30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыАстананың жаңартылған Бас жоспарында елорданың қоғамдық көлік жүйесін дамытуға қатысты бірқатар өзгеріс қарастырылған. Алдағы жылдары LRT желісін кеңейту, қалалық электр пойыздарын іске қосу және бірнеше көлік түрін байланыстыратын ірі хабтар құру жоспарланып отыр.
Болжам бойынша, 2035 жылға қарай Астана халқы 2,28 миллион адамға жетеді. Соған байланысты қоғамдық көлікті пайдаланатындар саны да екі есеге жуық артуы мүмкін.
LRT «крест» схемасымен дамиды
Астанада LRT желісін дамытудың 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтитын 10 нұсқасы қарастырылған. Олардың ішінен желілердің ұзындығы, жолаушылар ағыны және тұрғындардың жолға жұмсайтын уақыты ескеріліп, ең тиімдісі таңдалған. Нәтижесінде «крест» схемасына басымдық берілді. Бұл схема бойынша желілер жолаушылар ең көп қатынайтын негізгі бағыттармен өтіп, қаланың маңызды нүктелерін байланыстырады және бір-бірімен қиылысады.
Құжатта Tarlan Astana желісінде жүретін бір құрамның сыйымдылығы 650 жолаушыға есептелгені көрсетілген. 2035 жылға қарай жүйеде үш бағытты іске қосу мүмкіндігі бар. Оларға қызмет көрсету үшін 16 жылжымалы құрам жеткілікті болады деп есептелген.
Қоғамдық көлік күніне 1,5 миллион жолаушы тасымалдайды
Халық саны өскен сайын елорданың қоғамдық көлігіне түсетін жүктеме де артады. Бас жоспардағы есеп бойынша, 2035 жылға қарай қоғамдық көлік тәулігіне 1,5 миллионға дейін жолаушы тасымалдауы тиіс.
Осыған байланысты автобустар мен басқа да қоғамдық көліктің жалпы сыйымдылығын 180 мың орынға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар салондардың шамадан тыс толып кетпеуі үшін көліктердегі жүктемені белгіленген норматив шегінде ұстау жоспарланған.
Қалалық электр пойыздары іске қосылуы мүмкін
Қоғамдық көлік жүйесіне теміржолды да қосу жоспарланып отыр. Қолданыстағы теміржол желісін қала ішіндегі және қала маңындағы сапарларға пайдаланып, жерүсті метросына ұқсас жүйе құру көзделген.
Ол үшін төрт жаңа станция салу ұсынылған:
Қарағанды бағытындағы қалаға кіреберісте;
Мұстафин көшесімен қиылыста;
Пушкин көшесімен қиылыста;
Бөгенбай батыр даңғылымен қиылыста.
2035 жылға қарай қалалық электр пойыздары тәулігіне 16,3 мың жолаушыға дейін тасымалдай алады. Бұл бағытқа әрқайсысы 500 адамға дейін қабылдайтын беске жуық пойыз шығару көзделген.
Станцияларға жетуді жеңілдету үшін арнайы автобус бағыттарын ұйымдастыру, пойыздардың қолайлы қозғалыс аралығын белгілеу де қарастырылған.
LRT, автобус және пойыз бір жүйеге біріктіріледі
Бас жоспардағы тағы бір маңызды өзгеріс – көліктік-ауысып міну тораптарын дамыту. Астанада осындай тоғыз хаб құру жоспарланған. Олар жолаушыларға бір көліктен екіншісіне ыңғайлы ауысуға мүмкіндік береді. Мәселен, қала шетінен келген адам жеке көлігін тұраққа қалдырып, әрі қарай LRT, автобус, трамвай немесе қалалық электр пойызымен жүре алады.
Мұндай тораптарды «Астана» және «Нұрлы жол» теміржол вокзалдарында, әуежайда, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Қорғалжын бағыттарынан және қаланың оңтүстік жағынан кіреберістерде орналастыру жоспарланған. Әр хабта қоғамдық көлік станциялары, автотұрақтар, велосипед тұрақтары мен электромобильдерді қуаттау орындары қарастырылады.
Осылайша, Бас жоспар бойынша алдағы жылдары Астанада қоғамдық көліктің бірнеше түрін өзара байланыстыратын бірыңғай жүйе қалыптастыру көзделіп отыр. Оның негізгі бөлігін LRT, автобус бағыттары, қалалық электр пойыздары және көліктік-ауысып міну тораптары құрайды.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды