Ардагерлер музей аралады

18 Қазан 2016, 10:58

Қарттарым, аман-сау жүрші!

Бүгін астаналық ардагерлер ҚР Ұлттық музейін тегін аралады.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған акция аясында Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесі бастаған 50-ге тарта ардагер музейге келіп, экспонаттармен танысып қайтты.

Жалын Дәуітқызы 4 жылдан бері Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінің жеке секторының төрайымы болып істеп келеді. Ол аудандағы белсенді қарттарды көрмелерге, мұражайларға, концерттерге жиі апарып тұрады.

– Былтыр осы музейге келгенімізде, үлкен конференция болып жатқандықтан, кіре алмағанбыз. Бүгін бұл жердегі жәдігерлерді тамашалаудың сәті түсті. Маған музейдегі «Алтын зал» қатты ұнады. Сондай әдемі безендірілген екен. Қазақ жерінен табылған бірнеше «Алтын адам» туралы көп мағлұматқа қанығып қалдым. Енді осында немерелерімді ертіп келем деп отырмын.

Ал, Көктал кентінің тұрғыны, зейнеткер Ырысгүл Нақыповаға Ұлттық музейдегі ерте дәуірден бері келе жатқан құнды экспонаттар ерекше ұнапты. – Осы акцияны ұйымдастырушыларға көп рахмет! Мол мағлұмат алып, жақсылап тамашаладық. Ұлттық музейдің біздің ардагерлер қоғамымен байланыс орнатып, осы музейге ардагерлерді шақырып, тегін тамашалатқаны  өте жақсы бастама болған деп ойлаймын» дейді зейнеткер.

Көктал кентіндегі ардагерлер қоғамының төрағасы Шәукен Смағұлов «Ұлттық музейдің ашылғанын естіген болатынбыз. Бірақ, мұнда келудің келіп реті келмей жүрген еді. Еліміздің тарихына қатысты жәдігерлерді көрдік. Хандар мен би-шешендерден, батырлардан қалған құнды дүниелерді тамашаладық. Елімізде осындай музейдің болуы – біз үшін үлкен мақтаныш» деп, музей қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Болашағы біртұтас ел» идеясында да қазақстандық патриотизмнің негізінде қазақтың тарихы мен мәдениеті, өткен дәуірлерден бізге жеткен өркениет туралы жиі аталады. ҚР Ұлттық музейінде топтастырылған экспонаттарды тамашалаған қариялар бабаларының жүріп өткен жолына үңіліп, тарихпен тілдесіп қайтты.


Айбота Өтеулі

Суреттер Ұлттық музейдің баспасөз қызметінен алынды

 

 

 

 

 

Бөлісу: