12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікИспанияға қарасты Канар аралдарына бір тәулікте 1 488 мигрант келіп, бұрын-соңды тіркелмеген рекорд орнатылды. Ал екі күн ішінде аралдарға жеткен адамдардың саны 2 300-ден асты. Мигранттар ағынының күрт артуы жергілікті билікті алаңдатып отыр. Қазір оларды қабылдау және уақытша орналастыру орталықтарына түсетін жүктеме айтарлықтай артқан.
Екі күнде 2 300-ден астам адам келген
14 қараша сенбі күні Канар архипелагындағы Эль-Йерро аралына 12 қайықпен 1 235 мигрант жеткен. Сонымен қатар Гран-Канария аралына 203 адам, ал Тенерифеге тағы 50 адам келген.
Осылайша, бір тәулікте аралдарға 1 488 мигрант жетіп, 2020 жылғы 7 қарашада тіркелген рекорд жаңарды. Ол кезде Канар аралдарына бір күнде 33 қайықпен 1 461 адам келген болатын.
Алдын ала мәлімет бойынша, жаңадан келгендердің арасында 108 әйел мен 167 кәмелетке толмаған бала бар.
13 қарашада аралдарға 843 мигрант келген. Осылайша, екі күн ішінде 22 қайықпен жеткен адамдардың жалпы саны 2 331-ге жетті.
Аралдағы жағдай күрделене түсті
Мигранттарды құтқару және жағаға жеткізу жұмыстарына Испанияның теңіз құтқару қызметінің алты кемесі мен Азаматтық гвардияның екі патрульдік қайығы жұмылдырылған.
Эль-Йерро аралындағы шетел азаматтарын уақытша қабылдау орталығында соңғы мигранттар келгенге дейін 317 адам болған. Олардың 158-і тұрақты паром рейсімен Тенерифе аралына жіберілген.
Сонымен қатар Nuestra Señora de los Reyes ауруханасында бұған дейін жеткізілген 11 адам ем қабылдап жатыр.
Канар аралдарының президенті Фернандо Клавихоның айтуынша, қараша айында мигранттар мінген қайықтардың үздіксіз келуі аралдың мүмкіндігін сарқып барады.
Соңғы бес аптада Эль-Йерроға 8 мыңнан астам адам келген. Осыған байланысты жергілікті билік әлеуметтік төтенше жағдай жариялаған.
Фернандо Клавихо Еуропалық комиссияның көші-қон мәселелері жөніндегі комиссары Магнус Бруннерге хат жолдап, жағдайға шұғыл араласуды сұраған.
Сондай-ақ Испания премьер-министрі Педро Санчес көші-қон мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шұғыл отырысын өткізуге уәде берген.
Мигранттар саны неге көбейді?
Испания Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазан айында Канар аралдарына 6 194 мигрант келген. Бұл Атлант мұхиты арқылы өтетін көші-қон бағытында 2023 жылдан бергі ең жоғары айлық көрсеткіштердің бірі.
Мамандар желтоқсанға дейін мигранттар ағыны бәсеңдемеуі мүмкін екенін айтады. Өйткені осы кезеңде Атлант мұхитындағы ауа райы жағдайлары теңіз арқылы қатынауға қолайлы болады.
Канар аралдарына мигранттар негізінен Сенегал, Гамбия және Мавритания жағалауларынан шығады. Кейбір бағыттардың ұзақтығы мың шақырымнан асады. Олар Еуропаға жету үшін шағын қайықтармен ашық мұхитты кесіп өтуге мәжбүр.
Жергілікті билік мигранттар санының артуын Сенегалдағы шекаралық бақылаудың әлсіреуімен байланыстырады. Олардың пікірінше, қауіпсіздік күштерінің бір бөлігі Дакардағы спорттық іс-шараларға жұмылдырылған.
Ал Испанияда 20 жылдан бері тұратын сенегалдық Тимбо Самб мұның себебін өз еліндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдан іздейді.
Оның айтуынша, жұмыссыздық, жемқорлық және болашаққа деген сенімнің азаюы көптеген жасты Еуропаға кетуге итермелейді.
17 жасында Испанияға төртінші әрекетінде ғана жеткен Самб Африкадан Еуропаға қоныс аударудың қауіпсіз әрі заңды жолдарын көбейту қажет деп есептейді.
Жергілікті тұрғындар неге наразылық білдіріп жатыр?
Канар аралдары үкіметінің көші-қон мәселелері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Чема Сантананың айтуынша, Эль-Йерро тұрғындарының наразылығы мигранттардың өзіне емес, биліктің жағдайға дер кезінде әрекет етпеуіне бағытталған.
Ол мигранттарды қабылдайтын қызметтердің жұмысын күшейтіп, аралға келген адамдарды басқа өңірлерге мүмкіндігінше жылдам орналастыру қажет екенін атап өтті.
Сарапшының пікірінше, тиісті шаралар уақытында қабылданбаса, шағын аралдың әлеуметтік және медициналық инфрақұрылымына түсетін салмақ одан әрі артуы мүмкін.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер