Арыстанбек Мұхамедиұлын қамау мерзімі ұзартылды

22 Қараша 2022, 16:50 788

Оған 146 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған

Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлының қамау мерзімі ұзартылды. Бұл ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"2022 жылғы 18 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қамауда ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты", - деді баспасөз қызметі өкілі.

Айта кетейік, 2022 жылғы мамырда бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауға алынғаны белгілі болған еді. Ол кезде Мұхамедиұлы Ұлттық мұражайды басқарған болатын. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Оған қатысты "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрмесін өткізу кезінде 146 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша соталды тергеу жүріп жатыр.

Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Әлем мұражайлары бойынша алтын адам шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын ұрлау дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады.

EL.KZ
Бөлісу: