Аптап ыстықта жұмысқа бармауға бола ма? Министрлік түсіндірді

Аптап ыстықта жұмысқа бармауға бола ма? Министрлік түсіндірді

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда алдағы күндері ауа температурасы +44°C-қа дейін көтеріледі. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілер мен қызметкерлер аптап ыстық кезінде қандай талаптарды сақтауы керектігін түсіндірді.

Қызметкер жұмыстан бас тарта ала ма?

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптар заңнамада, еңбек және ұжымдық шарттарда көзделген.

Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, егер жұмыс барысында қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туындаса, ол жұмысты орындаудан бас тартуға құқылы. Алайда бұл туралы тікелей басшысына немесе жұмыс берушінің өкіліне міндетті түрде хабарлауы қажет.

Фото: El.kz архиві

Ыстықта жұмыс істейтіндерге арнайы үзіліс беріледі

Министрлік ашық аспан астында немесе жылытылмайтын ғимараттарда еңбек ететін азаматтар үшін арнайы талаптар қарастырылғанын еске салды.

Еңбек кодексінің 82-бабына сәйкес, ыстық немесе суық мезгілде сыртта жұмыс істейтіндерге, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарын атқаратын қызметкерлерге салқындауға (немесе жылынуға) және демалуға арналған арнайы үзілістер беріледі.

Бұл үзілістер жұмыс уақытына енгізіледі. Сонымен қатар жұмыс беруші қызметкерлердің демалып, салқындайтын арнайы орындарын жабдықтауға міндетті.

Жұмыс кестесін өзгертуге бола ма?

Министрлік жұмыс уақытын ұйымдастыру тәртібі еңбек заңнамасына, сондай-ақ еңбек және ұжымдық шарттарға сәйкес белгіленетінін атап өтті.

Егер жұмыс беруші ұжымдық шартта көзделген талаптарды, оның ішінде аптап ыстықтағы еңбек жағдайына қатысты міндеттемелерді орындамаса, мемлекеттік еңбек инспекторы заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріп, жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тарта алады.

Фото: El.kz архиві

Қашықтан жұмыс істеуге көшу мүмкін бе?

Ведомствоның түсіндіруінше, қызметкер мен жұмыс берушінің өзара келісімі бойынша қашықтан немесе аралас жұмыс форматын белгілеуге болады.

Қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлер үшін де жұмыс уақытының есебі сақталады. Ал жұмыс уақытында қызметкер жұмыс берушімен тұрақты байланыста болуы тиіс.

Сонымен қатар Еңбек кодексі икемді жұмыс уақытын белгілеуге мүмкіндік береді. Мұндай режим қызметкерлердің жеке қажеттіліктері мен жұмыс берушінің мүддесін үйлестіруге бағытталған. Бұл ретте есептік кезең алты айдан аспауы тиіс.

Алда тағы да аптап ыстық күтіледі

Синоптиктердің болжамынша, жаңбыр мен уақытша салқындаудан кейін Қазақстанның бірқатар өңірінде 28–30 шілде аралығында ауа температурасы +44°C-қа дейін көтеріледі. Осыған байланысты министрлік жұмыс берушілерді еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, ал қызметкерлерді өз құқықтарын білуге шақырды.

Оқи отырыңыз

{