Бүгiн, 18:14
АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жарияладыАдам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы екпе әйелдердің болашақта ана атануына кедергі келтірмейді. Керісінше, вакцина алған әйелдерде жүктілік пен босану кезіндегі кейбір асқынулар сирек кездесуі мүмкін. Швеция мен Норвегия ғалымдары 624 мыңнан астам әйелдің медициналық деректерін зерттеп, осындай қорытындыға келді.
Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина – жатыр мойны обырының алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Соған қарамастан, қоғамда бұл екпенің бедеулікке әкелетіні немесе жүктілікке кері әсер ететіні туралы негізсіз пікірлер әлі де кездеседі.
Ғалымдар жаңа зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, мұндай қауіпке қатысты алаңдаушылық негізсіз деп отыр. Керісінше, вакцинация мен жүктіліктің қолайлы өтуі арасында байланыс бар екені анықталған.
624 мың әйелдің деректері зерттелді
Швеция мен Норвегиядан келген халықаралық зерттеушілер тобы 2006-2023 жылдар аралығында тұңғыш баласын дүниеге әкелген 624 мыңнан астам әйелдің медициналық мәліметтерін талдаған.
Мамандар жүктілікке дейін АПВ-ға қарсы төрт валентті вакцинаның кемінде бір дозасын алған әйелдер мен мүлде екпе салдырмағандардың көрсеткіштерін салыстырған.
Беделді The BMJ медициналық журналында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, вакцина алған әйелдер арасында мерзімінен бұрын босану ықтималдығы шамамен 5 пайыз төмен болған.
Ал жүктіліктің 28-31 аптасында болатын өте ерте босану қаупі шамамен 15 пайыз төмендеген.
Сонымен қатар вакцинациядан өткен әйелдерде өздігінен басталатын мерзімінен бұрын босану және ұрықтың өсуінің ауыр тежелуі сияқты асқынулар сирек кездескен.
Ғалымдар екпе салдырған жас та маңызды болуы мүмкін екенін байқаған. Атап айтқанда, 17 жасқа дейін вакцина алған әйелдерде кейбір асқынулар екпені кейінірек салдырғандарға қарағанда аз тіркелген.
Вакцинаның жүктілікке қандай қатысы бар?
Адам папилломасы вирусының көптеген түрі бар. Олардың басым бөлігі ауыр ауру тудырмағанымен, кейбір түрлері қатерлі ісіктің дамуына себеп болуы мүмкін.
Әсіресе АПВ-ның 16 және 18-типтері қауіпті. Олар жатыр мойны обыры жағдайларының елеулі бөлігіне себеп болады. Ал осы вирустың қатерлі түрлерінен қорғайтын вакцина онкологиялық аурудың даму қаупін айтарлықтай азайтады.
Зерттеу авторлары екпенің жүктілік нәтижелерімен байланысын екі ықтимал себеппен түсіндіреді.
Біріншіден, АПВ инфекциясы плацента мен ұрық тіндеріне әсер етіп, қабыну үдерістерін күшейтуі және мерзімінен бұрын босану қаупін арттыруы мүмкін.
Екіншіден, вакцина жатыр мойнындағы обыр алды өзгерістердің алдын алуға көмектеседі. Мұндай өзгерістерді емдеу үшін кейде хирургиялық араласу қажет болады. Ал жатыр мойнына жасалған кейбір операциялар кейінгі жүктіліктерде мерзімінен бұрын босану қаупін арттыруы ықтимал.
Дегенмен мамандар зерттеу нәтижесін біржақты түсіндірмеу керек деп санайды. Бұл – бақылауға негізделген зерттеу. Яғни ғалымдар вакцинация мен жүктілік нәтижелерінің арасындағы байланысты анықтағанымен, асқынулардың азаюына екпенің тікелей әсер еткенін толық дәлелдеген жоқ. Оған өзге факторлар да ықпал етуі мүмкін.
Қазақстанда АПВ-ға қарсы екпе кімдерге салынады?
Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Елімізде вирустың 6, 11, 16 және 18-типтерінен қорғайтын төрт валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады.
Екпе 11 жастағы қыздарға мектептерде немесе тіркелген емханаларда тегін салынады. Сонымен қатар 2026 жылғы 13 мамырдағы бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, 14-17 жас аралығындағы қыздарға да қосымша ерікті вакцинация қарастырылған.
Вакцинация ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі.
Егу курсы алты ай аралықпен салынатын екі дозадан тұрады.
Бұдан бөлек, Қазақстанда 2028 жылдан бастап ұл балаларды да АПВ-ға қарсы тегін вакцинациялау бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр.
Ал 30-70 жас аралығындағы әйелдер тұрғылықты жері бойынша емханаларда жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған тегін скринингтен өте алады.
Мамандар АПВ-ға қарсы вакцинацияны жатыр мойны обырының алдын алудағы маңызды шаралардың бірі деп есептейді. Ал жаңа зерттеу екпенің әйелдердің репродуктивті денсаулығына зиян келтіретіні туралы пікірлерді қолдамай, оның жүктіліктің кейбір нәтижелерімен оң байланысы болуы мүмкін екенін көрсетті.
Бүгiн, 18:14
АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жарияладыКеше, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады12 Қазан, 13:39
Көк тудың артында тұрған тағдыр: Шәкен Ниязбековтің көпшілік біле бермейтін қыры7 Қазан, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?