Жаңалықтар

Ақерке Назарбекова «Азия ханзадасы» фильмінде басты рөлді сомдайды

18.06.2026 18:20
Айзат Айдарқызы
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстан мен Оңтүстік Корея мәдени байланыс орнатып, «Азия ханзадасы»  атты романтикалық комедияның түсірілім жұмысын бастады. Толықметрлі фильмде басты рөлді актриса Ақерке Назарбекова сомдайды. 

Фильмнің түсірілімі Алматы мен Сеулде өтеді. Сюжеті заманауи ертегіні еске салады. Оқиға бойынша кореялық жас әртіс Алматыға жарнама түсіруге келеді. Алайда продюсерлерімен арадағы келіспеушіліктен кейін күтпеген жағдайға тап болып, туған еліне қайта алмай қалады. Бейтаныс ортада жалғыз қалған өнер иесінің жолы Тоғжан есімді қазақ қызымен түйіседі. Осы таныстық оқиғаның негізгі желісіне айналады. 

Бір қарағанда бұл қарапайым романтикалық комедия сияқты көрінуі мүмкін. Алайда жобаның ерекшелігі оның халықаралық сипатында жатыр. Қазақстандық және кореялық киногерлердің ортақ жұмысы екі халықтың мәдениетін, дүниетанымын және өмір салтын бір фильм аясында көрсетуге мүмкіндік береді.

Кейінгі он жылда Оңтүстік Корея мәдени экспортының арқасында әлемдік ықпалын едәуір арттырды. Netflix платформасындағы корей сериалдары, халықаралық хитке айналған ән топтары және әлемдік кинофестивальдерде жеңіске жеткен фильмдер корей индустриясының қуатын дәлелдеді. Сондықтан Қазақстан үшін мұндай жоба тәжірибе алмасудың да маңызды алаңына айналмақ.

Басты рөлді кімдер сомдайды?

Жобаға екі елдің танымал актерлері қатысады. Әзірге басты рөлді сомдайтын актрисаның есімі белгілі. Ол – қазақстандық танымал актрисалардың бірі Ақерке Назарбекова. Осы мәліметті актриса әлеуметтік желіде жариялап, халықтан сүйінші сұрады. 

Режиссер Алёна Алмаздың айтуынша, фильмге екі елдің өте танымал жұлдыздары қатысады. Бұл жобаға деген қызығушылықты одан әрі арттырып отыр. Әлеуметтік желілерде қазақстандық көрермендер басты рөлге қай кореялық актердің шақырылуы мүмкін екенін қызу талқылап жатыр. Кейбір жанкүйерлер танымал дорама актерлерін болжаса, енді бірі K-pop индустриясының өкілдерін атауда. Алайда авторлар әзірге барлық интриганы сақтап қалуды жөн көрген. 

«Азия ханзадасы» атауының өзі ерекше назар аудартады. Корей шоу-бизнесінде «Азия ханзадасы» деген бейресми мәртебе бірнеше жұлдызға қатысты қолданылып келген. Сондықтан фильм атауы азиялық поп-мәдениетті жақсы білетін аудитория үшін бірден қызығушылық тудырады. Жанкүйерлер Пак Джи Хун, Ким Мин Кю, Ли Джун Ен есімді актерлердің бірі басты рөлге бекітілуі мүмкін екенін болжап отыр. Өйткені интернет кеңістікте ханзада рөлін сомдайтын актердің осы фильмнің түсірілімінен соң отан алдындағы борышын өтейтінін жазған. 

Қос елдің мәдени байланысы

Жобаның тағы бір маңызды тұсы – Қазақстанның туристік әлеуетін таныту мүмкіндігі. Продюсер Сонг Джин Лидің айтуынша, кореялық тараптың Қазақстанды таңдауының негізгі себептерінің бірі – Алматының табиғаты мен елдің ерекше атмосферасы. Соңғы жылдары кино өндірісі туризмнің дамуына елеулі әсер ететін құралға айналды. Мысалы, белгілі бір фильм немесе сериал түсірілген орындар кейін туристер көп келетін нысанға айналатыны жиі кездеседі. Сондықтан «Азия ханзадасы» фильмі Қазақстанның халықаралық имиджіне де оң ықпал етуі ықтимал. 

Бүгінде әлемдік киноиндустрия халықаралық кооперацияға көбірек мән бере бастады. Әртүрлі елдердің мәдениетін біріктіретін жобалар көрермен үшін де қызықты. Қазақстан мен Кореяның ортақ фильмі де осы үрдістің бір көрінісі саналады.

Егер жоба сәтті жүзеге асса, бұл екі ел арасындағы алғашқы және соңғы бірлескен туынды болмайтыны анық. Продюсерлердің өздері де болашақта мұндай жобаларды көбейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Демек, «Азия ханзадасы» тек жаңа фильм ғана емес, Қазақстан мен Корея арасындағы кино саласындағы ұзақмерзімді серіктестіктің бастауы болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз