Астанада AI көмегімен жасалған фильмдер үлкен экраннан көрсетіледі

Астанада AI көмегімен жасалған фильмдер үлкен экраннан көрсетіледі

Аян Қайырбаев
Фото: AI көмегімен жасалды

Астанада жасанды интеллект пен кино өнерін тоғыстыратын халықаралық Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) өтіп жатыр. 1-3 қазан аралығында ұйымдастырылатын фестиваль аясында жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер үлкен экраннан көрсетіліп, байқау финалистері практикалық шеберлік сабақтарын өткізеді.

8 мыңнан астам өтінімнің ішінен 25 фильм іріктелді

Фестиваль жасанды интеллект технологияларын кино өндірісінде қолданатын авторлардың жұмыстарын таныстыруға арналған.

Халықаралық байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен. Оның ішінен 25 жұмыс финалдық бағдарламаға өтті.

Финалға шыққан авторлар фестивальге қатысу үшін Қазақстанға келген. Байқау бағдарламасында АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстан өкілдерінің фильмдері бар.

2-3 қазанда финалистердің жұмыстары Астанадағы MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан Chaplin кинотеатрында көрерменге ұсынылады.

Осылайша, көрермендер жасанды интеллект технологияларын пайдаланып жасалған халықаралық кинотуындыларды үлкен экраннан тамашалай алады.

Финалистер AI көмегімен фильм жасаудың қыр-сырын көрсетеді

Фестивальдің қорытынды бағдарламасы аясында байқау авторлары практикалық шеберлік сабақтарын өткізеді.

Қатысушылар жасанды интеллект көмегімен фильм жасау тәжірибесімен бөлісіп, шығармашылық үдерістің негізгі кезеңдерін көрсетеді. Атап айтқанда, идея әзірлеу, визуалдық тұжырымдама жасау, кейіпкерлер мен локацияларды қалыптастыру, референстермен жұмыс істеу және көріністерді генерациялау тәсілдері таныстырылады.

Шеберлік сабақтарында авторлар өз фильмдерін әзірлеу барысында қолданған практикалық әдістерін де көрсетеді. Қатысушылар кино авторларына сұрақ қойып, генеративті жасанды интеллект құралдарының шығармашылық жұмыста қалай қолданылатынын іс жүзінде көре алады.

Шеберлік сабақтары 3 қазанда сағат 12:00-15:00 аралығында АХҚО-ның Trading Hall залында өтеді.

Фестивальдің жүлде қоры – 2 млн доллар

Astana AI Film Festival фестивалінің жалпы жүлде қоры 2 миллион долларды құрайды.

Оның 1 миллион доллары Freedom Holding Corp. құрамындағы Freedom Шапағат корпоративтік қорының қаражаты есебінен байқау жеңімпаздарына жүлде ретінде беріледі.

Тағы 1 миллион доллар жасанды интеллект саласындағы әлеуетті командаларға инвестиция ретінде бағытталады. Бұл қаражат Қазақстандағы кино өндірісі мен жасанды интеллект экожүйесін дамытуға жұмсалады.

Инвестициялық капиталды кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан ұсынды. Ол бұған дейін Coinbase компаниясының техникалық директоры және Andreessen Horowitz (a16z) венчурлік қорының басқарушы серіктесі болған. Сондай-ақ The Network School жобасының негізін қалаған.

AI Month аясында өтуде

Astana AI Film Festival 1-3 қазан аралығында Астанада өтетін AI Month айлығының бағдарламасына енген. Айлық аясында жасанды интеллектке арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Фестиваль кино өндірісіндегі жаңа технологияларды таныстырумен қатар, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін халықаралық авторлар мен Қазақстандағы шығармашылық индустрия өкілдері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Фильмдерді қайдан көруге болады?

Күні: 2-3 қазан 2026 жыл. Өтетін орны: Астана, Chaplin MEGA Silk Way кинотеатры. Мекенжайы: Қабанбай батыр даңғылы, 62, «MEGA Silk Way» СОСО, 2-қабат.

Ашық көрсетілімдерге билеттерді Kino.kz және Freedom SuperApp платформаларынан алуға болады. Ал шеберлік сабақтары 3 қазанда сағат 12:00-15:00 аралығында АХҚО-ның Trading Hall залында өтеді.

Оқи отырыңыз

{