30.04.2026
17:30
345
Жаңалықтар

Астанада ерекше саябақ ашылды

Астанада тұрғындар мен қала қонақтарына арналған жаңа заманауи демалыс аймағы – «Samal Park» ашылды. Қаланың сол жағалауындағы Әл-Фараби даңғылы, Керей мен Жәнібек хандар көшесі және Бұқар Жырау көшелерінің арасында орналасқан бұл саябақ қысқа уақыт ішінде елорданың тартымды орындарының біріне айналып үлгерді.

Саябақта қандай жағдай жасалған?

Жаңа парк классикалық демалыс орындарынан өзгеше. Мұнда тек серуендеуге арналған жолдар ғана емес, әртүрлі жас санатына бейімделген инфрақұрылым қарастырылған. Келушілерге барлық қолайлы мүмкіндік қарастырылған. Саябақ аумағында:

тынығу аймақтары мен орындықтар
жаяу серуендеуге арналған кең жолақтар бар
шағын көлшік пен көпірлер орналасқан
балалар ойын алаңының бірнеше түрі бар
көлеңке беретін жасыл желек пен ағаштар орналасқан

Белсенді демалысқа арналған орын

Сондай-ақ саябақта экстрим мен спортты ұнататындар үшін мұнда: 

памп-трек салынған

Велосипед жолдары мен тыныш демалыс бұрыштары үйлесімді біріктірілген.

арнайы велосипед тебуге арналған жолақ
осындай тыныш демалыс бұрыш бар

Сонымен қатар футбол, баскетбол, теннис алаңдары мен workout аймақтары қарастырылған. Қыс мезгілінде кейбір аумақтарды мұз айдынына айналдыру жоспарланған.

Бір айта кетерлігі, Samal Park саябағында әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналарға ерекше қолайлы жағдай жасалған. Мұндағы жаяу жүргінші жолдары тегіс әрі кең болғандықтан, балалар арбасын еш қиындықсыз еркін итеріп жүруге болады. Арба жүргізгенде артық күш жұмсауды қажет етпейді, жол жабындысы ыңғайлы әрі сапалы жасалған. Сонымен қатар саябақтағы сәнді: 

көпірлер мен өткелдер арбамен жүруге бейімделген

Биік кедергілер мен қолайсыз баспалдақтар жоқ, сондықтан ата-аналар көпірлер арқылы балаларын серуендетіп, жеңіл әрі жайлы қозғала алады. Бұл – әсіресе жас аналар мен немересін қыдыртып жүрген ата-әжелер үшін үлкен ыңғайлылық.

Астана қаласының тұрғыны Сандуғаш Сәлімбаева жаңа Samal Park саябағы туралы оң пікірін білдірді. Оның айтуынша, саябақ толық ашылып үлгермесе де, тұрғындар қазірдің өзінде мұнда жиі келіп демалады.

немересін ертіп серуендеп жүр

Әзірге парк толық ашылған жоқ, бірақ біздің жақтан кіретін есігін ашып қойған. Сол себепті балаларыммен, немерелеріммен күн сайын осында келеміз. Бізге ең ұнайтыны – серуендеуге арналған жолдарының көптігі. Жаяу жүруге де, арбамен қозғалуға да өте ыңғайлы. Көпірлері бар, бәрі жақсы ойластырылған, – дейді қала тұрғыны.

Сондай-ақ ол саябақтағы қауіпсіздік пен балаларға арналған алаңдардың қолайлы екенін атап өтті.

балаларға арналған ойын алаңдары қауіпсіз

Немерем велосипед тебеді, балаларға арналған ойын алаңдары, скейтборд тебетін орындар бар. Балалар үшін өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Сондықтан бұл жерге отбасымызбен жиі келеміз, – деді Сандуғаш Сәлімбаева.

Ал қала тұрғыны Нағима Сапарова: 

көршілерінен жақсы пікір естіп, саябаққа арнайы келіпті 

Көршілеріміз бұл жердің өте жақсы жасалғанын айтқан еді. Сол себепті өз көзімізбен көруге алғаш келдік. Расында, өте әдемі әрі қолайлы орын екен. Ашылғанын естіп, немеремді ойнатуға әкелдім. Жалпы, алғашқы әсеріміз өте жақсы. Басқа парктермен салыстырғанда сапасы жоғары, барлығы ұқыпты әрі сапалы жасалған екен, – дейді тұрғын.

Ал Айдын Жақсыловқа бұл саябақтың атмосферасы ерекше әсер қалдырыпты. 

шабыты ашылып, жұмыс істеп отыр

Мұндағы атмосфера өте жақсы, керемет екен. Саябаққа келіп, аздап аралап шықтым. Жалпы бәрі ұнады, әдемі жобаланған. Жүгіретін жолақтар бар, адамдар серуендеп жүр. Бір қарағанда-ақ бұл жердің халыққа жайлы демалыс орны болатыны көрініп тұр, – дейді ол.

Қазіргі уақытта саябақта жөндеу жұмыстары толық аяқталуға жақын.

арнайы нысандар орнатылуда
аумақтың жалпы көрінісі осындай 
саябақта осындай бейнекамералар орнатылған
мұнда келгендер демалып қана қоймай, тамақтана алады 

Samal Park – Астананың заманауи келбетін көрсететін жаңа жасыл аймақ. Мұнда тыныш демалыс та, белсенді спорт та, отбасылық серуен де қатар үйлескен. Алдағы уақытта бұл саябақ елорданың ең танымал орындарының бірі болмақ.