Бүгiн, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындыларыАстанада «Ақ жол» Демократиялық партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы өтті. Жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы бастамалар, шағын және орта бизнесті қолдау, құрылыс қарқынын арттыру және цифрландыру мәселелері талқыланды.
Форумды партия төрағасы, Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева ашты. Ол партияның алдағы жұмысы мен мәслихат сайлауына дайындық мәселелері жайлы айтты.
Құрылтайдан 8 депутаттық мандат алдық. Бірақ мәселе санда емес. Біз осы құраммен де «Ақ жолдың» нақты жұмыс істейтін партия екенін көрсете аламыз. Бұған дейін де көрсетіп келдік. Бұл жолы да сайлаушылар көтерген мәселені Құрылтай мінберінде айтып, өз ұстанымымызды қорғаймыз, – деді Дәния Еспаева.
Оның айтуынша, партия депутаттары екі айда 12 депутаттық сауал жолдаған. Олардың әрқайсысы кәсіпкерлікті дамытуға және отандық өндірісті қолдауға қатысты.
Биыл баспасөз қызметімізді де қайта жасақтап, барлық өңірлік филиалдарды ақпарат тарату жағынан жетілдірдік. Әр депутаттың жұмысын халық көруі тиіс. Бүгін жақсы жұмыс істеу жеткіліксіз. Сол жұмыстың нәтижесін халыққа дұрыс жеткізу де маңызды. Мәслихатқа 403 депутат ұсынамыз, – деді партия төрағасы.
Құрылтай төрағасының орынбасары Жолдауда айтылған Салық кодексін жетілдіру, цифрландыру қарқынын арттыру, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау сияқты бірқатар бағыттар бойынша партияның ұстанымын жеткізді. Дәния Мәдиқызы Мемлекет басшысының алдағы үш жылға арналған халықтық құрылыс бастамасын қолдайтынын, бұл бастама өңірлердегі инфрақұрылымды жаңартып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтты.
Форум аясында партия депутаттарының, «Ақ жол Арулары» әйелдер қанатының және Жастар кеңесінің жұмысы қорытындыланды. Сонымен қатар алдағы мәслихат сайлауына дайындық талқыланып, бірқатар қатысушыны мемлекеттік наградалармен, «Үздік депутат» төсбелгілерімен және партия төрағасының алғыс хаттарымен марапаттау рәсімі өтті.
Кәсіпкерлерді тексеруге үш жылдық мораторий
Президент Жолдауында шағын және микро бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыру мәселесін Құрылтай депутаттарымен бірге талқылауды тапсырды. Яғни, мораторий әзірге қабылданған шешім емес, талқылауға ұсынылған бастама.
«Ақ жол» Демократиялық партиясы кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды азайту мәселесін бұрыннан көтеріп келеді. Партия төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Қазыбек Иса Президенттің бұл бастамасына тоқталып, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысының Жолдауын кеше халықпен бірге біз де тыңдадық. Оның ішінде кәсіпкерлерді қолдау мәселесі маңызды. Біз бұрыннан кәсіпкерлерді жөн-жосықсыз тексермеу керек деп айтатынбыз. Осы мәселе қайта қолға алынып, үш жылға мораторий жариялау ұсынылды. Шағын және орта кәсіпкерлерді тексермеу олардың дамуына жағдай жасайды, – деді Қазыбек Иса.
Президенттің бастамасы кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған. Алайда мораторийдің нақты шарттары мен қандай тексерулерге қатысты қолданылатыны алдағы талқылаулар барысында айқындалуы тиіс.
«Қазақстан бүкіл құрылыс алаңына айналуы керек»
Қазыбек Иса құрылыс саласын дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, құрылыс қарқынын арттыру экономикалық белсенділікті жандандыруға ықпал етуі мүмкін.
Құрылыс қарқынын күшейтуді Президент Жолдауға дейін де айтқан. Қазақстан бүкіл құрылыс алаңына айналуы керек деді. Әлемде саяси, экономикалық дағдарыс болып жатыр. Құрылыс мәселесі қолға алынса, экономикаға жан бітеді, – деді ол.
Құрылыс саласы тұрғын үймен қамтамасыз етуге ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық құрылыс материалдарын өндіруге және шағын бизнестің дамуына да әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жобаларды іске асыру кезінде отандық өндірушілерді қолдау, құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін сақтау маңызды.
Президент Жолдауында құрылыс саласын цифрландыруға да назар аударылған. Атап айтқанда, ғимараттарды ақпараттық модельдеу технологияларын кеңінен пайдалану және құрылыс жұмыстарының барлық кезеңін есепке алып, жоспарлайтын ұлттық цифрлық платформаны іске қосу міндеті қойылды.
Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд доллардан асты
Президент Жолдауында цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы цифрландыру тек мемлекеттік қызметтерді автоматтандырумен шектелмей, нақты экономикалық нәтиже беруі керектігін атап өтті.
Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов Қазақстанның цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктеріне тоқталды.
Мемлекет басшысы Жолдауында цифрландыру туралы көп айтты. Қазір жасанды интеллект өте тез дамып келе жатыр. Біздің еліміз цифрлық шешімдерді мемлекеттік қызметке енгізуді қолға алды. Бұл – заманның талабы. Цифрландыру тек құжаттарды реттеу емес, аппараттың жұмысын жүйелейтін нәтиже, – деді депутат.
Қазақстанның цифрлық саласындағы экспорт көрсеткіштері де өсіп келеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың қорытындысында отандық IT-қызметтер экспорты 1,142 млрд долларға жеткен. Қазақстандық цифрлық шешімдер әлемнің 110-нан астам елінде қолданылады.
Депутат Екібастұзда деректерді өңдеу орталығын салу жобасына да тоқталды. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткен. 2027 жылы алғашқы дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Жоба Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Президент Жолдауында цифрландыруды экономиканың барлық саласына енгізу, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану және технологиялық инфрақұрылымды дамыту міндеттері қойылды. Ендігі маңызды мәселе – осы бастамалардың нақты нәтижесін қамтамасыз ету.
Осылайша, «Ақ жол» партиясы форумында Жолдауда көтерілген кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс саласын жандандыру және цифрлық шешімдерді дамыту мәселелері негізгі тақырыпқа айналды. Ал бұл бастамалардың нәтижесі олардың іс жүзінде қалай жүзеге асатынына және азаматтар мен бизнеске қаншалықты пайда әкелетініне байланысты.
Бүгiн, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындыларыКеше, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек