12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікӘйелдің өмірі тек отбасы мен бала тәрбиесінен тұрмайды. Оның өз арманы, таңдауы, ішкі әлемі, жеке мақсаттары бар. Бір кітап өткенімізге үңілтсе, екіншісі өзімізді тануға көмектеседі. Ал кей шығармалар әйелдің қоғамдағы орны мен оның басынан өтетін сынақтарға басқаша қарауға мүмкіндік береді.
Әр әйелдің кітап сөресінде қандай кітаптар болуы керек? Осы сұрақпен кітап клубтарына сауалнама жүргізіп, олардың ұсыныстары арасынан жеті кітапты іріктедік, деп хабарлайды El.kz интернет басылымы.
Тізімге қазақ әйелінің ұлттық болмысы мен отбасылық құндылықтарын танытатын естеліктер, әйел құқығы мен еркіндігін қозғайтын романдар, сондай-ақ қазіргі әйелдердің өмірін суреттейтін шығармалар енді. Бұл жетілік әдеби рейтинг емес, кітап клубтарының ұсыныстары негізінде жасалған іріктеу. Әр шығарманың көтеретін мәселесі де, оқырманға ұсынатын ойы да әртүрлі.
Зейнеп Ахметова, «Шуақты күндер»: қазақы тәрбиенің тереңіне үңілетін кітап
Қазақ отбасындағы сыйластық, үлкен мен кішінің қарым-қатынасы, ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғағанда Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабын айналып өту қиын. Бұл шығармада аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының көпшілікке беймәлімдеу қыры, яғни отбасы ортасындағы болмысы суреттеледі.
Жазушы Бауыржан Момышұлын тек әскери қайраткер ретінде емес, әке, ата және отбасының үлкені ретінде танытады. Оның мінезі, адамгершілік ұстанымдары, ұрпақ тәрбиесіне көзқарасы келінінің естеліктері арқылы ашылады. Кітаптың ерекшелігі де осында. Мұнда ұлттық тәрбие құрғақ ақыл немесе ереже түрінде емес, күнделікті тұрмыстағы оқиғалар арқылы баяндалады.
Шығарма оқырманды қазақ отбасында қалыптасқан салт-дәстүрлердің мәніне үңілуге шақырады. Сонымен қатар үлкенге құрмет пен жеке адамның болмысы, отбасылық тәрбие мен жауапкершілік туралы ойлануға мүмкіндік береді.
«Шуақты күндер» тек бір отбасының тарихы емес, қазақ қоғамының рухани құндылықтарын, ұрпақтар арасындағы байланысты танытатын естелік шығарма.
Нәзипа Құлжанова, «Қазақ әйелдеріне манифест»: бір ғасыр бұрын көтерілген мәселелер
Бүгінде әйелдердің білім алуы, кәсіби дамуы, бала тәрбиесі мен қоғамдағы орны туралы жиі айтылады. Алайда бұл мәселелер қазақ қоғамында бүгін ғана пайда болған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Нәзипа Құлжанованың «Қазақ әйелдеріне манифест» кітабы ерекше назар аударуға тұрарлық. Нәзипа Құлжанова қазақ қоғамындағы әйелдердің ағартушылық бағыттағы қызметіне үлес қосқан журналист, педагог, жазушы және аудармашы ретінде белгілі.
Кітапқа оның әр кезеңде жазған еңбектері топтастырылған. Онда бала тәрбиесі, мектеп жасына дейінгі балалардың дамуы, ана мен бала денсаулығы сияқты мәселелер қамтылады. Нәзипа Құлжанова әйелдердің білім алуына және қоғам өміріне белсенді араласуына мән берген ағартушылардың бірі болды. Оның еңбектері арқылы сол кезеңдегі қазақ қоғамында әйел мен бала мәселесіне қандай көзқарас болғанын байқауға болады.
Бұл кітаптың бүгінгі оқырман үшін құндылығы тек тәрбиелік кеңестерінде емес. Ол қазақ әйелдерінің білімге ұмтылу тарихын, ағартушылық идеялардың қалыптасуын және қоғамдағы өзгерістерді тануға мүмкіндік береді. Кітаптың ағартушылық және тарихи маңызы бар.
Бір ғасыр бұрын айтылған ойларды бүгінгі қоғаммен салыстыра оқу әйелдердің мүмкіндіктері мен қоғамдық рөлінің қалай өзгергені туралы ойлануға жетелейді.
Халед Хоссейни, «Жарқыраған мың күн»: екі әйелдің тағдыры арқылы баяндалған тұтас дәуір
Әйел өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі не? Соғыс па, еркіндіктің шектелуі ме, әлде өз тағдырын өзі таңдай алмау ма? Ауғанстаннан шыққан жазушы Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» романы осы мәселелерді екі әйелдің өмірі арқылы көрсетеді. Шығарманың басты кейіпкерлері Мәриям мен Ләйлә әртүрлі ортада өсіп, түрлі тағдырды бастан кешіреді. Алайда елдегі саяси тұрақсыздық, соғыс пен қоғамдық қысым олардың өмірін тоғыстырады.
Романда әйелге жасалатын зорлық-зомбылық, мәжбүрлі неке, отбасындағы қатыгездік және әйелдің жеке таңдау еркіндігінің шектелуі сияқты күрделі мәселелер қозғалады. Бірақ бұл тек қасірет туралы шығарма емес. Оның өзегінде қиын жағдайда қалыптасқан өзара сенім, жанашырлық пен адамдық байланыс жатыр. Автор екі кейіпкердің қарым-қатынасы арқылы бір-біріне мүлде бөтен адамдардың қалай жақын болып, қиындыққа қарсы тұра алатынын суреттейді.
Шығарманың әсерлі тұстарының бірі – әйелдердің тағдырына әсер ететін қоғамдық жағдайларды олардың жеке өмірімен байланыстыра көрсетуі. Кейіпкерлердің қорқынышы, үміті, жоғалтқандары мен шешімдері оқырманды адам құқығы туралы ойлануға мәжбүр етеді. «Жарқыраған мың күн» әйел құқығының қорғалуы, қауіпсіз ортада өмір сүру және өз болашағын таңдау мүмкіндігі қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсінуге жол ашады.
Аягүл Мантай, «Уақыттың көз жасы»: адам жанындағы көзге көрінбейтін қайшылықтар
Кейбір кітаптар оқиғасымен есте қалса, енді бірі адам жанының тереңіне үңілетіндігімен ерекшеленеді. Қазақ жазушысы Аягүл Мантайдың «Уақыттың көз жасы» жинағы екінші қатардағы шығармаларға жақын. Жинаққа жазушының әртүрлі тақырыптағы әңгімелері енген. Бұл шығармаларда адамның ішкі арпалысы, өмірдің мәнін іздеу, жалғыздық, рухани қайшылықтар мен адамгершілік мәселелері көркемдік тұрғыдан бейнеленеді.
Аягүл Мантай прозасының ерекшеліктерінің бірі – кейіпкердің сыртқы әрекетінен гөрі оның ішкі толғанысына мән беруі. Жазушы кейіпкерлері арқылы адамның өзімен күресін, өмірдегі күрделі сұрақтарға жауап іздеуін көрсетеді.
Адамның жан дүниесінде болып жатқан өзгерістер кейде сырт көзге байқалмайды. Біреудің үнсіздігі, айтылмаған өкініші немесе қабылдай алмаған шешімі оның өміріне әсер етуі мүмкін. Жинақтағы психологиялық сарын оқырманды осындай ішкі қайшылықтарға назар аударуға жетелейді.
Шығармаларда барлық мәселенің дайын шешімі ұсынылмайды. Керісінше, оқырман кейіпкердің сезімі мен таңдауын өз тәжірибесі арқылы түсіндіруге мүмкіндік алады. «Уақыттың көз жасы» әйелге ғана арналған туынды емес. Алайда оның адам жанына үңілетін психологиялық сипаты өзін және айналасындағы адамдарды тереңірек түсінгісі келетін оқырман үшін маңызды болуы мүмкін.
Унзила Мыңбай, «Менің үйімдегі әйелдер»: күнделікті өмірдегі көрінбейтін ерлік
Қоғам көбіне үлкен жетістікке жеткен, танымал болған немесе ерекше оқиғаға тап болған адамдардың тағдырына назар аударады. Ал күнделікті тіршілікте отбасы мен жұмысын қатар алып жүрген, жақындарына қамқорлық жасайтын әйелдердің өмірі ше?
Унзила Мыңбайдың түпнұсқада «Женщины моего дома» деп аталатын кітабы қазақстандық әйелдердің өмірлік оқиғаларына арналған. Жинақта әртүрлі жастағы, түрлі өмірлік жағдайда жүрген әйелдердің тағдыры баяндалады. Олардың өмірінде ана болу, отбасылық жауапкершілік, жақындарына қамқорлық жасау, қарым-қатынас, жалғыздық және жеке бақытты іздеу мәселелері көрініс табады.
Бұл оқиғаларды біріктіретін ортақ желі – әйелдердің бақытқа ұмтылысы, жақындарына деген сүйіспеншілігі және күрделі жағдайда өмірін жалғастыруға талпынысы.
Кітаптың назар аударарлық тұсы – әйел өмірінің қарапайым сәттеріне мән беруі. Өйткені әйелдің күнделікті атқаратын жұмысы, отбасындағы жауапкершілігі, өзгелер үшін қабылдайтын шешімдері әрдайым сырт көзге байқала бермейді. Сонымен қатар шығарма әйелдің өмірдегі түрлі рөлдерінің арақатынасы туралы ойлануға мүмкіндік береді. Ана, жар немесе қыз болумен қатар, әр әйелдің өз қалауы, арманы мен қажеттіліктері бар.
Кітаптағы оқиғалар әйел өмірінің жалғыз ғана дұрыс үлгісі жоқ екенін еске салады. Әр адамның өмір жолы, кездесетін қиындығы мен бақыты туралы түсінігі әртүрлі.
Элиф Шафак, «Махаббаттың қырық қағидасы»: махаббат адамды өзгерте ала ма?
Махаббат туралы шығармалар көп. Алайда түрік жазушысы Элиф Шафактың «Махаббаттың қырық қағидасы» романы бұл сезімді тек екі адамның арасындағы қарым-қатынас ретінде қарастырмайды. Шығармада екі түрлі кезеңдегі оқиға қатар өрбиді. Бір желіде қазіргі заманда өмір сүретін Элла есімді әйелдің тағдыры баяндалса, екіншісінде XIII ғасырдағы ақын әрі ойшыл Руми мен дәруіш Шамс Тебризидің рухани байланысы суреттеледі.
Сырттай қарағанда Элланың отбасылық өмірі қалыпты көрінеді. Бірақ ол өзінің ішкі әлемінде қанағаттанбаушылық сезінетінін аңғара бастайды. Қолжазбаны оқуға кіріскен әйел біртіндеп өз өміріне, қарым-қатынасына және бұрынғы таңдауларына басқаша қарайды. Ал Руми мен Шамс туралы желіде рухани ізденіс, адамға деген сүйіспеншілік, дүниетанымның өзгеруі мен қоғамдық түсініктердің қайшылығы қозғалады.
Бұл романның басты ерекшелігі – махаббат ұғымын адамның өзін тануымен, ішкі еркіндігімен және рухани өзгерісімен байланыстыруында. Шығарма оқырманды бірқатар сұрақ төңірегінде ойлануға шақырады. Адам өз өміріне қаншалықты қанағаттанады? Өзгерістен неге қорқады? Махаббат пен жеке еркіндік арасында қандай байланыс бар?
«Махаббаттың қырық қағидасы» – сүйіспеншілікпен қатар, адамның өз өмірін қайта бағалауы мен рухани ізденісін суреттейтін шығарма.
Динара Болат, «Соңына дейін әйел»: өзіңді жоғалтпай өмір сүру мүмкін бе?
Отбасына, балаға, жұмысқа және жақындарына уақыт бөлген әйелдің өзіне қанша уақыты қалады? Бұл сауал қазіргі қоғамда жиі талқыланатын мәселелердің бірі.
Динара Болаттың «Соңына дейін әйел» кітабы әйелдің өзін тануы, ішкі еркіндігі, отбасылық өмірі және жеке қажеттіліктеріне арналған. Автор әйелдің өмірдегі түрлі рөлдерін атқара жүріп, өз болмысын сақтауы, жеке армандары мен мақсаттарын ұмытпауы туралы ой қозғайды. Кітапта әйелдің бақытты болуы, өзіне көңіл бөлуі және жеке қажеттіліктерін ескеруі мәселелері қарастырылады.
Қоғам әйелдерден түрлі нәрсе күтеді. Біреулер оның отбасы мен бала тәрбиесіне басымдық беруін маңызды санаса, енді біреулер кәсіби жетістікке жетуін жоғары бағалайды. Мұндай жағдайда адамның өз қалауы мен сыртқы талаптардың арасын ажырата білуі маңызды мәселеге айналады.
Шығарма осы тақырыптар төңірегінде ойлануға шақырады. Әйел өзіне көңіл бөлгенде отбасы алдындағы жауапкершілігін елемей ме? Әлде жеке қажеттіліктерін ескеру оның өміріндегі маңызды тепе-теңдіктің бір бөлігі ме?
Бұл еңбектің көтеретін негізгі сұрақтарының бірі – әйел отбасының мүшесі, ана немесе жар болумен қатар, өз алдына жеке тұлға ретінде қалай дамиды?
Қай кітаптан бастаған дұрыс?
Іріктелген жеті шығарманың тақырыбы әртүрлі болғанымен, олардың бәрі адам өміріндегі маңызды мәселелерді қозғайды.
«Шуақты күндер» қазақы тәрбие мен отбасылық құндылықтарды таныстырса, «Қазақ әйелдеріне манифест» әйелдердің білім алуы мен қоғамдағы орнының тарихи қырын ашады.
«Жарқыраған мың күн» әйел құқығы, еркіндік пен адам тағдыры туралы ойлануға жетелейді. Ал «Уақыттың көз жасы» адамның жан дүниесіне, ішкі қайшылықтары мен рухани ізденістеріне үңіледі.
«Менің үйімдегі әйелдер» қазіргі әйелдердің күнделікті өміріндегі қуаныш пен қиындықтарды көрсетсе, «Махаббаттың қырық қағидасы» сүйіспеншілік пен рухани өзгеріс мәселесін қозғайды. «Соңына дейін әйел» әйелдің өзін тануы мен жеке болмысын сақтауына назар аударады.
Бір адам кітаптан өзіне ұқсас тағдырды іздесе, екіншісі бұрын білмеген әлемді танығысы келеді. Үшіншісі өз өміріндегі сұрақтарға жауап табуға ұмтылады. Дегенмен кітаптың құндылығы кейде дайын жауап беруінде емес, адамды бұрын ойламаған мәселелер туралы толғандыруында.
Ал сіздің ойыңызша, әр әйелдің кітап сөресінде тағы қандай шығарма болуы керек?
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер