478.58
520.84
5.44

"Аңсаған сəби" бағдарламасының көмегімен 7 мың бала дүниеге келді

1 Маусым, 14:02 699

Бүгін халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Экомед» орталығында «Аңсаған сəби» бағдарламасының көмегімен ата-ана атанған отбасылар мен 100-ден астам кішкентай бүлдіршіндердің қатысуымен фестиваль өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Фестивальдің негізгі ұйымдастырушыларының бірі – «Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобы. «Экомед» орталығы «Аңсаған сəби» квотасы бойынша үш жыл аралығында жалпы саны 6 554 квотаны игерді. 3 540 емделуші жүктілік бойынша есепке тұрса, 2 487 сəби дүниеге келген. 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аталмыш фестивальге қатысып, орталықты аралап, тынысымен танысты. Министр еліміз егемендік алғалы 30 мыңнан астам сәби эко арқылы дүниеге келгенін атап өтті. 

“Әр ата-ана үшін сәби сүю, дүниеге алып келген перзентін көру ең үлкен бақыт деп білемін. Осындай бақытты сыйлап жатқан дәрігерлерге алғыс айтамыз. Ата-аналар 7-10 жылдап осы кезекті күтетін еді. Өзіміз де жергілікті жерде жұмыс істегенде көріп жүрдік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы квоталардың саны жеті есе көбейді”, - деді денсаулық сақтау министрі. 

Сондай-ақ Әлназарова бүгінгі күні 7 мың квота Үкімет тарапынан мұқтаж азаматтарға берілгенін жеткізді.

“Соңғы үш жылдың ішінде 7 мыңнан астам бала “Аңсаған сәби” мемлекеттік бағдарламасымен дүние есігін ашты. Сондықтан бүгінгі күні квотаны қосымша көбейту мәселесін біз қарастырып жатқан жоқпыз. Себебі бұл квота жылына жеткілікті деп есептейміз”, - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

«Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобының ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарованың сөзінше, «Аңсаған сəби» бағдарламасының іске қосылғанына биыл төртінші жыл. 

“Соңғы үш жылдың ішінде 21 мың квота беріліп, оны орындауға 19  клиника жұмылдырылса, биылғы жылы 17 клиника атсалысып жатыр. Мұндай бағдарлама керек. Өйткені елімізде әрбір бесінші отбасында бедеулік бар”, - деді Салтанат Байқошқарова. 

Сонымен қатар, «Экомед Астана» орталығы танымал тележурналист Лəйлə Сұлтанқызы құрылтайшысы болған «Mariyam» қайырымдылық қорымен тығыз серіктестік байланыста. Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, қорға көмектесетіндердің 80 пайызы іскер азаматтар мен өзінің құрбылары екенін айтты.

“Менің қорыс “Аңсаған сәби” бағдарламасына қатыса алмайтын отбасыларды қолдауға арналған. Олар өте көп. 30-ға жуық отбасылық жұпқа тегін ЭКҰ емшарасы жасалды. Бүгінде жоба аясында 9 cəби дүниеге келді, 12 келіншектің аяғы ауыр, 8 жұп кезекті эмбрион тасымалына дайындық үстінде”, - деді тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы. 

Аталған бағдарламаға қатысып, бүгінде сәбилі болған Астана қаласының тұрғыны Ләйлә Елеусіз ойымен бөлісті.

“Экомед-қа мен 2018 жылы келдім. Ол кезде мемлекеттік бағдарламаның көмегімен квота арқылы келіп қызды болдым. Қызым қазір 5 жасқа толды. Одан кейінгі ұлым міне, кішкентай өсіп келеді. Оқу-жұмыс деп жүріп кеш тұрмысқа шыққан соң үш жылдай сәбилі бола алмай жүрдік. Сол уақытта осы бағдарламаның шығып жатқан болатын. Келіп бағымызды сынап көрдік. Соның арқасында балалы болып отырмыз”, - деді қала тұрғыны.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: