28.04.2026
16:30
237
Жаңалықтар

Астанада кептеліске себеп болған көліктерді жаппай эвакуациялау басталды

Астанада жол ережесін бұзған жүргізушілердің көліктерін ақылы эвакуациялау жүйесі енгізілді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланды. Жаңа шара жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, көлік жүктемесін азайтуға бағытталған.

Бүгіннен бастап елорда көшелерінде арнайы эвакуаторлар жұмыс істей бастады. Олар тұрақ және аялдау ережелерін бұзған көліктерді коммуналдық айып тұрақтарына жеткізеді. Бұл шешім қаланың көлік жүйесін кешенді дамыту аясында қабылданған. Себебі ретсіз қойылған көліктер қозғалысқа айтарлықтай кедергі келтіріп, жол қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының дерегінше, елордада келіп-кететін көліктерді қосқанда 600 мыңнан астам автокөлік бар. Ал автоматтандырылған жүйелер күн сайын 2 мыңнан астам құқықбұзушылықты тіркейді.

Орталық директоры Марат Садуовтың айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар қаладағы қозғалысқа елеулі әсер етеді.

Тұрақ және аялдау ережелерін бұзу – қала көшелеріндегі негізгі проблемалардың бірі. Біз күн сайын мыңдаған заңбұзушылықты тіркейміз. Осындай ретсіз қойылған көліктер көшелердің өткізу қабілетін 50 пайызға дейін төмендетіп, кептелістердің пайда болуына тікелей әсер етеді. Сондықтан эвакуация – бұл жазалау емес, ең алдымен жол қозғалысын реттеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шара, – деді ол.

Мәслихат шешіміне сәйкес, ең алдымен жаяу жүргіншілер өткелдерінде, тротуарларда және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарда дұрыс қойылмаған көліктер эвакуацияланады. Сонымен қатар адамдар көп шоғырланатын, тыйым салу белгілері орнатылған және қозғалысқа кедергі келтіретін аумақтар да бақылауда болады. Эвакуация процесі толық цифрландырылған. Арнайы жүйелер құқықбұзушылықты тіркеп, мәліметтерді полицияға жолдайды. Кейін көлік иесіне eGov Mobile қосымшасы арқылы хабарлама жіберіледі. Орталық өкілдері цифрландыру бұл процесті ашық әрі тиімді ететінін атап өтті.

Бүгінде эвакуация процесі толық цифрландырылған. Арнайы автоматтандырылған жүйелер құқықбұзушылықтарды тіркеп, мәліметтерді полицияға жібереді. Кейін шешім электронды түрде қабылданып, көлік иесіне хабарлама жіберіледі. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, адами факторды азайтады, – деп хабарлады орталықтан.

Егер жүргізуші заңбұзушылықты сол жерде түзесе, көлік эвакуацияланбайды, тек әкімшілік шара қолданылады. Ал көлігін таппай қалған жүргізушілер 102 немесе 112 нөмірлеріне хабарласып, қажетті ақпарат ала алады.

Егер жүргізуші көлігін таппай, хабарлама алмаса, 102 немесе 112 нөміріне хабарласа алады. Онда эвакуацияның себебі мен әрі қарай қандай әрекет жасау керектігі толық түсіндіріледі. Көлікті қайтару үшін алдымен полиция департаментінің әкімшілік тәжірибе бөліміне жүгініп, тиісті рұқсат алу қажет. Осыдан кейін ғана көлікті арнайы тұрақтан алып кетуге болады,– деп түсіндірді мамандар.

Эвакуация құны 3 АЕК, ал көлікті айып тұрағында сақтау ақысы бөлек төленеді.