Мәдениет

Арбадан сахнаға дейін: ерекше жандардың өмірін өзгерткен театр

01.06.2026 15:10
EL.KZ
Фото: Арман Мухатов

Астана қаласындағы «Қанаттылар» инклюзивті театры – жай ғана спектакль қоятын өнер ұжымы емес, тағдыр мен талант тоғысқан ерекше орта. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға сахна арқылы өз үнін жеткізуге мүмкіндік берген Орталық Азиядағы алғашқы инклюзивті театр.

2021 жылы құрылған театр бүгінде ондаған актердің өміріне өзгеріс енгізіп, көрерменге рухани тереңдігімен ерекшеленетін қойылымдар ұсынып келеді.

Фото: Арман Мухатов
Фото: Арман Мухатов

Қазіргі таңда театр репертуарында 26 қойылым бар. Ұжым құрамында 35-тен астам актер еңбек етеді. Ал театр табалдырығын аттаған көрермен саны 10 мыңнан асты.

Театрдың басты миссиясы – өнер арқылы инклюзивтілік пен теңдікті дамыту, ерекше жандардың шығармашылық әлеуетін ашу. Мұнда драма, комедия, музыкалық спектакльдер мен эксперименттік жобалар сахналанады. Театр тек өнер кеңістігі ғана емес, актерлер үшін сенім мен еркіндікке жетелейтін өмір мектебіне айналған.

Театрдың алғашқы актерлерінің бірі

Арбада қозғалатын актер Құрбанәли Әбуов театр ашылған күннен бастап осы ұжымның құрамында еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, алғашында театр әлемі өзі үшін мүлде бейтаныс болған.

Фото: Арман Мухатов

Спорттық бимен айналысып жүрген Құрбанәлиді театрдың негізін қалаушы Арнұр Ысқақов шақырған. Алғашқы дайындықтар кезінде режиссердің сахнадағы қозғалысқа қатысты түсіндірмелері оған таңсық көрініпті. Себебі ол кезде театр мәдениеті мен актерлік өнер туралы түсінігі болмаған.

Басында өте қиын болды. Мәтінді жаттай алмадым, сахнаға шығатын кезімді шатастырып жүрдім, рөлге де бірден ене қойған жоқпын. Бірақ уақыт өте келе театр менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды, – дейді актер.

Ол алғашқы екі жыл бойы ұжымның жалақысыз жұмыс істегенін де жасырмайды. Соған қарамастан, барлығы өнерге деген сүйіспеншілікпен еңбек еткен.

«Әр қойылым алдында алғаш рет сахнаға шығатындай толқимын»

Театр актері Ерболат Бекентаев бұл ортаға 2022 жылы келген. Театр туралы оған достары айтып берген.

Фото: Арман Мухатов

Алғашқы рөлін театрға келгеннен кейін бір ай өткен соң сомдапты. Оның сөзінше, сахна алдындағы толқу әлі күнге дейін басылған жоқ.

Жалпы сахнада жүргеніме 20-25 жыл болды. Бірақ әр қойылым алдында бәрібір алғаш рет сахнаға шығатын адамдай қобалжимын, – дейді ол.

Ерболат үшін ерекше есте қалған рөлдердің бірі – «Күле аласың ба?» спектакліндегі Бәке бейнесі. Бұл оның алғашқы басты рөлі болған. Кейіпкер арқылы қоғамдағы шенеунік пен жемқорлыққа бейім адамның образы көрсетілген.

Актер театрдың өз өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтады. Оның пікірінше, бұл орта адамды өз ісін шынайы сүйіп атқаруға үйретеді.

Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Мәселен, көшелерде, саябақтарда және түрлі ғимараттарда пандустар көбейіп жатыр. Саябақтардың өзінде велосипедпен жүретіндерге, балалар арбасын итерген ата-аналарға арналған арнайы жолақтар қарастырылған. Алайда көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған бағыттаушы жолақтар мен қолайлы орта әлі де жеткіліксіз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет деп ойлаймын, – дейді Ерболат Бекентаев.

«Бұл тек театр емес, оңалту орталығы секілді»

Театрдың негізін қалаушы әрі басшысы Арнұр Ысқақовтың айтуынша, «Қанаттылар» театрының құрылуына ерекше бір оқиға себеп болған.

Бір күні ол театрда есту қабілеті нашар қыздың: «Неге театрлар бізге аударылмайды?» деген сұрағын естиді. Сол сәтте ерекше жандардың өздерін сахнаға шығарып, өнер арқылы қоғаммен байланыстырмасқа деген ой туған.

Бұл театр тек өнер ордасы емес, сонымен қатар өзіндік оңалту орталығы деуге болады. Актерлеріміздің сахнада өздерін еркін сезіне бастағанын көру – біз үшін үлкен жетістік, – дейді Арнұр Қайнарбекұлы.

Алғашқы кезеңде ұжым кейбір қойылымдарды қаржылық қолдаусыз қойған. Кейін «Қазақ халқына» қоғамдық қоры қолдау көрсеткен. Қазір театр дербес құрылым ретінде жұмыс істеп, әкімдік тарапынан қолдау алып отыр.

Астана әкімдігі бөлген 20 грант

Биыл Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қанаттылар» театры жанындағы ерекше талант иелеріне 20 білім гранты бөлінді. Бұл бастама инклюзивті өнерді дамытуға және жас актерлердің кәсіби білім алуына үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда театр актерлері ҰБТ тапсырып, шығармашылық емтихандарға дайындалуда. Жаңа оқу жылында студенттер «Шабыт» университетінде білім алып, актерлік шеберліктерін кәсіби деңгейде жетілдіреді.

Театр басшылығының айтуынша, бұл – ерекше жандардың өнер арқылы қоғамдағы өз орнын табуына жасалған маңызды қадамдардың бірі. Болашақта дәл осы жастар халықаралық фестивальдер мен үлкен сахналарда өнер көрсетіп, «Қанаттылар» театрының әлеуетін танытады деген сенім мол.

«Соқырлар» – рухани соқырлық туралы қойылым

Театр режиссері Нұрсұлтан Кемелұлы «Соқырлар» спектаклінің идеясы Морис Метерлинктің пьесасын қайта оқыған кезде туғанын айтады.

Режиссер қойылымды сахналау барысында суретші Слепцовтың картиналарынан шабыт алған. Әсіресе сахнадағы жалғыз ағаш адамның ішкі жалғыздығы мен рухани күйінің символына айналған.

Фото: Арман Мухатов

Спектакльдің негізгі философиясы өте терең. Ол Шәкәрімнің «Қайдан келдім? Не істедім? Қайда барамын?» деген ойларымен үндеседі. Бұл қойылым тек көзі көрмейтін адамдар туралы емес. Мұндағы басты мәселе – рухани соқырлық. Сенім жоғалған жерде адам да адаса бастайды. Біз көрерменге осы ойды жеткізгіміз келді, – дейді режиссер.

Қойылымға 16 актер қатысқан. Оның ішінде арбадағы актерлер мен зағип жандар да бар. Әр актермен жеке жұмыс жүргізіліп, сахналық тіл, қозғалыс және пластика бойынша ұзақ дайындық өткен.

Фото: Арман Мухатов
Фото: Арман Мухатов
Фото: Арман Мухатов

«Соқырлар» спектаклінің премьерасы 28-29 мамыр күндері өтті. Екі күн бойы сахналанған қойылым көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, театрға деген қызығушылықты одан әрі арттырды.

Режиссердің айтуынша, спектакльді алдағы уақытта халықаралық фестивальдерге шығару жоспарда бар.

Авторы: Аружан Қали

Оқи отырыңыз