12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікАстанада 19-22 қараша аралығында конкурдан FEI Әлем кубогының Еуразиялық лигасының финалы өтеді. Қазақстан ат спорты тарихында алғаш рет ұйымдастырылатын бұл бәсекеге 40-тан астам үздік шабандоз қатысады. Спортшылар жүлделі орындармен қатар Әлем кубогының басты финалына берілетін жолдамаларды сарапқа салады. El.kz тілшісі жарыс алдындағы дайындық барысымен танысып, мамандармен және спортшылармен тілдесті.
Астанада бес елдің үздік шабандоздары бас қосады
«Арғымақ» ат-спорт кешенінде өтетін халықаралық турнирге Қазақстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстан спортшылары қатысады.
Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ресми тізіміне сәйкес, Еуразиялық лиганың финалында Қазақстан атынан Эстелла Бабаян, Ксения Баталова, Бекжан Байжанұлы, Әнуар Досмайылов, Аян Ғани, Фарух Ибрагимов, Ислам Исламов, Нұрболат Қартқожақ, Олег Соколенко, Раиса Соколенко және Нұрила Тұрысбекова бақ сынайды.
ҚР Ат спорты федерациясы президентінің кеңесшісі, халықаралық төреші Сергей Буйкевичтің айтуынша, Еуразиялық лиганың финалы елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – Қазақстандағы ат спортының дамуы үшін маңызды оқиға.
Алдағы жарыста спортшылар Әлем кубогының басты финалына берілетін үш жолдаманы сарапқа салады. Сонымен қатар Халықаралық ат спорты федерациясына турнирдің өту барысы туралы кемінде үш ресми есеп жолданады. Жарыс жоғары бағаланып, еліміздегі ат спортының одан әрі дамуына септігін тигізеді деп сенемін, – деді Сергей Буйкевич.
Турнирге Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Вос та келеді деп күтілуде.
Айта кетейік, биыл мамыр айында «Арғымақ» ат-спорт кешенінде 11 елдің спортшылары қатысқан Challenge әлемдік сериясының финалы өткен болатын.
Қазақстандық спортшылардың жолдама алуға мүмкіндігі бар ма?
Еуразиялық лига Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Каспий-Кавказ өңірлерін қамтиды. Әр өңірдің үздік шабандоздары Әлем кубогының басты финалына жолдама алу үшін бақ сынайды.
Орталық Азия спортшылары арасында қазақстандық Олег Соколенко көш бастап тұр. Дегенмен Қырғызстан мен Өзбекстан шабандоздарының да жолдама алуға мүмкіндігі бар.
Жарыстың алғашқы күнінде жолдамадан үміткер спортшылар биіктігі 145 сантиметр болатын кедергілерден өтеді. Бірінші орын алған шабандоз 10 рейтингтік ұпай иеленсе, екінші күні өтетін бәсекеде жеңімпазға 15 ұпай беріледі.
Ал 22 қарашада өтетін Гран-при додасында кедергілердің биіктігі 155 сантиметрге жетіп, рейтингтік ұпайлар екі еселенеді.
Шешуші күні бірінші орын алған спортшы 30 ұпай жинайды. Маусым бойы жинаған ұпайлар да сақталады. Демек, қазір турнирлік кестеде көш бастап тұрмаған спортшының өзі сәтті өнер көрсетіп, қарсыластарын басып озуы мүмкін. Сондықтан жарыстың нәтижесін алдын ала болжау қиын. Әр спортшының мүмкіндігі бар, – деді Сергей Буйкевич.
Қазақстан құрамасы финалға қалай дайындалды?
Қазақстандық шабандоз Нұрила Тұрысбекова биыл ұлттық құраманың дайындығы жоғары деңгейде екенін айтты. Спортшының өзі де Әлем кубогының басты финалына жолдама алудан үмітті.
Биыл Қазақстан құрамасы өте мықты. Дайындығымыз жақсы, жылқыларымыз да бабында. Жарыстың өз елімізде өтіп жатқаны қуантады. Жанкүйерлеріміздің қолдауы бізге үлкен әсер етеді. Өзім жаттықтырушыммен бірге қойған мақсаттарыма жетіп, Әлем кубогына жолдама алу үшін барымды салғым келеді, – деді Нұрила Тұрысбекова.
Спортшының айтуынша, ұлттық құраманың тәжірибелі мүшелері маусым бойы шетелдегі жарыстарға қатысып, бірнеше ай Еуропада дайындалған.
Жақында Азия ойындарынан оралдық. Биыл жылқыларымыз жыл бойы жарыстарға қатысты. Еуропада үш-төрт ай болып, апта сайын жарысқа шығып жүрдік. Осы турнирге де дайындалдық. Жылқы тасымалдауға арналған арнайы ұшақтардың рейстеріне байланысты елге сәл кеш оралдық. Дегенмен дайындығымыз тыңғылықты болды, жүлделі орындардан үміттіміз, – деді спортшы.
Нұрила Тұрысбекованың айтуынша, Астанадағы турнир халықаралық аренада әлі өнер көрсетпеген жас шабандоздар үшін де үлкен мүмкіндік.
Жылқысын Ресейге немесе басқа елдерге апарып, жарысқа қатыстыруға мүмкіндігі жоқ спортшылар бар. Олардың арасында да талантты шабандоздар көп, жылқылары да жақсы. Енді олар өз елімізде осындай ірі турнирге қатысып, қабілеттерін көрсете алады, – деді ол.
Жылқылар жарықтан да қорқуы мүмкін
Конкур – ат спортының ең күрделі олимпиадалық түрлерінің бірі. Мұнда шабандоз бен жылқы арнайы белгіленген бағыт бойынша түрлі биіктіктегі кедергілерден жылдам әрі қатесіз өтуі керек.
Ал сол кедергілердің орналасуын, арақашықтығы мен бұрылыстарын есептеп, жарыс маршрутын құрастыратын арнайы мамандар бар.
Астанадағы турнирде бұл міндет түркиялық курс-дизайнер Мұрат Батурға жүктелген.
Маманның айтуынша, жарыстың алғашқы күнінде маршрут салыстырмалы түрде жеңіл болады. Ал финалға жақындаған сайын тапсырмалар күрделене түседі.
Биылғы турнирдің тағы бір ерекшелігі – жарыстың жабық манежде өтуі.
Жылқылар – өте сезімтал жануарлар. Олар жарықтан, экрандардан, тіпті айналасындағы кейбір заттардан қорқуы мүмкін. Оның үстіне жабық манежде кеңістік шектеулі. Кейбір жылқылар биыл алғаш рет жабық алаңда өнер көрсеткелі отыр. Сондықтан мұның бәрін ескеруіміз керек, – деді Мұрат Батур.
Жарыс маршрутын құрастыру кезінде Халықаралық ат спорты федерациясының арнайы талаптары сақталады. Кедергілердің биіктігі мен ені, олардың арасындағы қашықтық, бұрылыстар мен тосқауылдардың түрлері де назарға алынады.
Менің міндетім – барлық қатысушыға тең жағдай жасау. Маршрут қызықты, күрделі, бірақ спортшылар өте алатындай болуы керек. Жергілікті жылқылар бұл манежге үйренген, ал шетелден келгендері жаңа ортаға бейімделуі қажет. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, күрделілік пен әділдіктің арасындағы тепе-теңдікті табуымыз керек, – деді маман.
«Жылқының көзіне қарап, жағдайын түсінеміз»
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ксения Баталова жарысқа Lady Di есімді жылқысымен қатысады. Голландиялық жылы қанды жылқы тұқымына (KWPN) жататын 12 жастағы тұлпардың басты ерекшелігі – Қазақстанда дүниеге келіп, осында спорттық дайындықтан өткен.
Шабандоз бала кезінен ат спортымен айналысады. Ал Lady Di-мен тоғыз жылдан бері бірге.
Әдетте біздің спортшылар Еуропадан әкелінген жылқылармен жарысқа қатысады. Ал менің жылқым Қазақстанда дүниеге келді. Бүкіл дайындығы да осында өтті. Бұл – елімізде туған, өз тұқымының ішінде осындай спорттық деңгейге жеткен жалғыз жылқы, – деді Ксения Баталова.
Спортшының айтуынша, конкурда шабандоздың шеберлігімен қатар жылқымен тіл табыса білуі де маңызды. Мұндай үйлесімге қол жеткізу үшін жылдар қажет.
Жылқылар да адам секілді жарыс алдында қобалжиды, шаршайды, кейде көңіл күйі болмайды. Тәжірибелі шабандоз мұның бәрін бірден байқай алады.
Жылқы да біз сияқты спортшы. Тәжірибесі артқан сайын қобалжуы да азаяды. Оның шаршағанын, физикалық жағдайын, көңіл күйін сеземіз. Мұны сөзбен жеткізу қиын. Кейде жылқымыздың көзіне қарап-ақ бәрі жақсы екенін немесе бір нәрсенің дұрыс болмай тұрғанын түсінеміз, – деді спортшы.
Бірнеше күнге созылатын жарыс алдында жылқыларға шамадан тыс күш түсірмеу де маңызды. Сондықтан шабандоздар жарысқа бір күн қалғанда кедергілерден секірмей, жеңіл жаттығулармен шектеледі. Осылайша жылқының күшін бүкіл турнирге жеткізуге тырысады.
Ал алдағы жарыстың нәтижесіне қатысты Ксения Баталова алдын ала болжам жасағысы келмейтінін айтты.
Біздің спорттың ерекшелігі – жылқымен бірге өнер көрсететінімізде. Бүгін жүлделі орын иеленсек, ертең үздік ондыққа да кірмей қалуымыз мүмкін. Сондықтан жарыстың нәтижесін алдын ала болжамаймыз. Әрине, жоспарымыз бар, жақсы нәтижеге үміттенеміз. Бірақ бәрі кез келген сәтте өзгеруі мүмкін, – деді ол.
Қазақы жылқылармен конкурға қатысуға бола ма?
Нұрила Тұрысбековадан отандық жылқы тұқымдарымен халықаралық конкур жарыстарына қатысу мүмкіндігі туралы да сұрадық.
Оның айтуынша, конкурға арналған жылқылар бәйге аттарынан дене бітімімен, секіру техникасымен ерекшеленеді. Бұл спортта арнайы өсірілген неміс, бельгиялық, голландиялық және басқа да жылқы тұқымдары пайдаланылады.
Жылқының түсі маңызды емес. Есесіне оның тегі мен ата-бабасының спорттық қабілетіне ерекше мән беріледі.
Конкурға жас жылқы сатып аларда оның секіру техникасына, тегіне қараймыз. Аталығы мен аналығының, тіпті арғы аталарының қандай болғанын да зерттейміз. Өйткені оның болашақта қандай нәтиже көрсете алатынын бағалауымыз керек. Қазақстанда балалар мен жас шабандоздар жаттығатын отандық жылқылар бар. Олармен биіктігі 120 сантиметрге дейінгі кедергілерден өтуге болады. Алайда жоғары деңгейдегі кәсіби жарыстарда, өкінішке қарай, біздің жылқы тұқымдары қолданылмайды, – деді шабандоз.
Қазақстанда неге кәсіби спортқа арналған жылқылар өсірілмейді?
Сергей Буйкевичтің айтуынша, Қазақстанда дүниеге келген жылқы мен отандық жылқы тұқымын шатастырмау керек. Қазір елімізде шетелден асыл тұқымды айғырлар мен биелер әкелініп, олардан төл алу тәжірибесі бар. Алайда олардың Қазақстанда дүниеге келуі отандық тұқымға жататынын білдірмейді.
Бүгінде балаларды ат спортына баулу, жас шабандоздарды даярлау кезінде қазақстандық жылқылар көп қолданылады. Бірақ үлкен спортқа келгенде, өкінішке қарай, бізде қажетті жылқылар жоқ. Қазақстандағы жылқы зауытында дүниеге келген, өзінің асыл тұқымдық шежіресі бар спорттық жылқылармен мақтана алатындай жағдайға әлі жеткен жоқпыз, – деді Сергей Буйкевич.
Маман мұның бір себебін экономикалық тиімділікпен байланыстырады. Оның сөзінше, кәсіби спортқа арналған жылқы өсіру ұзақ уақытты қажет етеді. Ал жеке шаруашылықтар үшін ет пен сүт өндіруге бағытталған жылқы шаруашылығы экономикалық тұрғыдан тиімдірек.
Қазір жұмыс істеп тұрған жылқы зауыттары жекеменшік. Олардың мақсаты әрдайым біздің спорттық жетістігімізбен сәйкес келе бермейді. Өйткені спорттық нәтиже ұзақ уақытты қажет етеді және бірден экономикалық пайда әкелмейді. Ал ет, сүт өндіру бағытында жағдай басқаша. Экономика нарық заңдылықтарына сай жұмыс істейді. Өкінішке қарай, елімізде спорттық жылқылар нарығы әлі қалыптаспаған, – деді маман.
Оның айтуынша, ат спортының өкілдері бұл мәселені көтеріп жүргенімен, оны шешу тек федерацияға байланысты емес. Мұнда ауыл шаруашылығы саласының да атқаратын рөлі зор.
Егер елімізде кәсіби спортқа жарайтын жылқылар өсірілсе, біз олармен қуана жарысқа қатысар едік. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш болар еді. Отандық нарықта осындай жылқылар пайда болған сәтте оларды пайдалануға дайынбыз, – деді Сергей Буйкевич.
Шешуші дода 22 қарашада өтеді
Халықаралық турнир 19 қарашада басталады. Төрт күнге созылатын жарыста шабандоздар биіктігі 125 сантиметрден 155 сантиметрге дейін жететін кедергілерден өтіп, шеберліктерін көрсетеді.
20 қараша күні сағат 15:00-де турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Көрермен концерттік бағдарламамен қатар биіктігі 150 сантиметрлік кедергілерден секіру жарысын тамашалай алады.
Ал 22 қарашада турнирдің басты бәсекесі өтіп, жеңімпаздар анықталады.
Халықаралық дода қазақстандық шабандоздар үшін әлемдік деңгейде өз шеберлігін көрсетуге, ал көрермен үшін ат спортының қыр-сырын жақыннан тануға мүмкіндік береді.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер