«Астана» ВТБ лигасымен қош айтысты: министрлік түсініктеме берді

«Астана» ВТБ лигасымен қош айтысты: министрлік түсініктеме берді

Асқар Таудай
Фото: "Астана" баскетбол клубының баспасөз қызметі

ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті баскетболдан «Астана» клубының негізгі командасының қызметін тоқтатуына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Комитеттің мәліметінше, соңғы жылдары клубтың халықаралық және ішкі жарыстардағы нәтижелері қойылған мақсаттар мен күтілген деңгейге сәйкес келмеген.

2025/26 жылғы Бірыңғай ВТБ лигасы маусымында «Астана» 44 матчтың тек екеуінде ғана жеңіске жетіп, 12 команданың ішінде соңғы орынға тұрақтады. Жеңіліс көрсеткіші 95 пайыздан асып, бұл клуб тарихындағы ең нашар нәтиже болды. Сонымен қатар, команда сегіз жыл қатарынан плей-офф кезеңіне өте алмады.

Еліміз ішіндегі жарыстарда да елордалық клуб жоғары нәтиже көрсете алмады. «Астана» Қазақстан кубогын жеңіп ала алмады және Ұлттық лиганың чемпиондық атағына қол жеткізе алмады.

Жаңа басымдықтар

Комитет төрағасы Руслан Есеналиннің айтуынша, былтыр қабылданған спортты қаржыландыру тиімділігін арттыру туралы заңға сәйкес, ендігі басымдық ұлттық құрамаларды дамытуға, спорттық резервті даярлауға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі.

Сондай-ақ заң бюджет қаражаты есебінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салады.

Осыған байланысты Қазақстан баскетболын дамыту тәсілдерін қайта қарау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта негізгі назар жастар командасын дамытуға және болашақ ойыншыларды тәрбиелеуге аударылады.

Жастар құрамымен жалғасады

Бұған дейін «Астана» клубының 2026/27 жылғы ВТБ лигасы маусымына қатыспайтыны белгілі болған еді. Мәліметтерге сәйкес, клуб басшылығы қаржыландыруды қысқартып, енді Қазақстан чемпионатында тек жастар құрамымен өнер көрсетуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін «Астана» ойыншылары мен Қазақстан ұлттық құрамасының баскетболшылары президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа үндеу жасап, клубтың негізгі командасын сақтап қалуға шақырған болатын.

Оқи отырыңыз

{