Жаңалықтар

Apple өнімдері қымбаттайды: Тим Кук себебін түсіндірді

19.06.2026 16:20
Мадина Асылбекова
Фото: Justin Sullivan / Getty Images

Apple компаниясы жад модульдерінің жаһандық тапшылығы салдарынан iPhone, iPad және Mac құрылғыларының бағасын көтеруі мүмкін. Бұл туралы компанияның бас директоры Тим Кук The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Apple осы уақытқа дейін бөлшектердің қымбаттауынан туындаған шығындарды өз есебінен өтеп, бағаның өсуін тұтынушыларға барынша сездірмеуге тырысқан. Алайда қазіргі жағдайда бұл саясатты жалғастыру қиындай түскен.

Біз жеткізушілердің бағаны күрт көтеруінен туындаған салдарды барынша жұмсартуға және клиенттерімізді қорғауға тырыстық. Бірақ жағдай тұрақсыз болып бастады, – деді Тим Кук.

Компания басшысы нақты қай құрылғылардың бағасы қымбаттайтынын және бұл өзгерістердің қашан күшіне енетінін әзірге нақтылаған жоқ. Дегенмен Apple соңғы айларда кейбір өнімдерінің конфигурациясын өзгерте бастаған. Мәселен, наурыз айында компания 512 ГБ жедел жадысы бар Mac Studio моделінің сатылымын тоқтатты. Кейінірек қолжетімді нұсқадан бас тартқаннан кейін Mac mini компьютерінің бастапқы бағасы 599 доллардан 799 долларға дейін көтерілді.

Сарапшылардың пікірінше, жад тапшылығының негізгі себебі – жасанды интеллект жүйелерін дамытатын компаниялар тарапынан сұраныстың күрт артуы. Өндірушілер өндіріс көлемін қажетті деңгейде ұлғайтып үлгермегендіктен, жедел жады мен деректер сақтау құрылғылары қымбаттап жатыр. Бұл өз кезегінде ноутбуктер, ойын консольдері және басқа да электрондық техникалардың бағасына әсер етуде.

Тұтынушылар жаңа құрылғылар сатып алуға дайын тұрған сәтте ұсыныс көлемі азайып барады. Ал жад өндірушілері шығынның негізгі бөлігін бізге жүктеуде. Сондықтан жад бағасы мен жеткізілім көлемі қайтадан тұтынушылық электроника нарығы үшін қолайлы деңгейге оралуы қажет, – деді Apple басшысы.

Жыл соңына қарай Apple жаңа буындағы смартфондарын таныстыруды жоспарлап отыр. The Wall Street Journal басылымының болжамынша, жаңа iPhone 18 Pro моделінің бағасы 1299 долларға дейін жетуі мүмкін. Салыстырмалы түрде алғанда, қазіргі iPhone 17 Pro смартфонының құны 1099 долларды құрайды.

Айта кетейік, Apple әзірге жаңа құрылғылардың ресми бағасын жариялаған жоқ. Алайда жад нарығындағы жағдай өзгермесе, компания өнімдерінің бағасы жақын уақытта қымбаттауы ықтимал.

Оқи отырыңыз