23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді25 қазан – Республика күніне орай Астанада «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы «Әділетті Қазақстанға 7 жыл» атты фэшн-перформанс ұйымдастырды. Қатысушылар соңғы жеті жылда елімізде жүзеге асырылған ірі инфрақұрылымдық жобаларды ерекше киім үлгілері арқылы таныстырды, деп хабарлайды El.kz.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, перформанс Қазақстанның көлік, білім беру және инфрақұрылым салаларындағы өзгерістеріне арналған. Шара барысында елдегі ауқымды жобаларды бейнелейтін бес түрлі образ көпшілік назарына ұсынылды.
Әрбір киім үлгісі белгілі бір нысанның немесе саланың дамуын сипаттайды. Мәселен, Tarlan Astana образы елордадағы заманауи көлік жүйесінің дамуын бейнелесе, «Жол» образы елдегі автомобиль жолдарының құрылысы мен жаңартылуына арналды.
Ұйымдастырушылар ұсынған дерекке сәйкес, соңғы жеті жылда Қазақстанда 19,1 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, қайта жаңартылған және жөнделген.
Ал «Жайлы мектеп» образы білім беру инфрақұрылымындағы өзгерістерді көрсетеді. Президент бастамасымен жүзеге асырылған ұлттық жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп салынғаны айтылды.
«Әуежай» образы Алматы, Шымкент, Қызылорда және Балқаш қалаларындағы әуе инфрақұрылымының жаңаруына, сондай-ақ Арқалық әуежайын қайта жаңғырту жұмыстарына арналды.
Бесінші образ – «Теміржол». Ол еліміздің 17 облысындағы 72 теміржол вокзалын жаңғырту жобасын бейнелейді. Бұл арқылы ұйымдастырушылар өңірлер арасындағы көлік байланысының дамуын көрсетуді көздеген.
Фэшн-перформанс дауылпаздар үнімен сүйемелденді. Қатысушылар арнайы әзірленген киімдер арқылы инфрақұрылымдық нысандарды сән өнерімен ұштастырып, көпшілікке ұсынды.
Ұйымдастырушылар келтірген мәліметке сүйенсек, 2019 жылдан бері елімізде 1259 медициналық мекеме салынып, 1483 балабақша ашылған және 1342 заманауи мектеп бой көтерген. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және адами капиталды нығайту мәселелері де елдің даму бағыттарының қатарында аталды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің даму бағытына қатысты өз сөзінде мемлекеттік институттарды нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және адами капиталды дамыту мәселелеріне тоқталған.
«Алдымызда тұрған мақсат – баршаға айқын. Біз мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек. Заманауи өндіріс орындарын ашып, инфрақұрылымды жаңғыртып, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды салып жатырмыз. Халқымыздың игілігі үшін көптеген жобаны іске асыру жоспарымызда бар».
«Жаңа адамдар» қозғалысының көшбасшысы Владимир Изюмников елдегі өзгерістерге азаматтардың белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.
«Еліміздегі өзгерістер жалғасады. Өзгерістер әрқайсымызға байланысты. Болып жатқан жаңалықтарды байқап, осы өзгерістердің маңызын түсіну және олардың бастамашысына айналу маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ең бастысы – ұлт ретінде жасампаз мақсаттар мен жарқын мұраттар төңірегіне топтасып, болашаққа сеніммен қарауымыз. Белсенді азаматтық қоғамның өкілдері ретінде біз өз бастамаларымыз бен нақты әрекеттеріміз арқылы елдегі өзгерістер мен даму үдерістеріне қатысуды жалғастырамыз».
Ал шараға қатысқан Ғазиза Лұқманова перформанстың негізгі идеясын түсіндіріп, әр образдың белгілі бір инфрақұрылымдық жобаға арналғанын айтты.
Бүгін біз Жаңа адамдар жастар қозғалысының қамқорлығымен Астанада бас қостық. Бүгін, 25 қазан – Республика күні. Президент атап өткендей, бұл – жалпыұлттық бірегейліктің мерекесі. Соған байланысты «Жаңа адамдар» «Әділетті Қазақстанға 7 жыл» атты перформанс ұйымдастырды. Бұл перформанста соңғы 7 жылдағы Қазақстанның маңызды өзгерістері бейнеленген. Атап айтқанда, теміржол вокзалдарының, әуежайлардың құрылысы көрсетілген. Мысалы, осы жылы Арқалық қаласында әуежай құрылысы жүргізілді. Әр өңірде жаңа вокзалдар салынды. Сонымен қатар өңірлерді бір-бірімен байланыстыратын теміржолдар құрылысы бейнеленді. Сондай-ақ Астананың көркі болған LRT жобасы да қамтылды. Осының барлығын бейнелеу үшін біз арнайы образдар мен бейнелер құрастырдық. Өздеріңіз көріп кетсеңіздер болады, - деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – елдегі өзгерістерді көпшілікке өнер арқылы таныстыру, жүзеге асырылып жатқан жобалардың қоғам өміріндегі маңызын көрсету және азаматтардың ел дамуына деген қызығушылығын арттыру.
23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек20 Қазан, 12:30
2027 жылы Рамазан қашан басталады? Ораза айт пен Қадір түнінің күндері белгілі болды19 Қазан, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырады