Ақтөбелік құтқарушы: Өңірдегі су деңгейі төмендеп келеді

4 Сәуір, 17:43 1053

Өңірлерде су тасқыны басталғалы бері құтқарушылар аянбай табиғи апатты жоюға барынша атсалысып жатыр. Актөбелік құтқарушы Азат Әбдіғаниұлы тасқынға барынша тосқауыл болуға тырысып жатқанын айтты. Ел басына күн туған сәтте бұғып қалмай, төтенше жағдай жарияланған өңірде қызмет етіп жүрген құтқарушымен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тілдесіп, аймақтағы қазіргі ахуал мен жалпы құтқару жұмыстары туралы сұрап білді.

Апат айтып келмейді. Десе де, өзгені ажалдан арашалау мақсатында өз басын қауіп-қатерге тігетін де осы құтқарушылар. Олар қазір қиын-қыстау кезеңде адамдарды ғана емес, тіпті жан-жануарлардың да өмірін сақтап қалу қалу үшін белуардан суға да түсіп, әуеден де, жерден де жедел көмек көрсетіп жатыр.

Солардың бірі – құтқарушы Азат Әбдіғаниұлы. Ол Ақтөбе қаласында аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмыс істейді. Бүгінде өңірде болып жатқан су тасқыны кезінде тұрғындарға қолұшын созып жүр. Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы белсенді іс-шаралар әлі де жалғасып жатыр.

Облыс аумағында 762 үйді су басып, эвакуацияланған 1957 адамды уақытша орналастыру пункттеріне апарған. 7072 бас мал қауіпсіз жерлерге айдалды. Авариялық құтқару жұмыстарына 1398 адам, 197 техника, 59 су сору құрылғысы және 10 жүзу құралы жұмылдырылды. Бүгінде Сазды су қоймасындағы су ағынының ұлғаюы нәтижесінде Сазды және Жіңішке өзендеріндегі су деңгейін азайту мақсатында жұмыстар жасалуда.

ТЖД құтқарушылары азаматтарды жақын маңдағы ауылдардан алдын ала эвакуациялауда. Құтқарушының сөзінше, Ақтөбе қаласында жағдай қалыпты. Тұрғындар мен қала қонақтарына әзірге қауіп жоқ. Десе де, құтқару жұмысы барысында біраз қиындық болып жатқанын жасырмады.

Мұндай кезде кейбір тұрғындар түсіністік танытпай жатыр. Әсіресе, қауіпсіз аймаққа көшіру барысында олар қарсылық танытып көшкісі жоқ. Үйлерін тастап кеткісі келмейді. Бұл өте қауіпті. Осындай жағдайда адам дүниесінен гөрі өз өмірінің қауіпсіздігін бірінші ойлау керек деп ойлаймын, – дейді құтқарушы Азат.

Бұл туралы жақында премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында да айтқан еді.  

Үкімет басшысы өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмағанын және үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатқанын тілге тиек етті.  

Эвакуациялау, бірінші кезекте, сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек. Олар сіздер үшін тер төгуде. Ал адамдарды құтқару оңай жұмыс емес, – деді премьер-министр.

Бұдан бөлек, құтқарушы жолды бөгеу барысында кейбір көлік иелері жолды айналып өтуге қыйынсынып кедергі келтіреді деп отыр.

Біздін қызметте түрлі жағдай болады. Тіпті түсінбестік салдарынан бізге ашуланатын адамдар да табылып жатады. Құтқарушылар тылсым күш иесі емес. Олар да етпен сүйектен жаратылған жандар. Құтқарушылар бір емес бүтіндей халықты ойлайды. Біздің қызметте мен деп жеке бөлінгеннен гөрі, біз деп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірігіп жұмыс істеу маңызды.  Осы су тасқыны кезінде қаһарман азаматтар біраз адамды қауіпсіз аймаққа көшіріп, өмірлерін сақтап қалуға тырысты, – дейді Азат Әбдіғаниұлы.

Құтқарушының айтуынша, су деңгейі күннен-күнге төмендеп келеді. Басқа аймақтардан тасқын келіп қосылмаса, бұрынғы қалыпқа келеміз деп үміттенеді.

Ел басына күн туғанда бұғып қалған сәтіміз жоқ. Бұған бүкіл ел куә. Басшылар  нұсқаған әрбір апаттарда білек сыбанып әрекет етудеміз. Су тасқынынан зардап шеккен халықтың мұң-мұқтажын көру бізге оңай соқпайды. Тірі жандының бәрін құтқаруға барынша әрекет етіп жатырмыз. Күшіміз бірлікте. Осындай қиын кезде халықтың жанынан табылып, барынша көмектесудеміз, – дейді құтқарушы Азат Әбдіғаниұлы.

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына барып, су тасқыны болып жатқан аймақтарды аралап, халықпен кездесті. Мемлекет басшысы бұрын-соңды болмаған мұндай үлкен табиғи апатта бір ел, бір халық болып әрекет ету керектігін айтты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: