Астанада роботтар «Қара жорға» билеп, форумды қазақ тілінде жүргізді

Астанада роботтар «Қара жорға» билеп, форумды қазақ тілінде жүргізді

Диана Орынбасар
Фото: El.kz/Диана Орынбасар

Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Qazbot Robotics Forum 2026 басталды.

Форумның ашылуы әдеттегі хаттамалық рәсімнен өзгеше өтті: роботтар «Қара жорға» биін орындаса, қазақ тілінде сөйлейтін гуманоид іс-шара тізгінін ұстады.

Роботтар қара жорға биледі. El.kz/Диана Орынбасар

Басқосуда гуманоидты роботтарды өнеркәсіп пен бизнеске енгізу, жасанды интеллектіні физикалық құрылғылармен ықпалдастыру және Қазақстанда робот өндірісін жолға қою перспективалары талқыланды.

Саясат Нұрбек. El.kz/Диана Орынбасар

Робототехника – технологиялық трансформацияның маңызды бағыты

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов форум қатысушыларын құттықтап, Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналуында робототехниканың маңызы артып келе жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы министрлік пен Үкіметтің алдына Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Осы мақсатта Digital Qazaqstan стратегиясы қабылданды. Бұл – алға қойған міндетті орындауға бағытталған нақты іс-шаралар қамтылған жол картасы. Робототехника – осы стратегия мен технологиялық трансформацияның маңызды бағыттарының бірі, – деді вице-министр.

Роботтар. El.kz/Диана Орынбасар

Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, жасанды интеллект дамуының келесі кезеңі үлкен тілдік модельдерді физикалық роботтармен біріктіруге байланысты болмақ.

ChatGPT және Gemini секілді үлкен тілдік модельдер күн өткен сайын жетіліп, мүмкіндіктері артып келеді. Енді олардың келесі даму кезеңі физикалық роботтармен интеграциялануға байланысты болады деген пікір бар. Біз бұған кәміл сенеміз және осы бағытты жан-жақты қолдаймыз, – деді ол.

Орталық Азиядағы алғашқы робот зауыты

Бұған дейін мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында QAZBOT Technologies пен AgiBot компаниялары арасында аймақтық Robotics & AI Hub құру туралы келісім жасалған. Жоба Қазақстанда гуманоидты роботтар өндірісін іске қосып, робототехника саласындағы инженерлік әзірлемелерді дамытуға бағытталған.

Роботтар. El.kz/Диана Орынбасар

18 тамызда Астанада Қазақстандағы алғашқы QAZBOT Robotics & AI кешенінің құрылысы басталып, уақыт капсуласы салынды.

Бұл – Орталық Азиядағы гуманоидты роботтар шығаратын алғашқы зауыт. Осылайша Қазақстан роботтарды тек пайдаланатын ел ғана емес, оларды өзі өндіретін, әзірлейтін және жетілдіретін технологиялық мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасап отыр. Ендігі ортақ міндетіміз – өндірісті іске қосып, Қазақстанда робототехниканың жаңа саласының негізін қалау, – деді Ғиззат Байтұрсынов.

Вице-министр жобаны Қазақстанмен бірлесіп жүзеге асырып жатқан AgiBot компаниясының өкілдеріне алғыс білдірді.

Роботтар қауіпті өндірістерде қолданылады

QAZBOT компаниясының техникалық директоры Азамат Ешмұхаметов жасанды интеллектінің енді бағдарламалық ортадан физикалық құрылғыларға көшіп жатқанын атап өтті.

Азамат Ешмұхаметов. El.kz/Диана Орынбасар

Бұған дейін жасанды интеллект негізінен бағдарламалық деңгейде қолданылса, енді ол роботтар секілді физикалық құрылғыларда жұмыс істейтін болады. Ең алдымен роботтарды адам өміріне қауіп төнетін өндіріс орындарында және жұмыс күші тапшы салаларда пайдаланамыз. Олар уран және тау-кен өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Компания өкілінің сөзінше, әзірге мұндай технологияны санаулы мемлекет қана дамытып отыр.

Қазір бізде өнеркәсіпте қолдануға арналған он шақты робот бар. Олар адам секілді қозғалып, сөйлей алады. Мұндай роботтар Қытайда, АҚШ-та және Оңтүстік Кореяда бар. Роботтардың аппараттық бөліктерін Қазақстанда шығару үшін зауыт құрылысының капсуласын салдық. Келесі жылы оның ашылу салтанатына куә боласыздар, – деді Азамат Ешмұхаметов.

Форум барысында робототехникалық жүйелерді жергіліктендіру, бағдарламалық қамтамасыз ету мен жасанды интеллект модельдерін әзірлеу, R&D және Data Factory бағыттарын дамыту, инженерлік кадрлар даярлау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар роботтарды өнеркәсіп, қаржы, мұнай-газ және экономиканың өзге салаларына енгізудің практикалық мүмкіндіктерін қарастырды.

Оқи отырыңыз

{