«ASAU-2026»: «Заң мен Тәртіп» — әскери тәртіптің негізі

«ASAU-2026»: «Заң мен Тәртіп» — әскери тәртіптің негізі

Асқар Таудай
Фото: Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі

Бас әскери прокуратураның бастамасымен Қонаев гарнизонында әскери-патриоттық «ASAU-2026» («Айбынды Сарбазды Анықтайтын Уақыт») байқауы өткізілді. Байқау әскери ортада «Заң мен Тәртіп» қағидатын насихаттауға, әскери тәртіпті нығайтуға және әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталды, деп жазады Еl.kz интернет порталы. 

Жоба профилактикалық жұмыстың практикалық бағыттарының біріне айналды. Оның негізгі мақсаты - әскери-патриоттық тәрбие, дене дайындығы, кәсіби және зияткерлік сынақтарды ұштастыра отырып, әскери қызметшілердің заңға деген құрметін қалыптастыру және әскери борышына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.

Байқаудың іріктеу кезеңіне Қонаев гарнизонының 4 мыңнан астам мерзімді әскери қызметшісі қатысты. Байқау қорытындысы бойынша үздік 9 сарбаз финалға шықты.

Финалдық кезең 6 сынақтан тұрды: ұлттық спорт түрлері, ашық суда қашықтықты еңсеру, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып барлау тапсырмаларын орындау, кедергілер жолағын еңсеру, зияткерлік сынақ және практикалық тапсырмаларды орындау.

Құқықтық және патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінді. Зияткерлік кезең барысында әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Заң мен Тәртіп» қағидатының мазмұнын, сондай-ақ Мемлекет басшысы бұған дейін оқуға ұсынылған шығармалардың қатарында атаған халық жазушысы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романын білу деңгейлерін көрсетті.

Жарыс аяқталғаннан кейін эстрада әртістері мен әскери шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Конкурс қорытындысы бойынша үздік деп 26363 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Бақтұр Мұрат танылды. Екінші орынды 6654 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Арлан Асхат иеленді. Үшінші орынға 32363 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Қазбек Кайнешов ие болды.

Бірқатар әскери қызметшілер жекелеген номинациялар бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен номинанттар Бас әскери прокурордың атынан естелік сыйлықтармен марапатталды.

Әскери прокуратура органдары «Заң мен Тәртіп» идеологемасын насихаттау және жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шараларды одан әрі жалғастыратын болады.

 

Оқи отырыңыз

{