Астанада Орта Азиядағы ең ірі робототехника чемпионаты өтіп жатыр

23 Ақпан, 22:46 746

Бүгін Астанада робототехникадан Орталық Азиядағы ең ауқымды дода Central Asia FIRST Championship чемпионатының ашылуы салтанаты өтті. Додада 5 елден келген үш мыңнан астам оқушы 3 күн бойы өзара бәсекеге түсетін болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Байқаудың ашылу салтанатында Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев сөз сөйлеп, Оқу-ағарту министрлігі STEM білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Мұндай байқаулар жас зерттеушілерге өз әлеуетін ашуға және техника, технология, физика, математика салаларында өздерін дәлелдеуге көмектеседі. Бұл алаң тәжірибе алмасу, шабыт алу және оқушылардың ғылыми қызығушылықтарын дамыту үшін тамаша мүмкіндік. Осы идея елімізде робототехниканың дамуына үлес қосып, қатысушылар тамаша нәтижелерге қол жеткізсін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!, – деді комитеті төрағасы.

Чемпионатты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «USTEM Foundation» және Астана қаласының білім басқармасы Оқу-ағарту министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бірлесіп өткізуде.

Министрліктің хабарлауынша, конкурс әлемдік FIRST бағдарламасы аясында үш жас категориясы бойынша өтеді: FLL Explore (6-10 жас), FLL Challenge (10-16 жас) және FIRST Tech Challenge (12-18 жас). Сонымен қатар чемпионатта инновациялық жобалар байқауы мен қазылар сессиясы да болады.

Айта кету керек, FIRST чемпионаттары жыл сайын түрлі тақырыптар бойынша өткізіледі. Биылғы маусым өнер тақырыбына арналып отыр.

Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар, АҚШ, Австралия, Сингапурдағы халықаралық олимпиадаларға қатысуға лицензиялар, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына гранттар, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.

Оқи отырыңыз: 

Перизат Саденова
Бөлісу: