Арықтауға арналған жаңа «Тирзетта» препараты туралы не белгілі

Арықтауға арналған жаңа «Тирзетта» препараты туралы не белгілі

Көктем Қарқын
Фото: internist.ru

Арықтауға арналған дәрілерге қызығушылық артып келеді. Солардың қатарында «Оземпикпен» жиі салыстырылатын «Тирзетта» препараты да бар. Жаңа дәрі тәбетті төмендетіп, салмақ азайтуға көмектеседі. Ол қалай әсер етеді, кімдерге тағайындалады және қандай жанама әсері бар?

«Тирзетта» деген не?

РБК Трендс мәліметінше, препараттың басты ерекшелігі – оның бірден екі гормондық механизмге әсер етуі. Осы қасиетіне байланысты «Тирзетта» көп жағдайда «Оземпикпен» салыстырылады.

«Тирзетта» – құрамында тирзепатид белсенді заты бар препарат. Ол бастапқыда америкалық Eli Lilly компаниясы әзірлеген Mounjaro препаратымен бірдей әсер ететін дәрілер қатарына жатады.

Тирзепатид ішекте бөлінетін екі гормонның – ГПП-1 және ГИП-тің әсерін қайталайды. Бұл гормондар қандағы қант деңгейін реттеуге, инсулиннің бөлінуіне және тәбетті бақылауға қатысады.

Қарапайым тілмен айтқанда, препарат адамның тамаққа деген тәбетін төмендетіп, тойыну сезімін ұзағырақ сақтауға және қандағы глюкозаны реттеуге көмектеседі.

Фото: AI көмегімен жасалды

«Оземпиктің» белсенді заты – семаглутид. Ол негізінен ГПП-1 рецепторларына әсер етеді. Ал тирзепатид ГПП-1-мен қатар ГИП рецепторларына да ықпал етеді.

Сондықтан тирзепатидтің ағзаға әсер ету механизмі кеңірек. Ол тәбетті бақылауға, инсулиннің бөлінуіне және зат алмасу процестеріне әсер етеді.

Зерттеулердің бірінде семіздігі бар адамдар 72 апта бойы тирзепатид қабылдаған. 5 мг дозасын алғандардың дене салмағы орта есеппен 15 пайызға, 10 мг қабылдағандардың салмағы 19,5 пайызға, ал 15 мг алғандардың салмағы 20,9 пайызға азайған. Салыстыру үшін плацебо тобында бұл көрсеткіш 3,1 пайыз болған. Барлық қатысушылар диета сақтап, дене белсенділігімен айналысқан.

Тағы бір ірі зерттеуде тирзепатид пен семаглутидтің әсері салыстырылған. 12 айдан кейін тирзепатид қабылдағандарда салмақтың төмендеуі 6,9 пайыз болса, семаглутид тобында бұл көрсеткіш 4,5 пайызды құраған.

Алайда бұл нәтижелер «Тирзетта бәріне бірдей тиімді» дегенді білдірмейді. Препараттың әсері адамның денсаулығына, бастапқы салмағына, дозасына және емдеу жоспарына байланысты.

Препарат қалай қолданылады?

«Тирзетта» таблетка емес. Ол шприц-ручка арқылы тері астына енгізіледі және әдетте аптасына бір рет салынады.

Емдеу ең төменгі 2,5 мг дозадан басталады. Кейін дәрігер препараттың әсері мен ағзаның реакциясына қарай дозаны біртіндеп арттыруы мүмкін. Дозаны өз бетінше өзгертуге болмайды.

Тирзепатид негізіндегі препараттар тек арықтау үшін ғана қолданылмайды. Ол ересектердегі 2-типті қант диабетін емдеуде де пайдаланылады.

Салмақ төмендету мақсатында препарат семіздігі бар адамдарға немесе артық салмағы бар және сонымен қатар денсаулыққа байланысты қауіп факторлары кездесетін пациенттерге тағайындалуы мүмкін.

Яғни препаратты бірнеше келі артық салмағы бар кез келген адам өз қалауы бойынша қолдана алмайды. Терапияны бастау қажеттігін дәрігер анықтайды.

Жанама әсерлері қандай?

«Тирзетта» да кез келген дәрі сияқты жанама әсерлер тудыруы мүмкін. Ең жиі кездесетіндері ас қорыту жүйесіне байланысты:

Сирек жағдайда өт қабына қатысты мәселелер, аллергиялық реакциялар, панкреатит және басқа да ауыр асқынулар болуы мүмкін. Қант диабетіне арналған кейбір басқа препараттармен бірге қолданғанда гипогликемия қаупі де артады.

Әсіресе іштің қатты ауыруы, құсу немесе дене қызуы сияқты белгілер пайда болса, дәрігерге жедел қаралған жөн. Мұндай белгілер панкреатит сияқты ауыр жағдайларды көрсетуі мүмкін.

Оқи отырыңыз

{