Әскери қызметшілердің отбасыларына көмек әділ әрі тең бөлінеді – арнайы комиссия

Әскери қызметшілердің отбасыларына көмек әділ әрі тең бөлінеді – арнайы комиссия

Асқар Таудай
Фото: Бейнежазбадан скриншот

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілерге арналған арнайы қордың жұмысы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қаза болғандардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілерге жан-жақты қолдау көрсету мақсатында арнайы қор құрылды. Қордың қызметін бақылау жөніндегі комиссияға жетекшілік ету міндеті Бекмұрат Жүсіповке тапсырылған.

Қазіргі уақытта қорға қажетті қаражат жинақталған. Оған Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялар, кәсіпкерлер, демеушілер және басқа да азаматтар үлес қосқан.

Осыған байланысты қаражат жинау жұмыстары ресми түрде аяқталған.

Арнайы комиссияның жетекшісі ретінде жақын арада жиналған қаражат қаза болғандардың отбасылары мен зардап шеккендерге әділетті әрі біркелкі бөлінетініне сенім білдіремін. Оның ашықтығын комиссия құрамындағы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері де қадағалайды, - деді Бекмұрат Жүсіпов.

Ол қор қаражатын бөлу барысы туралы қоғамға тұрақты түрде ақпарат беріп отыратынын атап өтті.

Қаржылай көмек қайғының орнын толтыра алмайтынын түсінеміз. Дегенмен осындай ауыр жағдайда отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету – біздің парызымыз. Сіздер бұл ауыртпалықпен жалғыз қалмайсыздар, – деді комиссия жетекшісі.

Бекмұрат Жүсіпов сондай-ақ қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, қайғыға ортақтасқан барша қазақстандықтарға алғыс білдірді.

Оқи отырыңыз

{