Жаңалықтар

Anthropic феномені: OpenAI-ды басып озған компания туралы не білеміз?

01.06.2026 10:15
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Жасанды интеллект саласындағы бәсеке жаңа кезеңге өтті. Claude чат-ботын әзірлеген Anthropic компаниясы 65 миллиард доллар инвестиция тартып, нарықтық құнын 965 миллиард долларға жеткізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Осылайша ол ChatGPT жасаушы OpenAI-ды басып озып, әлемдегі ең қымбат ІІ-стартапқа айналды. Бір қызығы, бұл компанияның инвесторлары қатарында Қазақстан да бар. Бұл туралы Еuronews жазды.

Anthropic небәрі бес жыл бұрын құрылған. Компанияны OpenAI-дың бұрынғы қызметкерлері негізін қалаған. Бүгінде оның Claude атты жасанды интеллект жүйесі бағдарламалау, құжат әзірлеу, дерек талдау және түрлі кәсіби міндеттерді орындауда кеңінен қолданылып келеді.

Компанияның мәліметінше, қазіргі таңда оның жылдық табысы 47 миллиард долларға жеткен. Бұл көрсеткіш Anthropic өнімдеріне сұраныстың өте жоғары екенін көрсетеді. Кей кездері компания пайдаланушылар ағынының көптігінен қызмет көрсетуге уақытша шектеу енгізуге де мәжбүр болған.

Қазақстан да Anthropic инвесторларының қатарында

2025 жылдың соңында Қазақстан Ұлттық банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы Anthropic-тің Series F инвестициялық кезеңіне қатысып, 25 миллион доллар инвестиция құйды. Ол кезде компанияның бағасы шамамен 183 миллиард доллар болған. Кейін бірнеше ай ішінде Anthropic құны бірнеше есе өсіп, жүздеген миллиард долларға жетті.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл қадамды қысқа мерзімді пайда табу емес, болашақ экономикасын қалыптастыратын технологияларға қатысу стратегиясы деп атаған. Сарапшылар мұны Қазақстанның әлемдік технологиялық компаниялардың капиталына алғаш рет тікелей қатысуының маңызды мысалы ретінде бағалап отыр.

Жасанды интеллект үшін күрес

Қазір Anthropic пен OpenAI арасындағы бәсеке қыза түскен. OpenAI жасанды интеллектіні миллиондаған адамның күнделікті құралына айналдырса, Anthropic қауіпсіздік пен корпоративтік секторға арналған шешімдерге басымдық беріп келеді.

Жуырда компания Claude Opus 4.8 атты жаңа моделін таныстырды. Сонымен қатар көпшілікке әлі қолжетімсіз Mythos деп аталатын аса қуатты жүйесін әзірлеп жатыр. Бұл модельдің мүмкіндіктері АҚШ билігінің де назарын аударған. Компания Ақ үймен киберқауіпсіздікке қатысты келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Ватиканның ескертуі

Жасанды интеллект төңірегіндегі талқылауға Ватикан да араласты. Рим Папасы Лев XIV жуырда жариялаған алғашқы энцикликасында технологиялық алпауыттардың қолында билік пен деректердің шектен тыс шоғырлануы қауіпті екенін атап өтті.

«Magnifica Humanitas» («Ұлы адамзат») деп аталатын құжатта жасанды интеллект ең алдымен қоғам игілігі үшін қызмет етуі керек екені айтылған. Папа ІІ әзірлеушілерін тек пайда табуды емес, адамзаттың мүддесін ойлауға шақырды.

Нарықтағы құны тұрақты ма?

Anthropic, OpenAI және Илон Масктың xAI жобасы қазір әлемдегі ең қымбат технологиялық компаниялардың қатарына енді. Алайда сарапшылардың бір бөлігі бұл өсімнің тым жылдам екенін айтып, жасанды интеллект нарығында «жасанды өсім» қалыптасуы мүмкін деген болжам жасауда.

Соған қарамастан, қазіргі жағдай бір нәрсені анық көрсетті: жасанды интеллект енді жай технологиялық тренд емес. Ол мемлекеттер, инвесторлар және ірі корпорациялар арасындағы жаңа стратегиялық бәсекенің негізгі алаңына айналып отыр.

Оқи отырыңыз