Ақшора мен Белтұранның хикаясы: Кәмшат Жолдыбаева мен Ғазизхан Шекербектің дуэті не туралы?

Ақшора мен Белтұранның хикаясы: Кәмшат Жолдыбаева мен Ғазизхан Шекербектің дуэті не туралы?

Айзат Айдарқызы
Фото: Камшат Жолдыбаеваның Instagram парақшасынан скриншот/Al

Жақында Ғазизхан Шекербек пен Кәмшат Жолдыбаеваның Rapsodiya әніне түсірілген бейнебаяны жарық көрді. Бейнебаянда Каспий теңізі, Бозжыра, бірнеше үйір жылқы және ақсұңқар құс бар. Көпшіліктің көңілінен шыққан туынды не туралы екенін талдап көрелік. 

Rapsodiya не туралы?

Жалпы, ән атауы түрлі әуеннің бір ортада тоғысқанын, сезімдердің үйлесімін, шабыт пен эмоция тасқынын көрсетеді. Әннің сөзін Ақберен Елгезек жазса, Ғазизхан Шекербек әуенін әрлеген. оған Камшат Жолдыбаеваның сиқырлы үні қосылғанда құлаққа майдай жаққаны анық. 

фото: Камшат Жолдыбаеваның  Instagram парақшасынан скриншот/Al

Қызығы сол, Ғазизхан Шекербек әуелі ән жазып, артынша Ақберен Елгезектің өлең жинағынан әнге лайық сөз іздейді. «Серенада» өлеңі әншінің көзіне оттай басылады. Сөйтіп, сазгер осы өлеңге арнап әуенді өзгертіп, қайта жазады. Дайын болған екі нұсқаны кезек пе кезек Камшат Жолдыбаеваға жолдайды. Маңғыстаулық әнші туындыны бірден ұнатып, клип түсіруге ұсыныс білдіреді.

Жұрт күткен дуэт

Әңгімені әріден бастасақ, биыл наурыз айында Ғазизхан Шекербек пен Еділ Ғаббастың «Мантра» әні жарыққа шықты. Дуэт ел арасында кеңінен танымал болып, хит-парадтың көшін бастады. Сонда жанкүйерлер әлеуметтік желіде сазгерге Кәмшат Жолдыбаевамен бірге дуэт орындауын сұрап, хат жазды. 

фото: Камшат Жолдыбаеваның  Instagram парақшасынан скриншот/Al

Ғазизхан Шекербек те көрерменнің көңілін жықпай, «Мантра» әнін Кәмшат Жолдыбаевамен бірге орындамақ болады. Кейіннен жаңа туынды жазуға бел байлап, шілде айынан бастап іске кіріседі.  Rapsodiya әнінің дүниеге келуіне бас-аяғы төрт ай кетеді. 

Кейінірек, Кәмшат Жолдыбаева өзі де «Мантра» әнін ұнатқанын, сазгермен бірге дуэт орындағысы келгенін мойындайды. Бір қызығы, әнші 2017 жылы Ғазизхан Шекербекке ән жазып беруін өтініп, қолқа салған екен. 

Бейнебаян қалай дүниеге келді?

Бейнебаянның идея авторы – Кәмшат Жолдыбаева. Мотив те әнші туған Маңғыстау өңіріннен алынған. Әншінің үстіндегі көйлекті атақты дизайнер Аида Кауменова тіккен. Оның киген сәукелесі ерте заманда түрікмен қыздары ұзатылғанда киген 40 келіге тартатын баскиімге ұқсайды. 

Бейнебаянның режиссері – Шоқан Адай. Оған қоса ЖИ элементін қосып, әрлеген. Каспий теңізінің қасында домбыра шертіп тұрған Шекербеков, бірнеше үйір жылқының ішінде тұрып сүйіктісіне ормалын жолдаған Жолдыбаеваның қимылы көз тартады. Бейнебаяннан ақтың әрдайым қараны жеңетінін, қандай жағдай болса да, ғашықтар кезігетінін көрсетеді. 

Ақшора мен Белтұран кім?

Ел аузында сақталған «Ақшора мен Белтұран» аңызы – қазақ жігіті мен түрікмен қызының арасындағы махаббат хикаясы. Ертеде Маңғыстау өңірінде қазақтар мен түрікмендер көрші қоныстанып, тату-тәтті өмір сүрген екен. Сол заманда Белтұран есімді қазақ жігіті мен Ақшора есімді түрікмен қызы болған. Екеуі мал суаратын шағын тұщы көлдің жағасында кездесіп, бір-біріне ғашық болады.

фото: El.kz/Al

Алайда Ақшораның әкесі олардың махаббатына қарсы болып, қызын Хиуаға ұзатпақ болады. Қос ғашық бірге қашып шыққанымен, арттарынан түскен қуғыншылардан құтыла алмайтындарын түсінеді. Ақыры бір-бірінен айырылуды қаламаған ғашықтар қол ұстасқан күйі биік жартастан секіріп, қаза табады.

Бүгінде Ақтау қаласынан Таушыққа қарай баратын жол бойында «Ақшора зираты» деп аталатын киелі орын бар. Бұл аңыз екі жастың адал махаббатының, бір-біріне деген шексіз сезімінің символы ретінде ел жадында сақталған.

Оқи отырыңыз

{