз

{