Астана қаласы бойынша Сенат депутаттығына үш кандидат тіркелді

12 Қаңтар 2023, 15:39 1258

Сенат депутаттарын сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарда өтеді

ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда дауыс беру күніне дайындық туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ертең тыныштық күні екенін ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров еске салды. Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт Бектемісова Астана қаласы бойынша Сенат депутаттарын сайлау аяқталу сатысында екенін айтты.

«Таңдаушылардың бірлескен отырысын өткізу орны болып Бейбітшілік көшесі, 11 мекенжайы бойынша екінші қабаттағы зал белгіленіп отыр. Өткізу уақыты сағат 11.00-де. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру пункті аталған мекенжай бойынша ұйымдастырылып отыр. Сенат депуттарын сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарға белгіленген. Тағайындалатын Сенат депуттарын сайлауда аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен интернет ресурстарымен жұмыс істейтін оператор бекітілді. Астана қаласы бойынша ҚР Парламент Сенатының депутаттығына 3 кандидат тіркелді. Атап өтсек, 1961 жылы туылған Астана қаласындағы бейбітшілік және келісім сарайы объектісінің басқарушысы Наримаш Әбілқызы, 1974 жылы туған Бағдат Оразалдыұлы «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасы, 1971 жылы туған Бибігүл Жексенбай ҚР Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі», – деді ол.

Сондай-ақ, ол сайлау бюллетендері ОСК тиісті қаулысына сәйкес типографиялық тәсілмен 32 бірлік мөлшерінде 1 пайыздық резервті ескере отырып дайындалды және аумақтық сайлау комиссиясының есебінде сақталулы деді.

«Барлық рәсімдер дауыс беру күні заңға сәйкес өткізілетін болады. Дауыс беру бюллетендері дауыс берушінің жеке куәлігі негізінде беріледі. Сенат депуттарын бюллетендерін санау комиссия отырысында белгіленіп, сол жерде шығарылады», – деді Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: