10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихыӘскери бөлімде саптық дайындықтан өтіп, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың арасында кәсіби пиццамейкерлер де бар. Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген екі жігіт бос уақытында қаруластарына пицца дайындап, көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Бір қызығы, әскерге дейін бір-бірін танымаған олар Астанадағы екі түрлі пиццерияда жұмыс істеген. El.kz тілшісі Сұлтан Бажанов пен Диас Жалмахиннің әскери ортада қалай танысып, сүйікті кәсіптерін жалғастырғанын сұрап білді.
19 жастағы Сұлтан Бажанов – Астана қаласының тумасы. Ал 22 жастағы Диас Жалмахин Петропавл қаласында дүниеге келген. Екеуі де 2026 жылдың қыркүйегінде мерзімді әскери қызметке шақырылып, бүгінде Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр.
Жігіттердің ортақ қызығушылығы – пицца дайындау. Әскерге келгенге дейін екеуі де Астанадағы пиццерияларда жұмыс істеп тәжірибе жинаған.
Сұлтан Бажановтың айтуынша, алғашында пицца дайындау табыс табудың бір жолы болғанымен, уақыт өте келе сүйікті кәсібіне айналған.
Мен әскерге дейін Астанадағы пиццерияда екі жыл жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде қамыр дайындауды, түрлі қоспаларды үйлестіруді және пиццаны дұрыс пісіруді үйрендім. Бастапқыда жай ғана жұмыс ретінде қараған едім. Кейін бұл істі шын көңіліммен жақсы көріп кеттім, – дейді Сұлтан.
Ал Диас Жалмахин бұл салада төрт жыл еңбек еткен. Ол да әскери қызметке келген соң бұрынғы жұмысын сағынғанын жасырмайды.
Астанадағы пиццерияның бірінде төрт жыл жұмыс істедім. Пицца дайындау күнделікті өмірімнің бір бөлігіне айналды. Әскерге келгенде, әрине, бұрынғы жұмысымды сағындым. Бірақ әскери бөлімде де сүйікті ісімізбен айналысуға мүмкіндік болады деп ойламадым, – дейді Диас.
Екі пиццамейкер әскерде қалай танысты?
Бір қызығы, Сұлтан мен Диас әскерге дейін бір-бірін танымаған. Екеуі әскери бөлімге келгеннен кейін ғана танысып, араласа бастаған. Күнделікті әңгіме барысында бұрынғы жұмыстары туралы сөз қозғалып, екеуінің де пиццамейкер болғаны белгілі болады.
Бір күні азаматтық өмірде немен айналысқанымызды айтып отырдық. Сөйтсек, екеуіміз де пицца дайындаппыз. Оның үстіне Астанадағы танымал пиццерияларда жұмыс істеген екенбіз. Бұл біз үшін қызықты сәйкестік болды. Ортақ әңгімеміз де көбейді, – деп еске алады Сұлтан.
Осылайша, жігіттер әскери бөлімде де пицца дайындап көруді ұйғарады. Олардың басты мақсаты табыс табу емес, қаруластарына ерекше тағам ұсынып, көңілдерін көтеру болған.
Екеуіміз әңгімелесіп отырып, неге әскери бөлімде де пицца дайындап көрмеске деген ойға келдік. Ұсынысымызды командирлерімізге айттық. Олар бастамамызды қолдап, мүмкіндік берді. Біз үшін бұл үлкен қуаныш болды, – дейді Диас.
Алғашында екі пицца дайындаған, қазір 40-50 адамға жетеді
Жігіттер алғашқы пиццаларын дайындаған күнді әлі ұмытпаған. Бұрын кәсіби асүйде жұмыс істегенімен, бұл жолы тағамды өздерімен бірге әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздарға ұсыну ерекше жауапкершілік болған. Алғашқы күні олар небәрі екі пицца әзірлеген. Дегенмен қаруластарының жылы пікірі жігіттерге ерекше шабыт берген.
Алғаш рет пицца дайындағанда аздап қобалжыдық. Себебі қаруластарымызға ұнай ма, жоқ па деп ойладық. Сол күні екі пицца әзірледік. Достарымыз дәмін татып, мақтай бастады. Тіпті тағы да дайындап беруімізді сұрады. Сол кезде еңбегіміздің бағаланғанын сезіндік, – дейді Сұлтан.
Қазір жігіттер бір дайындағанда шамамен 7-8 пицца әзірлейді. Олардың айтуынша, бұл 40-50 адамға жетеді. Тіпті сарбаздар арасында пицца қашан дайындалатынын алдын ала сұрап жүретіндер де бар.
Қаруластарымыз біздің пиццамызды жақсы көреді. Кейде қашан тағы дайындайтынымызды сұрап қояды. Әрине, мұндай сөздерді есту бізге күш береді. Бір дайындағанда 7-8 пицца әзірлейміз. Оны шамамен 40-50 адам бөлісіп жейді, – дейді Диас.
Әскери бөлімдегі достары екі жігітке әзілдеп «пиццамейкерлер» және «пицца шеберлері» деген лақап ат та қойып үлгерген.
«Пиццамызды жегенде үйлерін еске алатындар бар»
Әскери қызметке келген сарбаздар үшін үйден, ата-анадан және жақын адамдардан жырақта жүру оңай емес. Сұлтан мен Диастың айтуынша, кейде өздері дайындаған пицца қаруластарына азаматтық өмірдегі қызықты сәттерін еске түсіреді.
Әскерде жүрген әр сарбаз үйін, отбасын сағынады. Кейбір достарымыз біздің пиццамызды жегенде отбасымен дастарқан басында отырған кездерін немесе достарымен бірге өткізген уақыттарын еске алатынын айтады. Біз үшін осындай сөздердің өзі маңызды. Егер дайындаған тағамымыз арқылы біреудің көңілін көтере алсақ, соның өзі үлкен қуаныш, – дейді Сұлтан.
Дегенмен жігіттер үшін бірінші орында әскери қызмет тұр. Олар асүйге тек белгіленген уақытта, командирлердің рұқсатымен ғана кірісетінін айтады.
Ең басты міндетіміз – Отан алдындағы борышымызды абыроймен өтеу. Сондықтан пицца дайындау әскери қызметімізге кедергі келтірмейді. Бос уақытымызда ғана айналысамыз. Екеуіміз жұмысты бөлісіп, бір-бірімізге көмектесеміз, – дейді Диас.
Әскери өмір екі жігітке не үйретті?
Сұлтан мен Диас әскерге келгендеріне көп уақыт өтпесе де, әскери орта өздеріне жаңа жауапкершілік жүктегенін айтады. Мұнда олар тәртіпке бағынуды, уақытты тиімді пайдалануды және бір-біріне қолдау көрсетуді үйреніп жүр.
Әскери өмір бізге ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікті үйретіп жатыр. Сонымен қатар сабырлы болуды, қиындыққа төзуді, ұжыммен жұмыс істеуді үйрендік. Ең бастысы, Отан алдындағы борыштың қаншалықты маңызды екенін түсіндік, – дейді Сұлтан.
Ал Диас әскери ортада бірлік пен өзара көмектің маңызы ерекше екенін атап өтті.
Әскерде әрдайым бір-біріңе көмектесіп, қолдау көрсету маңызды. Біз пицца дайындағанда да жұмысты бөлісіп атқарамыз. Бір-бірімізді түсініп, бірге әрекет етеміз. Мұның бәрі біз үшін жақсы тәжірибе, – дейді ол.
«Болашақта бірге пиццерия ашқымыз келеді»
Екі сарбаздың мерзімді әскери қызметі 2027 жылдың күзінде аяқталады. Олар азаматтық өмірге оралған соң сүйікті кәсіптерін жалғастыруды жоспарлап отыр. Тіпті жігіттердің болашақта бірігіп, жеке пиццерия ашу туралы ортақ арманы да бар.
Әскерден кейін де пицца дайындау кәсібін жалғастырғым келеді. Өйткені бұл – өзім жақсы көретін әрі тәжірибем бар сала. Болашақта Диас екеуіміз бірігіп, жеке пиццерия ашсақ деген ойымыз бар, – дейді Сұлтан.
Ал Диас болашақта ашатын пиццерияларында әскери өмірмен байланысты ерекше тағам болуы мүмкін екенін айтады.
Егер әскердегі өмірге арнап арнайы пицца ойлап тапсақ, оған «Сарбаз пиццасы» немесе «Жауынгер» деген атау берер едік. Себебі әскердегі ең басты құндылықтың бірі – бірлік, бауырмалдық және өзара қолдау. Болашақта өз пиццериямызды ашу да арманымыздың бірі, – дейді Диас.
Осылайша, азаматтық өмірде екі түрлі пиццерияда жұмыс істеген Сұлтан мен Диастың жолы әскери бөлімде тоғысты. Қазір олар Отан алдындағы борышын өтей жүріп, бос уақытында сүйікті істерімен айналысып келеді. Ал әскери ортада басталған достықтың болашақта ортақ кәсіпке ұласуы да мүмкін.
10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді