07.05.2026
10:10
179
Жаңалықтар

Әскерге бармай елге қызмет етуге бола ма?

Әскер – біреу үшін азаматтық борыш саналса, енді біреу үшін алаңдаушылық тудырады. Әсіресе ата-аналар баласының амандығын ойлап, бұл мәселеге ерекше қарайды. Осы ретте әскерге бармай-ақ елге қалай қызмет етуге болатынын қарастырып көрдік.

Отан қорғау – әр азаматтың міндеті

Қазақстанда Отанды қорғау – заңмен бекітілген талап. Бұл норма елдің негізгі құжаты – Конституцияда нақты көрсетілген.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елді қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті.

Осы талап негізінде әскери қызмет жүйесі қалыптасқан.

Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Үкімет қаулысы негізінде жылына екі рет жүзеге асырылады, – делінген министрліктің ресми жауабында.

18 бен 27 жас аралығындағы, заңда көрсетілген негіздер бойынша кейінге қалдыру немесе босатылу құқығы жоқ азаматтар әскерге шақырылады.

Фото жасанды интеллект көмегімен жасалды

Әскерге кімдер бармайды?

Әскерге бару міндет болғанымен, әр азаматтың жағдайы ескерілетін тұстар бар. Заңда әскери қызметті кейінге қалдыру және толық босату талаптары нақты көрсетілген.

Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру отбасы жағдайлары, білім алуды жалғастыру, денсаулық жағдайы және басқа да себептер бойынша беріледі, – дейді министрлік.

Ал кейбір азаматтар толық босатылады.

Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар, ғылыми дәрежесі бар азаматтар, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады, – делінген жауапта.

Сондай-ақ әскери қызмет барысында жақынынан айырылған немесе басқа мемлекетте әскери қызмет өткерген азаматтар да бұл міндеттен босатылады.

Балама қызмет бар ма?

Қазақстанда баламалы қызмет жүйесі қарастырылмаған. Дегенмен әскери салада қызмет етудің басқа жолдары бар. Мәселен, азаматтар арнайы әскери-техникалық мектептерде дайындықтан өте алады.

Азаматтарды әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында жүргізіледі, – делінген ресми мәліметте.

Бұл әсіресе 24 жастан асқан азаматтар үшін қолжетімді мүмкіндік.

Әскерден тыс Отанға қызмет ету

Әскерге бару – ел алдындағы маңызды міндет. Бірақ Отанға қызмет ету тек мұнымен шектелмейді.

Экономикада еңбек ету, білім беру, медицина, төтенше жағдайлар саласында қызмет ету – мұның бәрі мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Яғни азамат өз кәсібі арқылы да ел дамуына үлес қоса алады.

Дегенмен әскери қызметтің орны бөлек. Бұл – мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін негізгі жүйе.

Төтенше жағдайда бәріне ортақ жауапкершілік

Әскерге бармаған азаматтар толық жауапкершіліктен босатылады деу дұрыс емес. Елге қауіп төнген жағдайда арнайы заңдар күшіне еніп, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі арта түседі.

Министрлік нақты іс-шаралар «Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы» заңына сәйкес жүргізіледі деп түсіндіреді.

Яғни төтенше жағдайда әр азамат ел қауіпсіздігі үшін жұмылдырылуы мүмкін.

Жастардың әскерге көзқарасы 

Соңғы жылдары жастар арасында әскери қызметке деген қызығушылық артып келеді. Бұған түрлі әскери-патриоттық жобалар әсер етуде.

Қорғаныс министрлігінің дерегінше, 2025 жылы жастар ұйымдары білім беру мекемелерінде және қалалық іс-шаралар шеңберінде 1500-ге жуық іс-шара өткізді.

Сонымен қатар ведомство жастардың арасында әскери қызметке оң көзқарас қалыптасқан деп бағалайды.

Алайда әлеуметтік желіде тарайтын түрлі жағымсыз ақпараттардың әсерінен кейбір ата-аналар әскерге қатысты алаңдаушылықпен қарайтыны да жасырын емес.

Әскерден жалтару

Әскерге бару – заңмен бекітілген міндет болғандықтан, одан жалтару жауапсыз қалмайды.

Фото жасанды интеллект көмегімен жасалды

Қазіргі таңда шамамен 25 мыңға жуық азамат мерзімді әскери қызметтен жалтарып жүр.

Олар бойынша мәліметтер құзыретті Ішкі істер органдарына жолданады, – делінген министрлік жауабында.

Сонымен қатар, әскерден жалтарған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені ескертіледі.