7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?Елімізде 10 шілдеден бастап республикалық маңызы бар автожолдардың тағы бес учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылды. Енді жүргізушілерге камераның алдына келгенде ғана жылдамдықты азайтып, кейін қайта үдеу бұрынғыдай көмектеспейді.
Жаңа жүйе көліктің жолдың бүкіл бөлігін қандай жылдамдықпен жүріп өткенін есептейді. Жылдамдықты белгіленген мөлшерден асырғандарға 173 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жалпы ұзындығы 525 шақырымды құрайтын республикалық жолдардың тағы бес учаскесінде қолданысқа енгізілді. Олар:
Ақтөбе – Қандыағаш;
Алматы – Қорғас;
Көкшетау – Петропавл;
Астана – Теміртау тасжолының қосымша учаскелері;
Астана – Щучинск тасжолының қосымша учаскелері.
Министрлік бұл жүйені кеңейту жұмыстары мұнымен тоқтамайтынын атап өтті. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырымды құрайтын тағы 14 ақылы жол учаскесін осы жүйеге қосу мәселесі қарастырылып жатыр.
Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі кәдімгі жылдамдық өлшейтін камералардан өзгеше жұмыс істейді.
Жүйе көліктің бақылау аймағына кірген уақытын және шыққан уақытын тіркейді. Кейін екі нүктенің арақашықтығы жүріп өткен уақытқа бөлініп, көліктің орташа жылдамдығы есептеледі.
Сондықтан жүргізуші камераның алдына келгенде ғана жылдамдығын азайтып, кейін қайта үдетсе де, жолдың басым бөлігін рұқсат етілген межеден жоғары жылдамдықпен жүрсе, құқық бұзушылық автоматты түрде тіркеледі.
Орташа жылдамдықты асырғаны үшін жеке бап енгізілген жоқ. Құқық бұзушылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
2026 жылы белгіленген айыппұл мөлшері төмендегідей:
жылдамдықты 10–20 км/сағ аралығында асырғаны үшін – 21 625 теңге;
20–40 км/сағ – 43 250 теңге;
40 км/сағ және одан жоғары – 86 500 теңге;
бір жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін – 129 750 теңге;
60 км/сағ және одан жоғары асырған жағдайда – 173 000 теңге.
10 шілдеге дейін орташа жылдамдықты бақылау жүйесі сегіз ақылы автожолда қолданылып келген. Олар:
Астана – Щучинск;
Астана – Павлодар;
Шымкент – Қызылорда;
Шымкент – Тараз;
Павлодар – Семей – Қалбатау;
Орал – Ресей шекарасы (Саратов бағыты);
Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы бағыты);
Жібек жолы – Теміртау.
Сонымен қатар 5 маусымнан бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрамына кіретін Тараз-Шымкент ақылы жол учаскесінде де орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қайта іске қосылды.
Жаңа жүйенің негізгі мақсаты
Ішкі істер министрлігі бұл жаңашылдықтың басты мақсаты айыппұл санын көбейту емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу екенін атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, жылдамдықты шамадан тыс асыру ауыр жол апаттарының негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Орташа жылдамдықты бақылау жүргізушілерді бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауға ынталандырып, көлік қозғалысын бірқалыпты етуге, күрт үдеу мен тежелуді азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?7 Шілде, 10:00
Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?