Түркістанның бай тарихы туралы баяндайтын «Мыңжылдықтар тоғысындағы Түркістан» көрмесінің салтанатты ашылуы бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Республика күні мен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы мерейтойлық саммитіне орайластырылған іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. Көрменің мақсаты – дала мәдениетінің әлемдік өркениеттегі ерекше орнын көрсету, түркі мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі тереңдету.
Іс-шараның ашылу салтанатына Парламент депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, тарих және филология ғылымдарының докторлары, профессорлар, мұражай мен кітапхана өкілдері қатысты.
Қатысушылар 3 бөлімнен тұратын «Тарихы терең Түркістан», «Түркістан-Түркі әлемінің рухани орталығы», «Жошы Ұлысынан (Ұлық Ұлыс) Қазақ хандығына дейін» экспозициямен танысты.
XIV ғасырға жататын экспонаттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі құрылысының тарихы мен ерекшеліктері туралы баяндайды, сондай-ақ келушілер Шыңғыс хан кезеңінің, Жошы Ұлысы (Ұлық Ұлыс) дәуірінің және Қазақ хандығының сәулеттік және нумизматикалық экспонаттарын тамашалады. Жалпы, көрмеде бірнеше тарихи хронологиялық кезеңдер қамтылған.
Көрмеге барлығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының тарихынан сыр шертетін 130-ға жуық бірегей жәдігерлер қойылған. Олардың әрқайсысы тарихтың бір үзіндісін ғана емес, сол заманның рухын да алып жүр.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістан - ең көне қала, түркі өркениетінің рухани әлемінде ерекше орын алады. Бұл ұлы шедевр ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген сәттен бастап жиырма жыл өтті.