Астанада 17 дизайнердің басын қосқан Kazakhstan Fashion Week сән апталығы аяқталды

Астанада 17 дизайнердің басын қосқан Kazakhstan Fashion Week сән апталығы аяқталды

Диана Орынбасар
Фото: Диана Орынбасар

Астанада отандық және шетелдік дизайнерлердің басын қосқан Kazakhstan Fashion Week сән апталығы аяқталды. Биылғы маусымда 17 дизайнер мен бренд өздерінің жаңа топтамаларын көпшілік назарына ұсынды. Сән мінберінде ұлттық нақыштағы киімдерден бастап, заманауи авторлық образдар мен зергерлік бұйымдарға дейін түрлі бағыттағы туындылар көрсетілді. El.kz тілшісі сән апталығына қатысып, дизайнерлердің шығармашылық ізденістерімен және жаңа топтамаларының ерекшеліктерімен танысты.

Фото: Диана Орынбасар 

Ұлттық мұра мен заманауи сәннің үйлесімі

Kazakhstan Fashion Week сән апталығының бағдарламасы 21 қарашада ForteBank алаңында қазақстандық Dinara Satzhan брендінің көрсетілімімен басталды. Сән мен өнерді ұштастырып жүрген бренд ұлттық мұраны заманауи тұрғыда қайта зерделеп, қазақ мәдениетінің ерекшеліктерін киім үлгілері арқылы таныстырды.

 Ал 23 және 24 қарашада сән апталығының негізгі көрсетілімдері The St. Regis Astana қонақүйінде өтті. Екі күн бойы отандық және шетелдік дизайнерлер күз-қыс маусымына арналған топтамаларын ұсынып, сән индустриясындағы өзіндік қолтаңбасын көрсетті.

Фото: Диана Орынбасар 

Биылғы көрсетілімдерде ұлттық болмысты заманауи сәнмен сабақтастыруға ерекше мән берілді. Дизайнерлер киім үлгілері арқылы туған жердің табиғатын, мәдени мұраны, әйелдің қоғамдағы орнын және ішкі жан дүниесін бейнелеуге тырысқан.

Миланда таныстырылған топтама Астана төрінде

Сән апталығының алғашқы күнінде қазақстандық дизайнер Аида Кауменова өз топтамасын ұсынды. Биыл құрылғанына 20 жыл толған бренд осы уақыт ішінде отандық сән индустриясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Дизайнердің айтуынша, брендтің жиырма жыл бойы дамуына халықтың ықыласы мен қолдауы негіз болған. Бұл жолы Астана жұртшылығына Миланда алғаш таныстырылған топтаманың жаңартылған нұсқасы ұсынылды.

Біздің бренд халықтың сүйіспеншілігінің арқасында 20 жылдан бері өмір сүріп келеді. Бұл топтаманы алғаш Миланда көрсеттік. Кейін Алматыда ауқымды сән көрсетілімін ұйымдастырып, басқа қалаларға да алып бардық. Алайда біз бір коллекцияны барлық жерде өзгеріссіз ұсына алмаймыз. Осы уақыт ішінде шығармашылық ізденістеріміз жалғасты. Мәселен «Qazaq Arýy» байқауы аясында қазақтың біртуар тұлғасы Меруерт Өтекешоваға құрмет көрсетілді. Осы тақырыпты да кейінгі көрсетілімдерімізге енгіздік. Сондықтан Астанаға әкелген топтамамыз да бұрынғы нұсқасынан біршама өзгерді, – деді Аида Кауменова.

Туған жерге арналған 20 образ

Сән апталығында дизайнер Ханым-Гүл Абдрасулова «Құмдағы іздер – дала періштелері» атты топтамасын таныстырды. 20 образдан тұратын коллекция HANUM AIDASH бренді негізін қалаушының туған жері – Қызылордаға арналған.

Дизайнер өз туындылары арқылы Сыр өңірінің табиғатын, рухани болмысын және сол өлкедегі әйелдердің сұлулығын сән тілімен жеткізуді мақсат еткен. Топтаманың негізгі идеясы – әйелдің ішкі еркіндігі мен жан дүниесінің сан қырын ашу.

Бұл топтамада мен елімдегі әйелдердің жан дүниесін көрсеткім келді. Әйелдің ішкі әлемі әртүрлі, ол үнемі өзгеріп отырады. Менің киімдерім әйелдің еркіндігін, әдемілігін және даналығын бейнелейді, – деді дизайнер.

Бір мінберде тоғысқан түрлі мәдениет

Сән апталығының екінші күнінде де отандық және шетелдік дизайнерлердің көрсетілімдері жалғасты. Ресей мен Қырғызстаннан келген сән индустриясының өкілдері де өз топтамаларын Астана жұртшылығының назарына ұсынды.

Фото: Диана Орынбасар 
Фото: Диана Орынбасар 

Жалпы, биылғы Kazakhstan Fashion Week бағдарламасына Dinara Satzhan, Aida KaumeNOVA, Tako Mekvabidze, Zalkar, Solangel, Hanum Aidash, Zardozi, Dinal, Меруерт Балманова, Ainash Qara, Venera Collection, Tamen, Азамат Сайн, Svetlichnaya, Veshalka Boutique, Guni және ASD Jewelry сынды дизайнерлер мен брендтер қатысты.

Фото: Диана Орынбасар 

Сән апталығы аясында отандық және шетелдік дизайнерлердің қатысуымен баспасөз конференциясы да бағдарламадан орын алды.

Kazakhstan Fashion Week бүгінде жаңа топтамаларды таныстырумен ғана шектелмейтін кәсіби алаңға айналып келеді. Мұнда дизайнерлер өз жұмыстарын көпшілікке ұсынып қана қоймай, әріптестерімен тәжірибе алмасуға, халықаралық шығармашылық байланыс орнатуға және жаңа аудиторияға жол ашуға мүмкіндік алады.

Биылғы сән апталығы да қазақстандық дизайнерлердің ұлттық мәдениет пен заманауи сәнді ұштастырудағы ізденістерін танытып, отандық сән индустриясының халықаралық кеңістіктегі әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз

{