Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметте өткен брифингте Астанадағы екінші әуежайдың құрылысы жайында пікір білдірді.
– Қазір екі негізгі орын қарастырылып жатыр. Басымдық Балқарағай бағытына берілген. Нақты шешім техникалық-экономикалық негіздемеден кейін белгілі болады. Бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Негізгі екі орын қаралуда, соның бірі – Балқарағай бағыты, – деп жауап қатты министр БАҚ өкілдерінің сұрағына.
Сондай-ақ, министр ықтимал инвестор мен жобаның құны туралы айтты.
– Жаңа әуежайлар өте ауқымды болып салынғандықтан, оған үлкен инвестиция қажет. Қазір серіктес таңдау жұмыстары жүріп жатыр. Үлкен әуежайлар сала алатын технологиялық серіктес те, инвестициялық серіктес те керек. Бұл жобамен толыққанды Астана әкімдігі айналысып отыр. Олар бірқатар компаниямен келіссөз жүргізуде. Әзірге келіссөздердің нақты жай-жапсарын айта алмаймын, – деп толықтырды сөзін Нұрлан Сауранбаев.
Естеріңізде болса, 2025 жылдың желтоқсанында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Астанада жаңа әуежай салынуы мүмкін екенін айтты Қала басшысы бірнеше әуежай салу тәжірибесі әлемдегі ірі астаналардың көбіне тән екенін атап өтті. Сол тұста жаңа әуежай Қарағанды тас жолының бойында орналастыру жоспарланып жатқаны хабарланды.
Кейін елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев Астанада жаңа әуежай салу үшін бірнеше бағыт зерделеніп жатқанын мәлімдеді. Ол Қосшы ауданы, Қарағанды тасжолы бағыты, Павлодар тасжолы бағытын нұсқаған. Алда нақты шешім қабылданатыны туралы ескертті.