«Әр балаға тең мүмкіндік»: депутаттар жолдаудағы маңызды міндеттерді атады

«Әр балаға тең мүмкіндік»: депутаттар жолдаудағы маңызды міндеттерді атады

Ажар Лаубаева
Фото: Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауында ел дамуының маңызды бағыттары айқындалды. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту, азаматтарға тең мүмкіндік жасау, әлеуметтік қолдау мен өскелең ұрпақтың болашағына қатысты бірқатар міндет қойды. Құрылтай депутаттары Ақерке Искандерова мен Динара Наумова жолдаудағы маңызды бастамаларға тоқталды.

«Сапалы білім алған жастар мемлекет дамуына үлес қосады»

Құрылтай депутаты Ақерке Искандерова президент жолдауында көтерілген бастамалардың басым бөлігі болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы жылдың жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы болып жариялануы елдегі инфрақұрылымды дамытуға жаңа серпін береді.

Депутат әсіресе азаматтардың қай өңірде тұратынына қарамастан, сапалы білім мен медициналық қызметке бірдей қол жеткізуі маңызды екенін айтты.

Инфрақұрылымды дамытудың негізгі мақсаты – келешек ұрпаққа жағдай жасау. Азамат ауылда, ауданда немесе мегаполисте тұрса да, барлығына бірдей мүмкіндік берілуі керек. Біздің жастарымыз бен балаларымыз сапалы мектептерде білім алып, жақсы медициналық мекемелерде емделіп, жоғары оқу орындарында сапалы білім алса, кейін мемлекетіміздің дамуына үлкен үлес қоса алады, – деді Ақерке Искандерова.

Оның сөзінше, өңірлерді дамыту тек жаңа нысандар салумен шектелмейді. Ең алдымен, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау қажет. Бұл бағыт «Әділет» партиясының «Мықты аймақтар – мықты мемлекет» қағидатымен де үндеседі.

Сонымен қатар депутат мемлекет басшысының цифрландыруға ерекше назар аударғанын атап өтті. Ол елдің дамуы үшін технологиялық жаңарумен қатар, азаматтардың жауапкершілігі мен отаншылдық қасиеттері де маңызды деп есептейді.

Жастарымыз белсенді, патриот, отаншыл болып, әрбір салада өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек. Президенттің «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» тұжырымдамаларын қолдап қана қоймай, күнделікті өмірімізде жүзеге асырсақ, еліміздің дамуы да жылдамдай түседі деп ойлаймын, – деді депутат.

Ақерке Искандерова қазіргі геосаяси жағдайда ел бірлігін сақтап, әр азаматтың Қазақстанның дамуына үлес қосуы маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ жолдауда айтылған міндеттерді іске асыру бағытында депутаттық корпус алдағы уақытта жұмыс жүргізетінін айтты.

Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау күшейтілуі керек

Ал Құрылтай депутаты Динара Наумова президент жолдауында инклюзивті орта қалыптастыру мен ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелерінің көтерілуіне ерекше назар аударған.

Оның айтуынша, мұндай балаларға жағдай жасау тек білім беру саласымен шектелмеуі тиіс. Олардың оңалту қызметтеріне қолжетімділігін арттырумен қатар, бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға да жан-жақты қолдау көрсету қажет.

Жолдау өте мазмұнды болды. Көптеген маңызды мәселе көтерілді. Мен инклюзивті ортаны дамытуға ерекше көңіл бөлетін адам ретінде осы бағыттағы міндеттерге назар аудардым. Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауды күшейту, оларды оңалту және осындай балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға көмек көрсету мәселелері маңызды, – деді Динара Наумова.

Депутат аталған бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету үшін мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы қажет.

Президент осы мәселелерге арнайы тоқталды. Менің ойымша, бұл бағыттағы жұмыс Үкімет, Құрылтай және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғасады, – деді ол.

Оқи отырыңыз

{